7 мамыр... Не сыйлаймын?

Көптен күткен 7 мамыр да келіп жетті. Әкеңізге, жігітіңізге, досыңызға не сыйларыңызды білмей, біраз ойланған боларсыз? Әлбетте, санаулы аксессуарды қанағат тұтатын жігіттер қауымын таңғалдыру қиын-ақ. Дегенмен біздің 8 наурызда әлдебір тосын сый күткеніміз сияқты, олардың да ерекше көңіл мен сыйлық тосатыны сөзсіз. Тіпті, жігіттер мына жерде өз наздарын айтып қалған болатын. 

Иә, барахолканың галстугын сыйлайсыңдар деп ренжулері орынды-ақ. Бұл көбінде қалтаның ғана емес, идеяның да жетіспеушілігінен болып жатады. Сол себептен, бүгін жан-жақты қамтып, алдарыңызға сыйлық тізбегін жайып салғанды жөн көрдім. 

Қыздар, сыйлық алуға аттанбас бұрын, мына кеңестерді бір шолып шығу артық болмас. 

Ең алдымен әлбетте, жігіттің қызығушылығын ескеріңіз. 

Сыйлықтың көшбасшысы – кітап. Ол қай ғасырда болмасын, қызықты, пайдалы сыйлық болып қала бермек. Сүйіктіңіз үшін махаббат туралы кітаптар таптырмас сыйлық болмақ. 

Бүгінде техниканы пайдаланбайтын адам жоқтың қасы. Компьютер болсын, ұялы телефон болсын, бәріміздің серігімізге айналып кетті. Жігіттерге техно сыйлықтар ұнайтынына сенімдімін. Олар: тышқан, құлаққап, веб-камера, ноутбукқа, планшетке арналған сөмке (суреттегідей), Blu Ray, DVD плеер, электронды кітап, телефон, фотоаппарат, видеокамера т.б.

Спорттық құралдар сыйлауға да болады. Олар: доп, спорт сөмкесі, шлем, велосипед, гантель т.б. Сүйікті футбол командасының аты жазылған жейде керемет сыйлық болмақ. 

Жігіттердің аксессуарлары әдеттегі сыйлық болса да, оларға қуаныш сыйлайтыны анық. Көйлек, сағат, әмиян, белдік, көзілдірік т.б. сыйлауыңызға болады. 

Үйде не мейрамханада романтикалық кешкі ас ұйымдастыруға болады. Парашюттан секіру, атпен серуендеу сияқты ерекше сыйлықтар оның есінде қалары сөзсіз. 

Жігіттің темір тұлпары болса, машинаның бұйымдарын сыйға тартсаңыз жарасады. Сондай-ақ жігітке қолдан сыйлық жасап беруге болады.  Камуфляж бұйымдары бұл мерекеде таптырмас сыйлық болмақ. 

Мынадай естелік сыйлықтарға қалай қарайсыз?

Бүгін – еліміздегі бар азаматтың мерекесі. Осы мерекеде жанына жақын азаматтарды қуанту да, мұңайту да нәзік жандылардың қолында. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін есте қаларлықтай етіп өткізулеріңізге тілектеспіз!

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: fafka.ru, ru.aliexpress.com, kiev.ko.slando.ua, buro.ru, 

akak.ru, 320-8080.ru