Сұңғыла тамыры оңтүстік өңірді қарық қылуда

Сұңғыла тамыры оңтүстік өңірді қарық қылуда

Оңтүстік өңірде сұңғыла өсімдігінің тамыры жергілікті халықтың қалтасын қампайтуда.

Нақтырақ айтсақ, Бетпақдала мен Мойынқұм құмында көктем мезгілінде өсетін өсімдіктің 1 келісін жергілікті жұрт 110 теңге бағамен өткізіп жатыр.

Халықтың айтуынша, бұл өсімдіктің тамырын Қытайдан келген азаматтар сатып алып, кейін оны өзімізге дәрі етіп сатады екен. Сұңғыла – Қытай, Тибет медицинасында бауыр ауруларын емдеуге таптырмас дәрілік шөп. Қауын арасында өсетін арамшөпті сұңғыла деп атайды. Бірақ сұңғыла – қауынсыз да өзіне қолайлы жерлерде өз бетінше өсе беретін өсімдік. Ол өзі өсіп тұрған жердегі жемістерді, көкөністерді дәмсіздендіріп тастайды. Себебі өсімдіктердің бар нәрін өз бойына жинап алады. Сұңғыла аталуы да сондықтан.

2006 жылы бұл өсімдіктің тамыры 15 теңгеге бағаланған екен.

Сұңғыла өсімдігінің тамырын сатудың үш бірдей пайдасы бары анықталған:

Біріншіден, дәрілік құралдарды шығарып, түрлі ауруларға ұшыраған адамдарға көмек.

Екіншіден, танаптарда өсетін жабайы өсімдіктер қатарында біздің айтып отырған сұңғыла шөбі де бар болғандықтан және 40-30 жылда бір тұқымдайтын сексеуіл ағашының тамырындағы нәрмен қоректенетіндіктен, оның жаппай қазылып алынуы жергілікті алқапқа пайда әкеліп отыр.

Үшіншіден, белгілі жәй – жергілікті халық бұл өсімдіктің тамырын қазып алып, тиісті орындарға апарып сату арқылы пайда табады. Шамамен есептегенде, ересек адам күніне 50 келіден астам тамыр қазып ала алады-мыс.     

Аптап ыстықта бүр жарып тұрған гүлге таңғалмаңыз, себебі шөл даланың берік ағашы сексеуілдің тереңге кетіп, құм суынан нәр алып жатқан тамырына сұңғыланың тамыры жармасып, нәр сорады. Сондықтан да өсімдіктің дәл осылай құлпыра алатын қасиеті бар.

Борпылдақ құмнан оның тамырын қазып алу аса қиындық тудырмайды. Тек тамырын бүлдіріп алмасаңыз болды, өйткені орта жолда кесілген тамырды құм ішінен қайта тауып қазу уақытыңыз бен артық күшіңізді талап ететін болады. 

1-2 метрге дейін тереңге бойлаған тамыр қолыңызға тигенде, салқындық сезіледі, ал тамыр бойын қысып қалсаңыз, су дымқылдығын сезесіз.

Арнайы репортажымыз үшін қазылған бір келіге жуық тамыр жол бойында қап ішін сулады. 

Әдемі гүлдердің жол үстінде осылай шашылып жатқаны аянышты болса да, жоғарыда аталған үш пайда ойымызды бәсеңдетті.

Дайындаған және суретке түсірген: Ардақ Құлтай

А. Құлтай