Франциядан Қазақстанға жаяу келген Томас

Франциядан Қазақстанға жаяу келген Томас

32 жастағы француздық саяхатшы Томас Гилмин Қазақстанға жаяу келді. Бүкіл Еуропа мен Орталық Азияны шыр айналған ол Алматы қаласына табан тіреді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Томас дәл осылай алпыс елге қонақ болуды жоспарлап отыр. Ол үшін оған шамамен 5 жыл уақыт қажет болады екен. Саяхатшының айтуынша, ол күніне 8 еуродан артық ақша жұмсамайды. Гилмин, сонымен қатар, бұндай жаяу жүрістің салдарынан еш қорықпайтындығын айтты. Ол жер бетінің кез келген бұрышында қонатын орын тауып беріп, тамақтандыратын қонақжай, мейірімді адамдардың бар екендігіне сенеді екен. Айта кетелік, Қазақстан Томастың қонақ болып отырған 29-елі. 

"Менің сапарым екі жыл бұрын басталды. Ешқандай ұшақ, автобус, жеңіл көлік дегендерді пайдаланған жоқпын. Мен үйде отыра алмаймын. Не істерімді білмей дал боламын. Жаңа адамдармен, халықтардың бұрын білмеген мәдениеттерімен танысқым келеді. Қазақстанда маған өте қызық. Ары қарай мемлекеттің солтүстігіне жол тартамын. Ол жақ әдемі дейді ғой", - деді Томас Гилмин журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетелік, әлемдік саяхатты жаны сүйетін, әрі соны қолға алған адамдар планетамызда өте көп.

Мәселен, Қазақстанға бұған дейін жарты жылда әлемнің жартысын айналып шығуды мақсат қылған австралиялық саяхатшы Джулиан Кэюби келген еді. Сахатшының рюкзагында қалам, блокнот, фотоаппарат, карта, велосипедін жөндеуге арналған отвертка ғана болды. Ол жолының бір бөлігін велосипеді арқылы жүріп өтіп, қалған бөлікті автостоп арқылы бағындырған.

Бұдан басқа "Каспийге ырғу. Развал көлі - Басқыншақ көлі" экспедициясының аясында Атырау қаласына орыс саяхатшысы, әрі жазушысы, әрі суретшісі, әрі дін қызметшісі Федор Конюхов қонақ болған еді. 61 жастағы Федор әкей осы уақытқа дейін жер бетін мұхит арқылы 6 рет айналып шыққан. Ол, сонымен қатар, 17 рет Атлант мұхитын қиып өтіп, жердің екі полюсына да аяқ басып, бірнеше тау шыңын бағындырған. Конюхов осы экспедициялардың көпшілігін жалғыз өзі іске асырыпты. Ал бұл саяхаттардың нәтижесі - сансыз картиналар мен 9 кітап.

Үстіміздегі 2013 жылдың басында 68 жастағы Ранульф Файнстың да жарты жылға созылатын "суық саяхатын" бастағандығын да айта кетейік. 6 адамнан тұратын Файнстың командасы сапарын Кейптауннан бастады. Олар осылайша 4 000 шақырым жол жүріп, мұзды континентті бағындыруды жоспарлаған еді. Бір қызығы материкті бағындырғаннан кейін саяхатшыларға сол аймақта біршама уақыт өмір сүруге тура келеді. Олар осылайша оңтүстікафрикалық "Агулас" полярлық кемесін күтетін болады. Жоспар бойынша, Файнстың командасы Антарктикада 2014 жылдың қаңтарына дейін тірлік қылмақ.

Ал жетпіс төрт жастағы неміс саяхатшысы Гюнтер Хольторфтың жиырма жылдан бері өзінің Mercedes-Benz Gelandewagen автокөлігімен саяхат жасап келе жатқандығы өз алдына бөлек әңгіме.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: visitdominicanrepublic.ru


Massaget