Бір апатта 300 мыңнан астам құрбан. XXI ғасырдағы ең ірі жер сілкіністері

Бір апатта 300 мыңнан астам құрбан. XXI ғасырдағы ең ірі жер сілкіністері
Фото: asiasociety.org

Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісі салдарынан 40 мыңнан астам адамның қаза болуы әлемді дүр сілкіндірді. Құрбандар саны артып келеді. Өкінішке қарай, адамзат талай рет жер сілкінісінен зардап шекті және соның салдарынан миллиондаған адам қайтыс болды.

© bykvu.com

Үндістан 2001 жыл, қаза тапқандар саны – 20 мыңнан астам

2001 жылы 26 қаңтарда сағат 03:16-да Үндістанның оңтүстік-шығысындағы Гуджарат штатында 7,6 балдық жер сілкінісі болды. Эрости толқындары Үндістанда ғана емес, көршілес Непал, Пәкістан, Қытай сияқты елдерде де сезілді.

Түрлі мәліметтер бойынша, жер сілкінісі 13800-ден 20000-ға дейін адамның өмірін жалмап, 170 000 адам жарақат алған. Бұл жер сілкінісі елдегі кейінгі 50 жылдағы ең күшті апат деп танылды.

© AFP

Иран 2003 жыл, қаза тапқандар саны – 35 мыңға жуық

2003 жылы 26 желтоқсанда таңғы сағат 01:26-да 6,6 балдық жер сілкінісі Иранның оңтүстік-шығысындағы Керман провинциясының Бам қаласын толығымен қиратты. Ресми деректерге қарағанда, табиғи апат салдарынан 35 мыңнан аса адам қаза тауып (Иран ДС минстірлігі 70 мың адам қаза тапқанын мәлімдеген), 22 мыңнан астам адам жарақат алған. Жер сілкінісінің салдарын жоюға 44 елдің өкілдері қатысты.

© AFP

Индонезия 2004 жыл, қаза тапқандар саны – 230 мыңнан астам

2004 жылы 26 желтоқсанда сағат 00:58-де болған жер сілкінісі жаңа ғасырдағы ең жойқын табиғи апат болды. Үнді мұхитында, Суматра аралынан 160 км қашықтықта және оның эпицентрінде 30 км тереңдікте 9,1-9,3 жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің өзі де, одан туындаған цунами де күшті болғаны сонша, нәтижесінде толқындар биіктігі 10 метрге дейін көтерілді.

1200 км қашықтықтағы тектоникалық тақталар ығысқан. Апат салдарынан Индонезия, Таиланд, Шри-Ланка, Үндістан сияқты 14 мемлекет және 2,2 миллион адам зардап шекті. Қаза тапқандар саны туралы әртүрлі мәліметтер бар. Алайда 225 мыңнан 300 мыңға дейін адам қайтыс болғаны расталды. Бұл жер сілкінісі Таиландқа 5 миллиард доллар, Индонезияға 4,5 миллиард доллар, Үндістанға 1,6 миллиард доллар, Мальдив аралдарына 1,3 миллиард доллар экономикалық шығын әкелді.

© AP Photo/B.K.Bangash

Пәкістан 2005 жыл, қаза тапқандар саны – 85 мыңнан астам

2005 жылы 8 қазанда таңғы 3 сағат 50 минутта Оңтүстік Азияның бірқатар елдерінде – Пәкістанда, Үндістанда және Ауғанстанда қатты жер сілкінісі болды. Оның ошағы Пәкістан астанасы Исламабадтан 105 шақырым жерде орналасқандықтан, ең көп зардап шеккен осы елдің халқы. 7,6 балдық жер сілкінісі салдарынан 85 мыңнан астам адам қаза тауып, 69 мыңнан астам адам жарақат алды. 32 мыңнан астам ғимарат қирады.

Бұл жер сілкінісінен Үндістанда 1350 адам қаза тауып, 6266 адам жарақат алды. 4 миллион адам баспанасыз қалды.

Пәкістан үкіметі бұл апаттан келген экономикалық шығынды 5-12 миллиард долларға бағалады. Жер сілкінісі Оңтүстік Азиядағы кейінг 100 жылдағы ең ірі апат деп танылды. Нәтижесінде 100 шақырымнан астам жарықтар пайда болды.

© meteovesti

 Қытай 2008 жыл, қаза тапқандар саны – 87 587 

2008 жылы 12 мамырда таңғы сағат 6:28-де Қытайдың Сычуань провинциясында 7,9 балдық жер сілкінісі болды. Толқынның күшті болғаны сонша, ол 1500 шақырым қашықтықтағы Бейжіңде және 1700 шақырым қашықтықтағы Шанхайда сезілді. Сонымен қатар, жер сілкінісі Үндістан, Пәкістан, Таиланд, Вьетнам, Бангладеш, Непал, Моңғолия және Ресей жерін де қамтыды.

Салдарынан 87 587 адам қайтыс болды, 370 000-нан астам адам жарақат алды. 15 миллионнан астам адам үйлерінен көшірілді, оннан астам өңірде тұратын 45 миллионнан астам адам зардап шекті. 5,36 миллион ғимарат қирап, 21 миллионнан астамы зақымданған. Жалпы экономикалық шығын 86 миллиард долларға бағаланды.

© AP/ТАСС

Гаити 2010 жыл, қаза тапқандар саны – 222 570

2010 жылы 12 қаңтарда сағат 21:53-те Гаити астанасы Порт-о-Пренс қаласынан 25 км қашықтықта және 13 км тереңдікте (7 балл) жер сілкінді. Бұл тарихтағы ең көп адам қаза тапқан апаттардың бірі болды. Өйткені кедей ел Гаитиде халық өте тығыз орналасқан және сапасыз баспаналарда өмір сүрді. Әртүрлі бағалаулар бойынша 200 мыңнан астам адам қаза тапты. 300 мыңнан астам гаитилік зардап шекті, 1,3 миллион адам баспанасыз қалды. 97 000 жылжымайтын мүлік қирап, 188 000 ғимарат, соның ішінде президент резиденциясы қатты зақымданды, ел астанасы Порт-о-Пренс қирандыға айналды. Жер сілкінісі сонымен қатар экономикалық проблемалардың құйынында тұрған Гаитиге 8 миллиард долларға жуық шығын әкелді.

© Mark Baker/AP

Жапония 2011 жыл, қаза тапқандар саны – 19 747

2011 жылы 11 наурызда таңғы сағат 5:46-да Жапонияның солтүстік-шығысында болған жер сілкінісі шынымен де қорқынышты еді. 9 балдық жер сілкінісінің ошағы Сендай портынан 130 шақырым жерде, Тынық мұхитының 10 шақырым тереңдігінде орналасқан, сонымен қатар ол күшті цунами тудырған. Құрбандар санының аз болуының себебі жапон халқының жер сілкінісінен мол тәжірибесі бар және ғимараттар өте төзімді.

© AFP

Непал 2015 жыл, қаза тапқандар саны – 8699

2015 жылдың 25 сәуірінде таңғы 05:54-те Непалдың орталық бөлігінде магнитудасы 7,9 болатын жер сілкінісі болды. 8964 адам қаза тауып, 17,5 мыңнан астам адам жарақат алды. 500 мыңнан астам тұрғын үй қирап, кем дегенде 269 мың ғимарат зақымданған. Эверестте жер сілкінісі салдарынан қар көшкіні жүріп, 24 альпинист қаза тапты. Катмандуда 1824-1832 жылдар аралығында салынған Дхарахараның тарихи бақылау мұнарасы құлады. Жерасты дүмпулері Үндістан астанасы мен оның шығыс, солтүстік және солтүстік-шығыс штаттарында (60-тан астам адам қаза тауып, 250-ден астам адам жарақат алды), Мьянма мен Бангладеште де сезілді.

Т. Раушанұлы