Тарихтағы ең қатыгез психологиялық 5 эксперимент

Тарихтағы ең қатыгез психологиялық 5 эксперимент

1971 жылы АҚШ-та адамдардың мейірімсіз жауыздығын әшкерелеген психологиялық эксперимент жүргізілді. Стэнфорд университетінің үй-жайларының бірінде бірнеше камерадан тұратын түрменің көшірмесі салынды. 24 студенттен тұратын топ "күзетшілер" және "тұтқындар" болып екіге бөлінді – студенттер алғашында не істерін білмей, кейін өз рөлдеріне үйреніп кетті. Екінші күні-ақ "тұтқындар" бүлік шығарды, бірақ оларға билік еткен "сақшылар"  тез және өте қатал түрде басып тастады. Осыдан кейін "сақшылар" достарына нағыз қылмыскердей қарап, тіпті ұрып-соғуға дейін барған. Эксперимент екі аптаға созылуы керек еді, бірақ күтпеген қатыгездіктің салдарынан алтыншы күні аяқталды. ХХ ғасырда ғалымдар басқа да қатыгез эксперименттер өткізді.

Стэнфорд университетінің студенттері

Балаларға жасалған қорқынышты эксперимент

1939 жылы зерттеуші Мэри Тюдор және оның әріптестері Дэвенпорттағы (АҚШ) балалар үйінің тәрбиеленушілеріне психологиялық жарақат түсірді. Зерттеудің бір бөлігі ретінде олар бөгде адамдардың құндылық пайымдаулары балалардың сөйлеу қабілетіне шынымен әсер ете алатынын тексергісі келді.

Уэнделл Джонсон және Мэри Тюдор

Экспериментке 22 бала қатысты. Олар екі топқа бөлінді – бір бөлігін әрбір әрекеті үшін мақтаса, екінші топты үнемі сынға алды. Қатал сын шын мәнінде дені сау балаларда да сөйлеу ақауларын тудыруы мүмкін екенін көрсетті.

Эксперимент соңында көптеген балалар ауыр психологиялық жарақат алды және кейіннен сөйлеуге ұялды.

Кейіннен Мэри Тюдор балалардың сауығуына көмектесу үшін балалар үйіне бірнеше рет барды. Бірақ жарақат оларда өмір бойы қалды, тіпті Айова штатынан 925 мың доллар көлемінде өтемақы төлеу балаларға  жаңа өмір бастауға көмектесе алмады.

 "Кішкентай Альберт" эксперименті

1919 жылдың аяғында Джонс Хопкинс университетінің аумағында баланың психикасына тағы бір қатыгез эксперимент жүргізілді. Америкалық психолог Джон Уотсон жасанды әдістермен балада фобияны дамытуға болатын-болмайтынын тексеруге шешім қабылдады.

Кішкентай Альберт қояннан қорқады

Сынаққа 9 айлық бала Альберт таңдалды. Психолог оған екі ай бойы егеуқұйрықты, қоянды, Аяз атаның маскасын және тағы басқа заттарды көрсетті. Бала жан-жануарлар мен заттарға қараған кезде, дәрігер темірді балғамен қатты ұрып дыбыс шығаратын. Сәби әр кезде қатты қорқып кететін.

Ақырында Альберт экспериментте қолданылған барлық жануарлар мен заттарға фобияны дамытты. Оның кейінгі тағдыры белгісіз.

Лэндис тәжірибесі

1924 жылы психолог Карин Лэндис эксперимент ретінде өз студенттерінің көмегімен адамның мимикасын зерттеді. Әртүрлі эмоцияларды түсіру үшін ол джаз тыңдауға, аммиакты иіскеуге, қолдарын тірі бақалар салынған контейнерге батыруға және т.б. үгіттеді. Жалпы, студенттер экспериментке қарсы болған жоқ, өйткені мұның бәрі ғылым үшін жасалды.

Алайда белгілі бір уақытта психолог олардан тірі егеуқұйрықтардың басын кесуді сұрады. Студенттердің көпшілігі мұны істеуге келісті, бірақ бұл процесс қорқынышты және олардың психикасында із қалдырды.

Ақырында, ғалым адамның мимикасы туралы бірде-бір қызықты қорытынды жасай алмады. Бірақ ол жануарларға қатыгездік жасағаны үшін өте қатал сынға ұшырады. Сонымен қатар, эксперимент барысында адамдар өздерінің қағидаларынан асып түсіп, беделді адамның ықпалымен өздері ешқашан жасамайтын әрекеттерге баруы мүмкін екені белгілі болды.

Дэвид Реймерге эксперимент

1965 жылы Канадада Дэвид Реймер есімді бала дүниеге келді, оның жыныс мүшесін 8 айлығында алып тастайды.  Бұл қажеттілік сәтсіз сүндеттелуге байланысты туындады.

Операциядан кейін психолог Джон Мони ата-аналарға ұлын қыз етіп тәрбиелеуге кеңес берді. Олар оның кеңесіне құлақ асып, баланы – Бренда деп атады. Басында бәрі жақсы болды, бірақ 8 жасында бала өзін ұл сияқты ұстай бастады, оның денесі де әйелге ұқсамайтын. Ол жасөспірім кезінде, әйелдің жасанды мүшесін орнату үшін ота жасатты.  Содан кейін ата-анасы оған бар шындықты айтты.

Ересек Дэвид Реймер

Бренда өзінің шын мәнінде Дэвид есімді бала екенін түсініп ер адам ретінде өмір сүруге шешім қабылдады. Ол содан кейін гормондық терапиядан өтуге және өзінің негізгі жыныстық сипаттамаларын қалпына келтіруге шешім қабылдады. Бәрі ойдағыдай өтіп, сауығып кеткен Дэвид Реймер тіпті үйленіп, үш баланы асырап алды.

Маймылдарға жасалған қатыгез эксперименттер

1960 жылдары зерттеуші Гарри Харлоу маймылдардың санасына ерекше қатыгез эксперименттер жүргізді. Бүгінде «Үмітсіздік көзі» атанған ғылыми жұмыс аясында жаңа туған маймылдарды анасынан ажыратып, мінез-құлқын бақылаған. Зерттеуші кішкентай маймылдар уақыт өте келе едендегі түкті орамалды құшақтай бастағанын және оны бергісі келмейтінін байқады. Осыдан кейін ол қуыршақтарды маймылдар түрінде тігіп, оларды торға салуды шешті. Маймыл балалары "суррогат" аналарды құшақтай бастады, сондықтан ғалым анамен тығыз физикалық байланыс балалар үшін өмірлік маңызды деген қорытындыға келді. Көптеген ата-аналар оның ашқан жаңалығы туралы біліп, балаларды тәрбиелеуге деген көзқарастарын өзгертті.

Алайда бірнеше жылдан кейін ғалым есейген маймылдардың өзін өте оғаш ұстай бастағанын байқаған. Олардың туыстарымен байланысы аз болды және жұптасқысы келмеді. Жүкті болған маймылдар туғаннан кейін балаларын өлтірген. Мұны көрген ғалым қатты қорыққан екен.

Т. Раушанұлы