Неліктен өзендер мен көлдер Жер бетінен жойылып барады?

Неліктен өзендер мен көлдер Жер бетінен жойылып барады?
Фото: newsmedia.com

Су – планетамыздағы тіршіліктің негізгі көзі. Ол Жер бетінің 70 пайызын алып жатыр. Судың 95 пайызы мұхиттар мен теңіздерде. Қалған 4 пайызы жер астында, мұздықтарда, өзен-көлдерде шоғырланған, ал тұщы су қоры үш пайыздан аспайды. Су молекулалары қоректік заттар үшін тамаша еріткіш болғандықтан, оның болмауы планетамыздағы барлық тіршілікке үлкен қауіп төндіреді. Қазір қатты ыстықтан ғасырлар бойы өркениеттің дамуында маңызды рөл атқарған өзендер жойылып барады. Еліміз де мұндай проблемамен бетпе-бет келді. Оның бірі – Арал теңізі. Кейінгі жылдардағы қажырлы еңбектің арқасында Арал қайта қалпына келе бастады. 

Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында еліміздегі судың 40 пайызы ысырап болып жатқанын тілге тиек етті. Бұл проблема тек Қазақстанға ғана тән емес, әлемде су тапшылығы бар. Оның үстіне ыстықтан өзендер мен көлдер де құрғап жатыр.  Сондықтан, президент айтқандай суды үнемді пайдалану алда өзекті мәселеге айналары сөзсіз.

Еуропада кейінгі 500 жылдағы ең күшті құрғақшылықты бастан кешіріп жатыр © hi-news.ru

Сусыз әлем

Су ресурстарының жағдайы туралы жақында жарияланған баяндамаға сәйкес, құрғақшылық Еуропаға тағы да қауіп төндірді. Жауын-шашынның болмауы, сондай-ақ аптап ыстық құрғақ аймақтардың жағдайын нашарлатып жатыр. Ыстық температура егінге зиянын тигізді, өзендер мен көлдердегі су деңгейі төмендеді.

Бүгінде тартылған су астынан ежелгі өркениеттер орны ашылып жатыр. Мысалы, Испаниядаға су деңгейі 28 пайызға төмендеп төмендеп, біздің дәуірімізге дейінгі 5000 жылдарға жататын ондаған мегалиттік тастардың шеңберін ашты.

Бұл жаңалық Испанияның оңтүстік-батысындағы Уэльва провинциясында табылды және баспасөз оны испандық "Стоунхендж" деп атады

Ал, АҚШ-тан ғалымдар кеуіп қалған өзеннің түбінен 113 миллион бұрынғы динозавр ізін тапты.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Сербияның Прахово қаласына жақын маңдағы Дунай өзенінің суы тартылып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде апатқа ұшыраған ондаған кемелерді жұртшылықтың назарына ұсынды. Көптеген кемелердің бортында әлі де оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар бар, жүздеген суға батқан кеме өзендегі көлік қозғалысын бөгеген.

Шілде айының басында Италия үкіметі құрғақшылыққа байланысты бес аймақта төтенше жағдай жариялап, зәйтүн майы мен күрішті жеткізуге қауіп төндірді,  бұл өнімдердің бағасының 50 пайызға дейін қымбаттауына әкелуі мүмкін, деп жазады The Guardian. Франция 1958 жылдан бергі ең ауыр құрғақшылықты бастан кешіп жатыр, деп мәлімдеді премьер-министр Элизабет Борн.

Француз фермерлері құрғақшылық салдарынан көкөністер мен жеміс-жидектердің үштен бірінен айырылды.

Румыния да шет қалмады: ел аумағының 75 пайызға жуығы қатты қуаңшылыққа ұшырады, бұл болжам бойынша астық жинауды 30 миллион тоннаға азайтады. Сонымен бірге, БҰҰ-ның кейінгі мәлімдемесіне сәйкес, құрғақшылықтың ең үлкен әсері Африка континентінде байқалады.

Ежелгі замандағы құрғақшылық

Ежелгі Мысыр перғауындарының бейіттерін зерттеген археологтар 4500 жыл бұрын Таяу Шығыс пен Еуропаның кейбір бөліктерін басып өткен құрғақшылықтың дәлелдерін тапты. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, бұл аймақ біздің дәуірімізге дейінгі 30 жылы Рим империясының провинциясына айналғанға дейін елді 3000 жыл басқарған перғауындардың өлімі мен жеңілуіне азаматтық қақтығыс емес, құрғақшылық себеп болған.

Юкатан түбегіндегі Майя империясы да тарихындағы ең осал тұсында құрғақшылықтан зардап шекті. Халықтың жылдам өсуі 1200 жыл бұрын жылдық жауын-шашынның азаюымен сәйкес келді, нәтижесінде егіннің жетіспеуі және көрші елдермен соғыс болды. Сайып келгенде, су ресурстарының сарқылуы бұл ұлы империяның жойылуын тездетті.

Құрғақшылық өлімге әкелетін аурулардың таралуына да әсер етеді. Демек, 1930 жылдардың ортасында таза судың болмауы екі миллион адам арасында қауіпті аурулардың өршуіне әкелді, дейді мамандар.

Тарихында талай құрғақшылықты бастан өткерген Қытай да шетте қалмады. Бірақ олардың ешқайсысы 1928-1930 жылдардағы құрғақшылықпен салыстыруға келмейді, оны кейбір сарапшылар «Қытайдағы ХХ ғасырдағы ең апатты оқиға» деп атайды. Содан кейін құрғақшылық 3-10 миллион адамның өмірін қиған жаппай аштыққа әкелді.

Құрғақшылық негізгі ресурстарға қол жеткізуді шектейтіндіктен, бүгінде көптеген адамдар тамақ пен су іздеп үйлерін тастап кетуге мәжбүр.

Рейн Германияның және басқа Еуропа елдерінің ірі қалаларын қамтамасыз ететін негізгі көлік жолы

2022 жылғы құрғақшылық

Германиядағы әйгілі Рейн өзенінің кейбіраймақтарындағы су деңгейі кемелер өте алмайтындай төмендеген. Бұл сауданы тұралатып, мұнай мен көмір тасымалдаушы компаниялардың жұмысын тоқтатты.

Қазақстанда Жайық тартылып барады

Атыраулық экологтар "Жайық тартылып барады" деп дабыл қақты. Бұрын арнасынан асып жатқан Жайықты жойылудан қандай жаңа технологиялар құтқара алады деп айту қиын. Экологтар жағдай қиын деп отыр. Жайық, Еділ сияқты, Каспийге құятын екі негізгі артерия. Демек, Жайықты құтқару – тартылып бара жатқан Каспийді құтқарумен бірдей.

Жайық өзенінің жағдайы ауыр деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  биылғы Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының (SPIEF-2022) пленарлық отырысында.

«Біз жасыл инвестицияларды арттыру және тиісті жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін дәйекті түрде кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Экологиялық проблемалар жаһандық сипатқа ие және әлемнің барлық дерлік елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да қатысты. Демек, былтыр жауын-шашынның аздығы мен өзендерде судың таяз болуынан диқандар құрғақшылықтан қатты зардап шекті. Жайық трансшекаралық өзенінің жағдайы өте ауыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтыр депутаттар Жайық өзенін ерекше республикалық маңызы бар су айдындарының қатарына қосуды сұрады.

«Жайық үш жыл қатарынан тайызданып кетті. Процесс 2019 жылы басталды. Ресейлік әріптестердің айтуынша, Жайық өзенінің бірінші және ең үлкен саласы Сакмара да таартылып жатыр. Олардың құрғауына климаттың өзгеруі және кейінгі жылдардағы қалыптан тыс ыстық себеп», - дейді «Қазводхоз» РМК облыстық филиалының инженер-гидротехникі Шынболат Ермағамбетов.

1 қыркүйектегі жолдауында ел басшысы Қазақстандағы 40 пайыз су ысырап боп жатқанын айтты.

"Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған", - деді президент.

Ол суды үнемді пайдалану үшін қажет мамандар керек екенін алға тартты.

Айта кетейік, "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасының бір бағыты "Үнемді Қазақстан" деп аталады. Бұл бойынша еліміздегі суды үнемді пайдалануды жолға қою жоспарланған.

Т. Раушанұлы