Патшайым Елизавета II қалай жерленеді?

Патшайым Елизавета II қалай жерленеді?
Фото: AFP 2022 / Leon Neal

Ұлыбритания патшайымы Елизавета II 8 қыркүйекте 96 жасында қайтыс болды. «Патшайым бүгін түсте Балморалда дүниеден өтті», - делінген Букингем сарайының мәлімдемесінде.

70 жыл тақта: 96 жастағы Елизавета II туралы қызықты деректер

Бұдан бұрын Букингем сарайы дәрігерлер патшайымның жағдайына «алаңдауда» деп мәлімдеді. Осыдан кейін корольдік отбасы мүшелері Шотландиядағы Балморал сарайына барса, ел азаматтары Букингем сарайының айналасына жинала бастады. Патшайым бақилық болғаннан кейін ту Виндзор сарайында түсірілді.

Кейінгі айларда Елизавета II денсаулығына байланысты көптеген шараларға қатыса алмады. 2022 жылдың ақпан айында ковид жұқтырды. Ол таққа отырғанының 70 жылдығы рәсіміне әрең барды. Ресми қабылдауларды тақ мұрагері Чарльз жүргізді.

© news.sky.com

Ұлыбританияда ұлттық аза тұту кезеңі басталды, ол жерлеу рәсіміне дейін созылады деп хабарлайды Sky News. Елизавета II-ні Букингем сарайына әкеліп, бес күн бойы сақтайды. Бес күннен кейін оның табыты Вестминстер сарайына әкелінеді, мұнда келушілер оған үш күн бойы 23 сағат бойы келе алады. Жерлеу патшайым қайтыс болғаннан кейін 10 күннен кейін өтеді деп жоспарланған.

Елизавета II қайтыс болғаннан кейін оның тұңғыш ұлы Чарльз елдің жаңа патшасы болады. Ол Уэльс ханзадасы және Ұлыбритания тарихындағы ең ұзақ билік еткен ханзада. Букингем сарайы оған Король Чарльз III деген ат берді. 9 қыркүйекте жаңа корольдің таққа отыруын ресми түрде атап өту үшін бірқатар рәсімдер өтуі мүмкін.

© Mika Schmidt, globallookpress

Енді Ұлыбританияның мемлекеттік әнұраны да өзгереді. Оған дейін «Құдай патшайымды сақтасын» («God save the Queen») деп аталса, енді оның аты «Құдай патшаны сақтасын» (God save the King») деп өзгертілмек.

Елизавета II Ұлыбритания, Канада, Аустралия және тағы басқа 12 тәуелсіз мемлекетті 70 жыл басқарды. Ол таққа 1952 жылы 6 ақпанда Уинстон Черчилль премьер-министр болған кезде отырды. Әкесі король Георг VI қайтыс болғаннан кейін 25 жасында патшайым атанды. Оның билігі кезінде Ұлыбританияда Уинстон Черчилль, Маргарет Тэтчер, Тони Блэр және Борис Джонсон сияқты 15 премьер-министр ауысты.

Елизавета II – ең ұзақ билік еткен британдық монарх. 2021 жылдың сәуірінде оның күйеуі ханзада Филип 99 жасында қайтыс болды. Олардың некелері 73 жылға созылды. Елизавета II 4 баланың анасы, сонымен қатар 8 немере мен 12 шөберенің әжесі болды.

Т. Раушанұлы