Дарья Дугинаның өлімі: Батыстық БАҚ оның әкесін «Путиннің миы» деп атаған

Дарья Дугинаның өлімі: Батыстық БАҚ оның әкесін «Путиннің миы» деп атаған
Фото: Владимир Ягудаев / ИА «Политика Сегодня

20 тамызда Мәскеу түбінде ресейлік идеолог Александр Дугиннің қызы Дарья Дугина мінген көлік жарылды. Дугин соғыстан кейін кең тараған «Орыс әлемі» деген сөз тіркесінің идеялық негізін салушы деседі. Жарылыс кезінде Дарья қаза тауып, көлік толығымен жанып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, Оның әкесі де  көлікте болуы керек еді, бірақ соңғы сәтте ол басқа машинаға отырған.

Жарылыс Мәскеу түбіндегі Можайск тас жолында болды. Бұл жол Мәскеу айналма жолынан 25 км қашықтықта орналасқан. 29 жастағы Дарья Дугина мінген Land Cruiser Prado көлігі жарылып, жолдан шығып, өртеніп кеткен. Бойжеткен оқиға орнында қаза тапты.

Ресейдің Тергеу комитеті кісі өлтірудің тапсырыспен жасалу ықтималдығы жоғары екенін хабарлады. Комитеттің мәліметінше, жарылғыш зат көліктің жүргізуші орндығының астына қойылған.

Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады

Әлеуметтік желілерде негізгі тапсырыс Александр Дугинге жасалғаны екені айтылады. Жарылыстан бірнеше сағат бұрын әкесі мен қызы Мәскеу түбіндегі «Дәстүр» фестиваліне құрметті қонақ ретінде қатысқан. Ол жерде Дугин сөз сөйлеген. "112" Telegram арнасы Дугинаның көлігіне фестиваль тұрағында қолдан жасалған бомба қойылған болуы мүмкін деп жазды.

Куәгерлердің айтуынша, Дугин Мәскеуге қызымен бірге қайтуды жоспарлаған, бірақ соңғы сәтте басқа көлікке отыруға шешім қабылдаған.

Александр Дугин деген кім?

Дугин – атақты орыс философы, консервативті публицист және соғыс жылдарында кең тараған «орыс әлемі» идеологиясының негізгі насихаттаушыларының бірі.

Александр Дугин, әсіре оңшыл публицист, «неоеуразияшылдық» идеологы, Ресейдің посткеңестік республикалармен интеграциясын жақтаушы, Халықаралық Еуразиялық қозғалысты басқарған. 1993 жылы Дугин, Эдуард Лимонов және Егор Летов Ұлттық большевиктер партиясын (ҰБП) құрды, бірақ бірнеше жылдан кейін Дугин ұйыммен қарым-қатынасын үзді, кейінірек Мемлекет төрағасы жанындағы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің геосаяси сараптама орталығын басқарды.

2014 жылы Қырымды басып алуды, ал осы жылдың ақпан айында Украинаға басып кіруді белсенді түрде қолдады.

Батыс ақпарат құралдары Александр Дугинді «Путиннің миы» және «Орыс әлемі» концепциясының сәулетшісі деп атайды. Дугин  – Ресейдің Украинаға басып кіруінің идеологиялық негізін қалыптастыруға көмектескен әсіре оңшыл орыс ұлтшылы. Бірақ Дугиннің Кремльге ықпалы бар деуге нақты негіз жоқ. Meduza басқа ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Дугинмен ФҚҚ-ның жоғары лауазымды офицерлері сөйлеседі, сондықтан оның пікірі «қауіпсіздік күштерімен сөйлесу» арқылы Путинге «жанама» жетуі мүмкін.

Дугинге Еуропалық Одақ 2014 жылы санкция салған болатын. 2015 жылы Ресейдің Қырымды басып алуына қатысқан Дугинді АҚШ пен Канада «қара тізімге» енгізді.

Әкесінің оң қолы Дарья Дугина кім?

Дарья Дугина журналистикамен де айналысқан. Ол еуропалық саясат туралы телеграм-канал жүргізді, ток-шоуларда сарапшы болды және Ресейдің оңшылдары арасында танымал «Листва» кітап дүкенінде дәріс оқыды. Ол Дарья Платонова лақап атымен RT және Царград арналарына жазған. Тамыз айында Армия-2022 форумында Дугина желілік соғыстар туралы баяндама жасады.

Дарья Дугина әкесінің «орыс әлемі» және «неоеуразияшылдық» идеяларын толығымен қолдаған, ол әкесінің оң қолы болды және соғысты насихаттауға белсенді қатысты.

Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания Дарья Дугинаны жалған ақпарат таратты деп айыптап, санкциялар тізіміне енгізді. Дугинаның есімі тіпті Ұлыбритания жариялаған санкциялар тізімінде бірінші орында тұр.

Украина оның өліміне қатысы жоғын мәлімдеді

Украиналық тарап ФҚҚ Дугинаның өліміне қатысы жоқ екенін мәлімдеді. «Украинаның бұл іске еш қатысы жоқ. Ресейден айырмашылығы біз қылмыстық және террористік мемлекет емеспіз», - деді Украина президенті кеңесшісі Михаил Подоляк.

Подоляк бұл өлімді Ресейдегі үкімет үшін күресіп жатқан топтардың қақтығысы деп атады. Оның пікірінше, Ресей үкіметі идеологиялық салада бұл кісі өлтіруден ұтады.

Путин Дарьяны өлімінен соң "Ерлігі үшін" медалімен мараппаттады

Ресейде идеолог Дугинаның өлімін ауыр қабылдады. Бойжеткеннің өлімі туралы айта келе, Ресейдің басты насихатшыларының бірі, RT бас редакторы Маргарита Симонян мұндай шешімдер қабылданатын орталықтарға шабуыл жасап жатқандардың барлығын қамауға алу керегін айтты.

Ресей президенті Владимир Путин Дарья Дугинаның қайтыс болуына байланысты отбасына көңіл айтты. «Ол елге адал қызмет етті және Ресей патриоты болу дегеннің не екенін іс-әрекетімен көрсетті», - делінген Кремльдің көңіл айту хабарламасында.

Путин оны өлімінен соң бірден "Ерлігі үшін" медалімен мараппаттады.

Дугин қызын өлтіруді Украина режимі жасағанын айтты.

«Менің қызым нағыз славяншыл, патриот болды. Ол ешқашан соғысқа, зорлық-зомбылыққа шақырған емес. Оны Ресейдің жаулары өлтірді. Бірақ мұнымен бізді сындыра алмайды. Біз оны батыр етіп тәрбиелеуге тырыстық, енді еліміздің ұлдарына рух береді деп сенемін. Бізге тек жеңіс керек, өтінемін жеңіңіз», - деді Дугин.

Дарьяның өліміне кінәлі делінген Наталья Вовк кім?

ФҚҚ өзін идеолог Дугинаның жендеті деп мәлімдеген украиналық әйелдің Ресейге келіп, Дугина тұратын көпқабатты үйге кіріп, Ресейден шығып кеткенін көрсететін видео жариялады.

22 тамызда Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ) бұл кісі өліміне 1979 жылы туған Украина азаматы Наталья Вовк күдікті деп хабарлады. ФФҚ хабарлауынша, бұл әйел қызымен 23 шілдеде Ресейге келген. Одан кейін Дугина тұратын үйден жалдамалы пәтер алып, оны бақылаған.

ФҚҚ мәліметінше, Наталья Вовк Дарьяны «Мини Купер» көлігінде бақылаған. Ол көліктегі нөмірді үш рет – «ДХР», Қазақстан және Украина нөмірлеріне ауыстырған. Хабарда айтылғандай, Дугина отырған көлікті жарып жіберген соң, әйел Псков облысы арқылы Эстонияға қашып кеткен. Тағы бір қызық жайт, осы айда Наталья имиджін өзгерткен. Аққұба қыз болып Ресейге барып, бірақ қараторы қыз болып Эстония шекарасынан өтіп кеткен. Бұл Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің нұсқасы. Бірақ Эстония үкіметі бұған түсініктеме беруден бас тартты.

Кейін ресейлік арналар Наталья Вовктың украиналық жауынгер екенін хабарлап, оның жеке куәлігі болып табылатын құжаттың суретін жариялады.

Тергеуші журналист Христо Грозев кісі өлтірді деген күдікке ілінген Наталья Вовк 2022 жылдың сәуірінде ресейлік Nemesis докс сайтында «украин ұлтшылдарының» тізіміне қосылғанын атап өтті. Онда Вовктың Азов полкінде қызмет ететіні және Украина Ұлттық гвардиясының жеке куәлігінің фотосуреті көрсетілген.

«Ол оңай анықталатын әскери атағымен Ресейге қалай жетті?» – деп жазды журналист.

Азов полкі ФҚҚ аты-жөнін жариялаған әйелдің бөлімшеге «ешқандай қатысы жоқ» деген ресми мәлімдеме жасады.

Т. Раушанұлы