Тәліптердің билік басына келгеніне бір жыл: қазір ауғандар қалай өмір сүріп жатыр?
Фото: CNN

Тәліптердің билік басына келгеніне бір жыл: қазір ауғандар қалай өмір сүріп жатыр?

Бір жыл бұрын Батыс коалициясы 20 жылға созылған шайқастан кейін Ауғанстаннан әскерлерін шығарған болатын. Талибан барлық провинциялар мен қалаларды бірінен соң бірі басып алып, билікке қайта оралды. Талибанның қайтып оралуынан қауіптенген он мыңдаған ауғандықтар шетелдік әскерилермен бірге елден кетті. Ауғанстанда қалғандардың өмірі кейінгі 12 айда қалай өзгерді? Бұл туралы bbc.com жазды.

Көпірдегі Талибан жауынгері. © Ali Khara / Reuters / Scanpix / LETA

Бір жыл бұрын елден кетуге асыққан мыңдаған адамға лық толы Кабул әуежайы қазір әлдеқайда тыныш. Келушілерді қара паранжа киген әйелдер қарсы алып, төлқұжаттарына мөр басады.

Адамдардың суреті бар жарнамалық билбордтар сырланып, «Талибанның» ақ тулары желмен желбірейді.

Талибан 1996-2001 жылдар аралығында елдің көп бөлігін басқарды. Ол кезде Ауғанстанда қатаң шариғат заңдары орнады: ұрлық үшін қол немесе аяқ кесіледі, қыздарға мектепте оқуға, әйелдерге жұмыс істеуге тыйым салынды. Дәстүрлі емес киіммен жүруге болмайды (мысалы, джинсы киімде). Талибан бұл жолы билікке келгенде «ислам құндылықтарын» сақтауға, бірқатар мәселелерге дұрыс қарауға уәде берді. Олар сөзінде тұрды ма?

© AFP

Аштық және экономикалық құлдырау

Ауғанстанның бюджеті 2022 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 60 пайызға қысқарқан. Талибан билікке келгенге дейін үкімет шығындарының шамамен 75 пайызы шетелдік гранттар мен гуманитарлық көмек есебінен жабылған. Қазір бұл бағдарламалардың көпшілігі жабылып, бірқатар АҚШ-та болатын Ауғанстанның орталық банкінің резервтері тоқтатылды. Бұл Ауғанстан экономикасы мен банк жүйесінің құлдырауына әкелді.

Axios мәліметінше, 2022 жылы негізгі тауарлардың бағасы 52%-ға өскен, бұл ретте халықтың орташа табысы кейінгі 10 жылдағы ең төменгі деңгейге – жылына бір адамға 375 долларға дейін төмендеді. БҰҰ болжамы бойынша, 2022 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 40 пайызға жетеді (2021 жылы бұл көрсеткіш 13 пайызды құраған), халықтың 97 пайызы кедейшілікке ұшырауы мүмкін.

«Талибан» бұғатталған қаражатты қайтаруды талап етеді, бірақ Вашингтон бұған санкция салынған «Талибан» жетекшілері Орталық банктегі қызметтерінен кеткен жағдайда ғана келіседі.

Әзірге тараптар келіссөздер жүргізіп жатыр, Ауғанстанда жұмыссыздық көбейіп, ең маңызды тауарлардың бағасы көтерілген. Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауы бойынша, қазір 25 миллионға жуық ауғандық, яғни ел халқының жартысынан көбі кедейшілікте өмір сүреді. Екі миллионнан астам бала дұрыс тамақтанбаудан зардап шегеді.

«Менің анам ауырып жатыр, оған ота керек, бірақ дәрігерге баруға, дәрі сатып алуға ақшамыз жоқ. Егер біз дәрі сатып алсақ, бүкіл отбасымыз тамақсыз қалады. Мен анамның денсаулығы мен балаларымның денсаулығын қалай таңдарымды білмеймін. Қатты дәрменсіз жағдайда қалдық», - дейді Әмина есімді ауған қыз.

Ай сайын он мыңдаған ауған балалары дұрыс тамақтанбаудан туындаған проблемалармен ауруханаларға келеді. Елдің шалғай аймақтарында балалар аштықтан өліп жатыр. Кейбір ауған отбасылары басқа балаларын асырау үшін жаңа туған нәрестелерін сатуға мәжбүр.

Дағдарыс құрғақшылық, егіннің нашарлығы және 2022 жылдың маусымындағы ірі жер сілкінісімен ушыға түсті. Ауғанстанның оңтүстік-шығысында 5,9 балдық жер сілкінісі болып, кем дегенде 1150 адам табиғи апаттың құрбаны болды. БҰҰ мәліметінше, ондаған елді мекендер толығымен немесе ішінара қираған. Қаражаттың тапшылығы іздестіру-құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуге кедергі болған.

"Талибан" тікұшағы жер сілкінісінен кейін гуманитарлық көмек жеткізіп жатыр. 2022 жылғы 23 маусым. © Ali Khara / Reuters / Scanpix / LETA

Қызыл Крест ұйымының мәліметінше, ауған отбасыларының 70 пайызы негізгі азық-түлік қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды. Бұл әсіресе жесір, қарт немесе мүгедек отбасыларға қатысты.

«Талибанның мәртебесіне немесе басқа елдер үкіметтерінің сеніміне қарамастан, халықаралық экономикалық санкциялар ауған халқына зиянын тигізіп, елдің жойылуына әкеліп соғып жатыр», - деді Human Rights Watch ұйымының өкілі Джон Сифтон.

Талибан билікке келгеннен бері Ауғанстан экономикасы шамамен 30-40 пайызға қысқарды. Елдегі еңбек нарығы тез тарылып жатыр.

«Биыл қуаңшылыққа байланысты астық түсімі әлдеқайда төмен. Бірақ бұл мен таба алатын жалғыз жұмыс. Мен инженер-электрик мамандығы бойынша оқыдым, бірақ отбасымды асырау үшін оқуымды тастауға тура келді», - дейді 18 жастағы Нұр Мұхаммед.

Ол күніне екі долларға жүгері бастарын тереді.

«Иранға жету үшін мотоциклімді саттым, бірақ жұмыс таба алмадым», - дейді Ахмед есімді тағы бір жұмысшы.

Бұған дейін көршілес Ирандағы маусымдық жұмыс Ауғанстанның кедей аймақтарының халқы үшін үлкен көмек болатын. Бірақ қазір Иранда да жұмыс жоқ.

Өзбекстанмен шекараны «Талибан» әскерлері күзетіп тұр \ ©AFP

Әскери операциялар және қауіпсіздік

«Талибан» Ауғанстанның барлық провинцияларына бақылау орнатып, батыс елдері әскерлерін шығарғаннан кейін елдегі әскери операциялар аяқталды.

«Жалпы алғанда, Ауғанстандағы зорлық-зомбылық деңгейі мен әскери операциялар нәтижесіндегі құрбандар саны өткен жылы айтарлықтай төмендеді. Біріншіден, Талибан бұған дейін АҚШ пен НАТО күштері қолдаған Ауғанстан үкіметінің күштерімен жанкешті шабуылдар, көлікке жарылыс жасау және жол жиегіне бомба қою сияқты тактикаларды қолданып соғысқан. Осының барлығы бейбіт тұрғындардың көп шығынға ұшырауына әкелді. Екінші жағынан, үкімет күштері Талибанмен әуе шабуылдары арқылы соғысып, көбінесе бейбіт тұрғындардың құрбаны болды. Қазіргі уақытта мұндай қақтығыс жоқ», - дейді BBC Ауған қызметінің редакторы, профессор Давуд Азами.

Көптеген бұрынғы майдан тұрғындары, әсіресе Ауғанстанның шығысы мен оңтүстігіндегілер Талибанның өткен жылғы жеңісін құптады, өйткені бұл жойқын әскери науқанның аяқталуын көрсетті. Бұл аймақтарда негізінен тәліптердің ультра консервативті көзқарастарын ұстанатын пуштундар мекендеген.

Бірақ адамдар өле береді. БҰҰ мәліметі бойынша, 2021 жылдың тамызынан 2021 жылдың маусым айының соңына дейін Ауғанстанда 700-ден астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 1400-ден астамы жараланған.

Бұл өлімнің 50 пайыздан астамы ИШИМ желісінің Ауғанстандағы әрекеттеріне байланысты. Бұл топтың лаңкестері шииттер немесе басқа діни азшылықтар тұратын аймақтарда жиі шабуылдар жасаған.

«ДАИШ содырлары Ауғанстанда шынымен белсенді. Бірақ бұл топ Талибаннан әлдеқайда әлсіз және аз», - дейді Азами.

Ауғанстанның солтүстігінде бұрынғы үкіметке қатысы бар күштер мен Ахмад Масудтың әскері тәліптермен қақтығысқан солтүстігінде ара-тұра шайқастар өршіп тұрды. Бірақ мұндай қақтығыстардың ауқымы өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе қысқарды.

«Бірақ Ауғанстанда зорлық-зомбылық басқа формада жалғасып жатқанын есте ұстаған жөн. Мысалы, «Талибан» қозғалысын сынаушылар елдің түкпір-түкпірінде тұтқынға алынып, азапталып жатыр», - дейді ВВС-дің Ауғанстандағы тілшісі Секундер Кирмани.

2021 жылдың тамызынан 2022 жылдың маусымына дейін елде бұрынғы ауған шенеуніктері мен сарбаздарын сотсыз өлім жазасына кесудің 160 оқиғасы тіркелген.

БҰҰ сарапшыларының пікірінше, Ауғанстандағы жағдай барған сайын болжау мүмкін емес болып барады. Талибан билікке келген алғашқы айларда іс жүзінде жойылып кеткен көше қылмысы қазір қайтадан өршіп тұр. Бұл бір жағынан миллиондаған адамдардың кедейлік пен аштыққа ұшырауымен байланысты.

© ТАСС/EPA/JALIL REZAYEE

Әйел құқығы

Өткен жылы тәліптер әйелдер құқығы «ауғандық нормалар мен ислам құндылықтарына сәйкес» сақталатынына уәде берген. Бірақ ақыры елде әйелдерге тағы да шектеулер енгізіліп, олардың саны күннен-күнге көбейе бастады.

Талибан билікке келгеннен кейін көп ұзамай жарияланған үкіметте бірде-бір әйел болған жоқ, ал Әйелдер істері министрлігі жойылып, оның орнына Ислам заңдарын орындауға жауапты министрлік құрылды.

Қазіргі уақытта әйелдерге махрамсыз қоғамдық орындарға және қала сыртына шығуға тыйым салынған. Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап әйелдердің қоғамдық орындарда хиджаб киіп, бетін жабуы міндетті болды. Бұлай етпеу әкесін немесе жақын ер туыстарын тұтқындап, түрмеге жабуға әкелуі мүмкін.

«Мен медицина саласында оқып жүрген едім, биыл бітіруім керек еді. Бірақ таліптер келіп мені күштеп тұрмысқа шығарды. Енді күйеуім үйден шығуға тыйым салды. Бүкіл өмірім құлдырап кетті. Жүктімін, күйеуімнің отбасы көп балалы болғанымды қалайды. Қашып кеткім кеп жүр, бірақ бұл мүмкін емес. Соңғы кездері өлуді ойлап жүрмін. Енді бұлай өмір сүре алмаймын, шыдай алмаймын», – дейді 24 жастағы Айша.

Бір жыл бұрын тәліптер қыздарға оқуын жалғастыруға рұқсат беруге уәде еткен, бірақ соңында бұл жартылай ғана орындалды. Қазіргі уақытта мектепке тек бастауыш сынып қыздары ғана бара алады (төрт жылдық білім). Сонымен қатар, мектеп бағдарламасы өзгерді, қазір қыздар Исламды үйренуге көбірек уақыт бөледі.

БҰҰ мәліметі бойынша, 1,1 миллион қыз оқуын жалғастыру құқығынан айырылған. Талибан басшылығы себеп ретінде әйел мұғалімдердің жоқтығын және қыздарға арналған жеке кабинеттер құру қажеттілігін алға тартады, бірақ мұндай түсініктеме барлығын сендіре бермейді.

Бастауыш мектептерде әйелдерге ресми түрде жұмыс істеуге рұқсат етілген, бірақ олардың көпшілігіне экономикалық қиындықтарға байланысты жалақы төлеу тоқтатылған.

Amnesty International ұйымының баяндамасына сәйкес, Ауғанстанда тәліптер билікке келгеннен кейін жасөспірім қыздарды күйеуге беру немесе қыздарды өте ерте және күштеп тұрмысқа шығару жағдайлары көбейген.

Кейінгі жылдары Ауғанстанда жұмыс істейтін әйелдердің үлесі тәліптер енгізген шектеулерге байланысты 22 пайыздан 15 пайызға дейін төмендеді.

«Талибан саясаты қысқа уақыт ішінде көптеген әйелдер мен қыздарды үй тұтқынына айналдырды, бұл елді өзінің ең құнды ресурстарының бірі – ел халқының бір бөлігінің дағдылары мен таланттарынан айырды», - деді Human Rights Watch ұйымының құқықтары жөніндегі өкілі Хизер Барр.

2021 жылы көкнәр өсіру көлемі қайтадан ұлғая бастады. © Getty Images

Апиын

Талибандар бұған дейін 1990 жылдары билікке келген кезде көкнәр өсірумен белгілі бір дәрежеде күрескен болатын.

Ал, қазір тәліптер жабайы эфедрадан кристалды метамфетамин өндіруге де тыйым салғанымен, мұндай препараттардың өндірісі артып келе жатқанын атап өткен жөн.

БАҚ, сөз бостандығы және азшылық құқықтары

Талибандар басқа пікірді тұншықтыру үшін сөз бостандығына қатаң шектеулер қойды. 2021 жылдың қыркүйегінде Талибанның Ақпарат және мәдениет министрлігі БАҚ қызметінің жаңа ережелерін жариялады. Бірақ олар өте көмескі түрде айтылды.

Мәселен, журналистерге «исламға қайшы», сондай-ақ «ұлт қайраткерлерін қорлайтын» материалдарды жариялауға немесе таратуға тыйым салынады. Тағы бір ережеде «эфир немесе жариялау кезінде ресми тұлғалар растамаған мәселелерге сақтықпен қарау керек» делінген. Бірақ бұл нақты нені білдіретіні белгісіз. Соңында ондаған журналист қамауға алынады.

Ауғанстан журналистері федерациясының мәліметі бойынша, өткен жылы елдегі 544 БАҚ-тың 218-і жабылды, 7 мың БАҚ қызметкері жұмыссыз қалды – оның 75 пайызы журналист әйелдер (Талибан келгенге дейін бұл салада 12 мың адам жұмыс істеген).

Талибан кейін Ішкі істер министрлігінің алдын ала рұқсатынсыз шерулерге тыйым салды, бірақ кейбір белсенділер наразылық ретінде көшеге шығуды жалғастырды.

© AP Photo/Khwaja Tawfiq Sediqi

Әл-Қаидамен қарым-қатынас

Би-би-сиге берген сұхбатында Талибанның жоғары лауазымды шенеунігі тәліптердің «Әл-Қаида» лаңкестік ұйымымен байланысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, «Әл-Қаиданың» содырлары елден шығып кеткен.

Оның айтуынша, «Талибан» «Әл-Қаида» жетекшісі Айман әл-Завахиридің Кабулда тұрғанын тамыз айының басында, АҚШ-тың арнайы операциясы кезінде өлтірілгеннен кейін ғана білген, ал Талибан Завахиримен «ешқандай байланыста болмаған».

Оның айтуынша, тәліптер әл-Завахиридің өлімін тексеру үшін комитет құрған.

Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегілер 2020 жылы АҚШ-пен келіссөздер кезінде Талибанның Әл-Қаидамен үнемі кеңесіп отырғанына және содырларға екі топ арасындағы тарихи байланыстарды құрметтейтініне сендірді дейді.

«Талибан» мен «Әл-Қаида» арасындағы байланыс 1990 жылдары Талибан үкіметінде жоғары лауазымдарды атқарған Талибанның ескі одақтасы «Талибан желісі» тағы бір лаңкестік топ арқылы орнатылады. Сол жылдардан бері бұл байланыстар нығая түсті.

Т. Раушанұлы