Сеулдегі «паразит-пәтерлер»

Сеулдегі «паразит-пәтерлер»
Фото: "Паразиттер" фильмінен кадр

Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде жертөледе тұратындар (мұндай адамдар «Оскар» сыйлығын алған «Паразиттер» фильмінде бейнеленген) енді басқа жерді паналайды. Сеулдегі су тасқыны кезінде осындай пәтерлердің бірінде бір отбасы мүшелері түгел қайтыс болды.

Сеулдегі су тасқынынан кейінгі жертөледегі пәтер. 2022 жылдың 11 тамызы. © Энтони Уоллес / AFP / Scanpix / LETA

Оңтүстік Кореяда кейінгі 100 жылдағы ең қатты жаңбыр 8 тамызда жауды. Ел астанасы Сеулде мыңдаған үйлер, көшелер, метро станциялары су астында қалды, жүздеген адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Сеул мұндай су тасқынын 80 жылда көрмеген еді. © Chine Nouvelle / SIPA / Scanpix / LETA

Су тасқыны салдарынан жертөледе тұратын бір отбасын қосқанда 13 адам қаза тапты. Марқұмдар - 13 жастағы қыз, оның 40 жастағы анасы мен нағашысы. Пәтерге судың жылдам ағып кетуінен олар есікті аша алмай қалған. The New York Times басылымының хабарлауынша, әйелдер көршілерін көмекке шақырғанымен, көршілері сыртқы терезедегі темір торды ала алмаған. The Guardian басылымының жазуынша, құтқарушылар оларға көмектесе алмаған, әйелдердің жансыз денелері жертөледегі су толығымен сорып алынған соң ғана шығарылған.

Оқиға орнына Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёль келді. © CNN

Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёль бүкіл отбасы қаза тапқан пәтерге келді.

"Олар неліктен су тасқыны басталған кезде өздерін құтқаруға талпынбағанына таңғалып тұрмын", - деді ол. Куәгерлердің айтуынша, пәтер өте қысқа мерзімде – 10-15 минутта суға толған.

Washington Post газеті бұл жалғыз жағдай емес деп хабарлайды. Тағы бір Сеул тұрғыны да су тасқыны кезінде жертөледегі пәтерінде қалып қойған. Су тасқыны кезінде адамдардың көпшілігі қашып үлгергенімен кем дегенде бір адам қаза табады.

The New York Times газетінің хабарлауынша, Сеулдегі жертөле тұрғындары жыл сайын жаңбырлы маусымда үйлерінің айналасына құмнан бөгеттер салады. Бірақ бұл жолы ешкім дайындалып үлгермеген, өйткені үкімет 21:24-те су тасқыны туралы ескерту жасаған. Журналистердің хабарлауынша, марқұмның отбасы кешкі сағат 20:40 шамасында адамдарды көмекке шақырған.

"Паразиттер" фильмінен кадр

Сеулдегі "банджиха" деп аталатын бұл жертөле пәтерлері қолжетімді болғандықтан жас және аз қамтылған отбасылар арасында көп қолданысқа ие. BBC News хабарлауынша, 2020 жылы қарай Сеулде 200 мыңнан астам осындай пәтер болған, бұл астана тұрғын үй қорының 5 пайызын құрайды. Осындай пәтерде тұратын отбасы туралы 2019 жылы Оскар алған "Паразиттер" фильмінде айтылады.

Жартылай жертөледегі үлкен емес және тұруға жарамсыз бөлмелер 1970 жылы КХДР мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас шиеленіскен кезде салынған. Қақтығыстың өршуіне алаңдаған Оңтүстік Корея үкіметі құрылыс нормаларына өзгерістер енгізіп, аз қабатты үйлердің апатты жағдайда баспана ретінде қызмет ететін жертөлелері болуын талап етті. Бастапқыда мұндай жертөлелерді жалға беруге тыйым салынды, бірақ 1980 жылдардағы тұрғын үй дағдарысы кезінде жартылай жертөлелерді тұрғын үй ретінде пайдалану заңдастырылды.

"Банджиха" – студенттерге арналған ең арзан төсек. © BBC

"Оның қараңғылығына, ұсқынсыздығына және ластығына қарамастан, бұл мен таба алатын ең арзан нұсқа болды. Мен бұл жерде адамдардың өмір сүруі мүмкін емес екеніне келісемін, бірақ бізде басқа амал жоқ" - деді Сеулде тұратын студенттердің бірі The Washington Post басылымына.

Су басқан жертөледе адамдар қаза тапқаннан кейін Сеул билігі жертөле мен жартылай жертөле бөлмелерін 10-20 жыл ішінде тұрғын үй қорынан шығаруға уәде берді. Үкімет тұрғындарға басқа үйге көшуге көмектеседі, ал мұндай пәтерлердің иелері оларды тіркеуден шығарады.

Т. Раушанұлы