Жанып жатқан планета: алдағы 5 жылда ауа райы қаншалықты ысиды?

Жанып жатқан планета: алдағы 5 жылда ауа райы қаншалықты ысиды?
Фото: animaimpresa.it

Жаһандық температура қалыпты деңгейден 1,1 градусқа көтерілді деп айтылады. Осы температура салдарынан өрт, мұздықтардың еруі, су тасқыны және құрғақшылық қаупі артты. Парниктік газдардың мөлшері азаймаса, 2026 жылға қарай Жердің температурасы қандай болады?

Орталық Азиядағы кейінгі 35 жылдағы температура

Geophysical Research Letters журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанның бір бөлігін қамтитын Орталық Азия кейінгі 35 жылда айтарлықтай жылынған. Әлемнің басқа бөліктеріне қарағанда, Орталық Азияда жылыну деңгейі қыста емес, көктемде өскен.

Орталық Азия халқының 60 пайыздан астамы құрғақ климатты аймақта тұрады. Температураның жоғарылауы топырақтағы судың булануын күшейтіп, құрғақшылық қаупін арттырады. Бұл климаттық мигранттарды тудырады. Дүниежүзілік банктің 2021 жылдың қыркүйек айындағы есебінде 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы ішкі климаттық мигранттар саны 5 миллионға жетеді деп болжанған.

Батыс үшін әдеттен тыс ыстық ауа райы

Азия аймағы үшін жазда 40+ градус сақталады. Алайда мұндай температура Еуропа үшін әдеттен тыс ыстық және өмір сүруді қиындатады. Мысалы, Ұлыбританияда шілде айының ортасында ауа температурасы 40 градус шамасында болды. Өте жоғары температураға байланысты "қызыл" ескерту деңгейі енгізілді. Мектептер жабылды, кейбір бағыттарда теміржол қозғалысы тоқтатылды.

Мамыр айында АҚШ-та жаздың ортасы сияқты сезілді, ал маусымның басында Испанияда 40 градус температура тіркелді. 2022 жылдың жазында Испания мен Португалияда жоғары температура салдарынан мыңнан астам адам қайтыс болды.

Францияда да ауа температурасы 40 градусқа жетіп, соның салдарынан орман өрттері көбейіп, мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді. Еуропада 2003 жылы аптап ыстықтан 70 мың адам қайтыс болған, мамандар мұндай жағдай қайталана ма деп қауіптеніп жатыр.

2026 жылға дейін жаһандық жылыну ықтималдығы

Кейінгі жылдары климаттың өзгеруіне жауапты негізгі елдер өткізетін демонстрациялар саны артты. 2015 жылғы Париж келісімінде көптеген елдер климатты қалыпты деңгейден 1,5 градусқа дейін жоғарылатпау туралы келісімге қол қойды. 2021 жылдың қазан айында Глазго қаласында өткен  Climate Change Conference26 (CОП26) климаттың жылынуын тоқтату мәселелерін де талқылады. Осыған қарамастан, парниктік газдардың негізгі үлескерлері болып табылатын елдер уәделерін орындамайды. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым жердегі температураның орта деңгейден 1,5 градустан жоғары болмауының 50х50 мүмкіндігі бар деп есептейді. Ұйым 2022-2026 жылдар аралығында ауа температурасы 2017-2021 жылдарға қарағанда жылы болады деп болжаған. Климаттық норманың 1,5 градусқа көтерілу ықтималдығы 2015 жылы нөлге тең болды. Бұл ықтималдық 2017-2021 жылдары 10 пайызға, алдағы 5 жылда 50 пайызға артады делінген. 2021 жылы жаһандық орташа температура қалыпты деңгейден 1,1 градусқа жоғары болған.

Жаһандық жылынудың 95 пайызына адамзат жауапты

Мамандардың зерттеуі бойынша климатты жылытатын факторлардың басында отынды пайдалану тұр. Жаһандық жылынудың 95 пайызына адамзат жауапты.

Жердің сіңіретін немесе қайтаратын күн сәулесінің мөлшері жер беті мен атмосферасына байланысты. Мұхит, орман және топырақ сияқты қараңғы заттар мен беттер күн сәулесін көбірек сіңіреді. Қар мен бұлт сияқты ашық түсті заттар мен беттер күн сәулесін шағылдырады.

Ыстықтың салдары

Ең алдымен, аптап ыстық адамзаттың тұрмысын нашарлатады, адамдардың күнделікті тұрмысы мен жұмысы қиындайды, құрғақшылық күшейеді, мұздықтар еріп, соның салдарынан ауа қайтадан жылынады. Сондай-ақ су тасқыны, орман өрті және ыстық ауа температурасының салдарынан өлім-жітім артады. Және бұл процестер қазір де болып жатыр.

Тағы бір кемшілік – ыстық температура қалыпты деп есептелмейтін Еуропа елдерінде инфрақұрылым мен үйлер ыстыққа емес, суыққа шыдайтындай етіп салынған. Бұл да орман өрті мен су тасқынына бейім аймақтарда өмір сүруді қиындатады.

Т. Раушанұлы