ХХІ ғасырда астанасын ауыстырған және ауыстырғысы келетін елдер

ХХІ ғасырда астанасын ауыстырған және ауыстырғысы келетін елдер
Фото: pixabay.com

Кез келген елдің астанасы аса маңызды ірі саяси-әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы саналады. Ал оны бір жерден екінші жерге, бір қаладан екінші қалаға көшіру әлем елдерінде, мемлекеттер тарихын­да бар құбылыс. Бүгін ХХІ ғасырда астанасын ауыстырған және ауыстырғысы келетін елдер жайлы жазбақпыз.

Астананы ауыстыру процесі әр елдің саяси және экономикалық ахуалына, елдегі проблемалар мен ұлттық идеялардың үндесуіне байланысты жүзеге асады. Мысалы, 1959 жылы Пәкістан үкіметі астанасын оңтүстіктегі Карачи қаласынан елдің солтүстігінде Исламабадқа көшіру туралы шешім қабылдады. Бұған басты себеп қала халқының тығыздығы, теңіз жағалауы мен әскери қаланың қасында орналасуы болды. Ал Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейродан Бразилиаға 1961 жылы ауыстырылды. Бұл маңызды оқиға қала халқының тығыздығы және астананың елдің басқа бөліктерінен алыс болғанымен байланыстырылды.

ХХІ ғасырдың өзінде астанасын ауыстырып үлгерген елдер бар. Сондай-ақ жуық арада бас қаласын көшіруге шешім шығарған мемлекеттер де жоқ емес. Олай болса таныс бола отырыңыздар.

Мьянма

Бұрынғы астанасы – Янгон
Жаңа астанасы - Нейьпидо

Бұл ел Бирма деген атпен де танымал. Бірақ ресми атауы – Мьянма.  Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Үндіқытай түбегінде орналасқан мемлекет. Жер аумағы – 678,5 мың км².

Ел астанасын 2005 жылы Янгоннан Нейьпидо қаласына ауыстырды. Неге ауыстырғаны осы күнге дейін жұмбақ. Сарапшылар бұл өзгеріс астрологиялық кеңес пен мемлекетті сырттан төнетін қауіптен сақтау мақсатынан туындаған болуы мүмкін деп түсіндіреді.

Палау

Бұрынғы астанасы – Корор
Жаңа астанасы - Нгерулмуд

Бұл ел Тынық мұхиттағы аралдық мемлекет. Филиппиннің шығысында 800 км, ал Индонезияның солтүстігінде орналасқан.

Корор Палау елінің уақытша астанасы болып келді. 1979 жылы елдегі конституция бойынша 10 жыл ішінде жаңа астана бой көтеру керек болған. Алайда 2006 жылға дейін созылып, (осы жылы ғана Капитолий (резиденция) құрылысы аяқталды) Мелекеок штатындағы Нгерулмуд қаласы ресми астана болды.

Палау елі астанасын халықаралық деңгейде абырой-беделін жоғарылату үшін ауыстырды. Халықаралық әуежайы бар. Капитолийді салу үшін ұзақ уақыт жұмсады. Оған қаржы, маман тапшылығы секілді факторлар әсер етті. Тағы бір қызығы ел астанасында 400-ге жуық қана адам тұрады.

Бурунди

Бұрынғы астанасы – Бужумбура
Жаңа астанасы - Гитега

Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Жер көлемі бойынша әлемде 142-орынды (27 830 км²) алады. 2007 жылы ел астанасын ауыстыру жайлы мәселені сол кезде президент болған Пьер Нкурунзиза көтерген. 2019 жылы парламентте дауыс беру нәтижесінде Бурундидің астанасы Бужумбурадан Гитегаға ауыстырылды. Оған себеп – жаңа астананың орналасуы саяси әрі экономикалық тұрғыдан тиімді саналды.

Экваторлық Гвинея

Қазіргі астанасы – Малабо
Ауысатын қаласы - Сьюдад-де-ла-Пас

2010 жылы мемлекет басшылығы Ойяла қаласы орнына жаңа астана салу туралы шешім қабылдады. 2017 жылы көшіру жайында заңды мақұлдады. Алайда көшіру туралы шешім шыққанмен, толық ауысып үлгерген жоқ. Әзірге Малабо қаласы ресми астана статусында. Ал ауысатын жаңа астанасы Сьюдад-де-ла-Пас деп аталады.

Индонезия

Қазіргі астанасы – Джакарта
Ауысатын қаласы - Нусантара

Қазіргі астанасы – Джакарта қаласы. Ява аралында орналасқан. Бұл аралда ел халқының 148 миллион тұрғыны шоғырланған.

Индонезия 2022 жылы жаңа астанасын салуға шешім шығарды. Малайзиямен шекарасы бар Калимантан аралында тақыр жерден Нусантара атты жаңа қала салады. Жоспар бойынша 2024 жылдан бастап жаңа астанаға адамдар шоғырлана бастауы керек. 2040 жылға дейін құрылыс тоқтаусыз жүруі тиіс. Нусантара келешекте Оңт. Шығыс Азиядағы Сингапур, Куала-Лумпур секілді ең дамыған, заманауи қалаға айналуы қажет.

Астананы ауыстыруға ең басты себеп – алдағы 10 жылда Джакарта қаласының 25% су астында қалады. Әлемдік климаттың жылынуы осыған әкеледі. Екінші себеп Джакартада 10,5 миллион халық тұрады. Алақандай аралда орналасқан ел үшін тұрғын саны тым көп. Жер аз.

Мысыр

Қазіргі астанасы – Каир
Ауысатын қаласы – Жаңа Каир

7 жыл бұрын Каирден шығысқа қарай 40 шақырым жерде жаңа қала тұрғызыла бастаған еді. Қаланың ауданы – 700 шаршы шақырым, 6,5 миллион адамға арналған. Сондай-ақ министрліктер, парламент, мемлекеттік органдар, тұрғын үйлер мен барлық қызметтер жаңа қонысқа көшеді.

Былтыр ел билігі жаңа астана атауына байқау да жариялаған. Бірақ әлі күнге дейін нақты атауын белгілеген жоқ.

Мысырдың қазіргі астанасы Каир әлемдегі алтыншы үлкен мегаполис. Онда 22 миллион адам тұрады. Бұл ел халқының бестен бір бөлігін құрайды және күн санап тұрғындар саны артып келеді.

Оңтүстік Судан

Қазіргі астанасы – Джуба
Ауысатын қаласы - Рамсель

Оңтүстік Судан 2011 жылдың 14 шілдесінде БҰҰ-ға мүше болды. Осы кезден бастап бұл елдің тәуелсіздігін өзге мемлекеттер мойындай бастады.

Суданнан бөлініп шыққаннан кейін астанасын ел орталығында орналасқан Рамсель қаласына ауыстыру жайлы шешім қабылдады. Себебі қазіргі астанасы Джуба өзге елдермен шекаралас аймақтарға жақын орналасқан.

2017 жылы Оңтүстік Судан басшылығы Марокко билігімен келісімге келіп, жаңа қаланың құрылысына қаржылай және техникалық көмек көрсету жайлы келісімге келді. Елдегі саяси ахуал мен экономикалық жағдай астана ауыстыру процесін кешеуілдетуде.

***

Ауғанстанда да қазіргі астанасын ауыстыру жайлы әңгімелер айтыла бастады. Оны алғашқылардың бірі болып бұрынғы вице-президент Амрулла Салех басылымдарға хабарлады. Тәліптер билік басына келгеннен кейін ел астанасын Кабулден Кандагарға көшіру жайлы ойлана бастаған.

Оңтүстік Корея елінің билігі де ел астанасын ауыстыру жайлы жиі мәселе көтеріп келеді. Олар Сеулден Сейджонға қоныс аудару жайын талқылауда. Бұл жоба бірде қолдау тапса, бірде жүзеге асу жайы толғандыруда. Ауыстырғысы келетін себеп – елдің өзге аймағын да дамыту жайы.

Әзербайжан елінде де арагідік астана ауыстыру жайы айтылып жүр. Ауыстырғысы келетін себеп – климат пен жол-көлік қозғалысы. Бірақ ел билігі бұл жобаға білек сыбана кіріскен жоқ.

Астана ауыстыру жайы Аргентина, Боливия, Ұлыбритания, Испания, Франция, Жапония, Мексика, Ресей, Тайланд және Иран елдерінде айтылып келеді.

Н. Үсенова