Сталиндік қуғын-сүргін: "Жат элементтерден" "Дәрігерлер ісіне" дейін
Фото: Рустем Эминовтың картинасы

Сталиндік қуғын-сүргін: "Жат элементтерден" "Дәрігерлер ісіне" дейін

Иосиф Сталин – ХХ ғасырдағы ең танымал есімдердің бірі. Ол КСРО-ны 1922-1953 жылдар аралығында – 31 жыл басқарды. Сталиннің тұсында адамзатқа қарсы талай қуғын-сүргін болып, оның тұлғасына табыну шарықтау шегіне жетті. Бұл мақалада біз сталиндік билік кезінде болған қуғын-сүргін туралы мәліметтер тізбесін үстірт шолып өтеміз. Өйткені, олардың әрқайсысы тереңірек зерттелетін тақырып.

1920 жылдардағы қуғын-сүргін

Сталин өзінің алғашқы қуғын-сүргінін 1925 жылы бастады. 1927 жылы кеңес-британ қарым-қатынасы бұзылып, Англия КСРО-мен сауда және дипломатиялық қарым-қатынасын үзеді. КСРО-да бұл "шетелдік интервенция" саналып, Сталиннің бұйрығымен жаппай қудалау басталды.

Бірінші кезекте шетелден елге оралған бұрынғы мигранттар қамауға алынады. Содан кейін помещиктерді, көпестерді, дін жолындағы адамдар, бай-құлақтарды түрмеге қамады. Ол кезде КСРО бойынша қанша адамның түрмеде отырғаны әлі белгісіз.

"Шахта ісі"

Донбасстағы көмір мен кен орындарын игеру үшін шетелден мамандар шақырылды. 1928 жылы шетел тыңшысы ретінде барлық мамандар мен КСРО азаматтары түрмеге жабылды.

Партия ішіндегі "бөтен элементтермен" күрес

1927 жылдың қарашасынан 1928 жылдың қаңтарына дейін КСРО-да "партиялық тазарту" жүргізілді. Әсіресе, бұрынғы меньшевиктерді мүлде аяған жоқ.

Олардың көсемі Лев Троцкий 1928 жылы Алматыға жер аударылды. Содан кейін ол шетелге қашуға мәжбүр болады. 1940 жылы Мексикада КСРО агентінің қолынан қаза табады.

Троцкий

Ұжымдастыру дәуіріндегі қуғын-сүргін

1928-1932 жылдары КСРО-да жеке меншік жойылып, шаруалар күштеп ұжымдастырылды. Сонымен бірге жаңадан құрылған колхоздар үшін егіншілердің қолындағы бәрі: жер, су, мал, егіншілік құралдары тәркіленеді.

Тұрмысы жақсы адамдар мен орта тап "байлар" ретінде жаппай түрмеге жабылады немесе қаңырап бос қалған аймақтарға жер аударылады.

Өз еркімен малын, ауыл шаруашылығы техникасын колхоздарға бермегендер қатаң жазаланады. Қарсылық көрсеткендерді тіпті сол жерде атып тастайды.

Ел шаруаларын қанап, оларды колхозға қосу жұмыстарын Михаил Калинин басқарады.

М.Калинин

Лагерьлер бас басқармасының (ГУЛАГ) арнайы бөлімінің мәліметі бойынша 1930-1931 жылдары КСРО бойынша ұжымдастыру жұмыстары кезінде 381 мың отбасы "феодал" атанып, 1 миллион 803 мың 392 адам түрмеге жабылған.

Сталиндік қуғын-сүргінге қатысты ауқымды зерттеулер жүргізген тарихшы В.Н.Земсковтың деректері бойынша 1930-1940 жылдар аралығындағы ұжымдастыру кезеңінде КСРО-да 2,5 миллион адам түрмеге қамалса, 1930-1933 жылдар аралығында 600 мың адам қайтыс болған.

Бейресми деректер бойынша ұжымдастыру кезеңінде бжалпы 4 миллион шаруа қуғын-сүргінге ұшыраған.

Астық тапшылығының репрессиясы

1932 жылы КСРО-да астық түсімі өте төмен болды, колхоздар белгіленген жоспарды 15-20 пайызға ғана әрең орындады. Күзде астықтың аз болатынын білген КСРО басшылары астық егетін аудандарда астық өсіруге жауаптылар мен диқандарды жазалайтын.

"Астық ісі" бойынша барлығы 5 мың партия қызметкері мен 15 мың шаруа жазаланады. Көптеген вокзал басшылары мен жұмысшылары да жазадан кенде қалмады.

1933-1934 жылдардағы репрессия

Сталиндік репрессия 1934 жылы шарықтау шегіне жетті. Тарихшылар мұны сол жылы КСРО-да НКВД-ның құрылуымен байланыстырады. Жаңадан құрылған орган да сол кезде "жұмыс істеу" үшін талайларды түрмеге жапты.

РСФСР үкіметінің ресми мәліметі бойынша 1933 жылы 1 миллион адам, 1934 жылы 1,2 миллион адам түрмеге жабылған.

"Киров ісі"

1934 жылдан бастап сталиндік саяси қуғын-сүргін басталды. Біріншіден, партия қатарлары "бөгде элементтерден" тазартылады. Содан кейін Ленинградта "Киров ісі" басталды.

Сталин мен Киров

С.М.Киров Ленинград обкомын басқарды, оның халық арасындағы беделі орасан еді. Оған Ленинградта қастандық ұйымдастырылады. 1989-1990 жылдары бұл жұмыс Сталиннің бұйрығымен жеке қолға алынғаны белгілі болды. Бірақ 1934 жылы бұл туралы айту, тергеу жүргізу мүмкін емес еді.

Кировты өлтірген адам ұсталғанда оның Г.Зиновьев пен Л.Каменев бастаған құпия ұйымның мүшесі екенін айтқан.

Сол жылдың 16 желтоқсанында Каменев пен Зиновьев қамауға алынды. Олардан кейін тағы да талай адам Кировтың өліміне және жасырын ұйымға мүшелігіне айыпталып түрмеде отырды. Сол кезде Сталин осы сылтаумен Кировты өлтіріп, талай адамды түрмеге жапты.

"Пулково ісі"

1934 жылы Күн тұтылды және бұл табиғат құбылысы бүкіл КСРО аумағында байқалды.

Сол кезде Пулково обсерваториясының меңгерушісі Б.Герасимовичке өзі басқаратын обсерваториядан Күннің тұтылуын бақылауға шетелдік ғалымдардан көптеген өтініштер түскен. Ғалым олардың көпшілігіне оң жауап береді және көптеген шетелдік ғалымдар бұл құбылысты Пулково обсерваториясынан бақылайды.

Шетелдіктер кеткеннен кейін обсерваторияны НКВД басып алып, барлық қызметкерлерді "шетел тыңшысы" деп тұтқындаған. Осыдан кейін елдегі көптеген астрономдар, геологтар, геофизиктер, математиктер "Пулково ісіне" қатысы бар деп айыпталып, қуғын-сүргінге ұшырады.

"Үлкен террор"

1936 жылы НКВД бастығы Ягода орнынан босатылып, оның орнына Н.Ежов тағайындалды. Осыдан кейін "Үлкен террор" деп аталатын оқиға басталды.

Сталин мен Ежов

1937-1938 жылдары жалпы – 1 575 259 адам түрмеге қамалды. Олардың 681 692-сі тергеуден кейін ату жазасына кесіледі.

Орталық Азия республикаларында түрмеге жабылып, атылғандарға "пантүркист", "ұлтшыл", "діншіл", Украинада "бандерашылар" ал, Ресейде "троцкийшіл", "меньшевиктер", "бандит" деген айыптар тағылған.

Қазан төңкерісі кезінде өзін танытып, кейін маршал атанған Михаил Тухачевский де 1937 жылы түрмеге жабылды. Оған опасыздық жасады деген айып тағылды.

Тухачевскийден кейін КСРО Қорғаныс министрлігінің бірқатар жоғары шенді әскери қызметкерлері тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

Сол кезде 4 жыл ішінде 11 мың жоғары шенді әскери қызметкер түрмеге жабылды немесе ату жазасына кесілді.

1937 жылы НКВД № 00447 бұйрығын (Бұрынғы байларды, қылмыскерлерді және басқа да жат элементтерді жою туралы") КСРО елдегі барлық құрылымдарына жіберді.

Осыдан кейін мемлекет бойынша адамдар саяси айыппен түрмеге жабылады.

Егер отбасы мүшелерінің біреуі ғана "қызылдарға" қарсы күрессе немесе "бай атанған" болса – бұл факт оны "сатқындық жасады" деп айыптауға жеткілікті еді. Одан кейін туыстарының арасында "бөтен элементтер" барлар, "жаулармен" жұмыс істегендер, діни білімі барлар саяси айыппен түрмеге жабылды.

Осылайша  НКВД-дан ешкім аман қалмады. Республика бойынша домалақ арыз жазатындар саны көбейеді. Біреу НКВД-ға жақсы көріну үшін, біреу мансап алу үшін, біреу басқа себептермен екінші адамды қаралап арыз жаза бастайды.

Осылайша, 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия КСРО-ға басып кірер алдында елдің түкпір-түкпірінде көптеген адамдар саяси айыппен түрмеге жабылды.

Соғыс жылдарындағы репрессия

КСРО Екінші дүниежүзілік соғысты 1939 жылы бастады. Соғыстың нәтижесінде Польша мен Чехословакия Батыс Беларусь пен Батыс Украинаның бір бөлігін, Финляндиядан Карелияның бір бөлігін, Румыниядан Бессарабияны тартып алады.

Жауап алған аумақтар тұрғындарының көпшілігі КСРО-ға қосылуға келіспей қарсылық көрсетеді. Алайда күштер тең болмағандықтан, олар жеңіледі.

Осыдан кейін сол аймақтарда тұратын халықтың басым бөлігі түрмеге жабылады. Түрмелер поляк, фин, карел, румын, молдаван, украин, белорус тұтқындарына толып қалады.

Соғыс уақытындағы депортациялар

КСРО-ға немістер басып кіргеннен кейін бәрі қорғаныс жұмыстарымен айналысып, ел ішіндегі саяси қуғын-сүргін аяқталды.

1943 жылдың күзінде КСРО-ның соғыста қолы үстем келіп, немістер шегіне бастағанда қуғын-сүргіннің жаңа толқыны басталды. Сталиннің бұйрығымен түрлі ұлттар мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен үйлерінен қуылды.

1943 жылы 12 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының РКФСР Қарашай автономиялық облысында тұратын қарашайларды Қазақстан мен Қырғызстанға жер аудару туралы шешімі жарияланды.

1943 жылы 27 желтоқсанда қалмақтар, 1944 жылы 29 қаңтарда шешен-ингуш, 24 ақпанда болгарлар, 10 мамырда қырым татарлары, 24 шілдеде месхет түріктері отанынан қуылып, жер аударылды.

Ол кезде жер аударылғандарды жүк вагондарымен алып кететін. Олардың көпшілігі ауыр жағдайда қаза тапты. Сталин өлгеннен кейін олардың кейбіреулеріне отанына қайтуға рұқсат берілді.

Еуропалық тұтқындар мен әскери тұтқындар

Соғыс КСРО аумағынан шығып, Шығыс Еуропа территориясына таралғаннан кейін ГУЛАГ түрмелері Шығыс Еуропа елдеріндегі әскери тұтқындар мен антисоветтік халықтың өкілдерімен толыға бастады.

Ол кезде Польша, Венгрия, Румыния, Болгария, Чехословакия сияқты елдердің тұрғындары арасында немістермен қатар коммунистерді де жек көретіндер жетерлік еді.

Кеңес әскерлері немістерді сол мемлекеттердің аумағына қуып кірген кезде КСРО-ны ұнатпайтындардың көпшілігі түрмеге жабылды.

Соғыс аяқталғаннан кейін немістерге тұтқынға түскен және Шығыс Еуропа елдеріндегі партизандық қозғалыстарға қатысқан КСРО азаматтарының барлығы сатқын ретінде түрмеге жабылды.

"Звезда" және "Ленинград" журналдарының ісі

1946 жылы 14 тамызда үкіметтің "Звезда" және "Ленинград" журналдары туралы қаулысы шықты. Қаулыда бұл журналдар өз беттерінде А.Ахматова мен М.Зощенконың "кеңес реализміне жат" шығармаларын жариялағаны үшін қатаң сынға алынды.

Анна Ахматова

Осыдан кейін елдегі барлық газет-журналдар "електен" өтеді. Тағы да жазушылар, журналистер, әдебиет қайраткерлері түрмеге жабыла бастады. Адамдар үшін қауіпті күндер қайтадан басталады.

Ол кезде қазақ жазушыларының бірқатары түрмеге жабылды. Олардың қатарында Ілияс Есенберлин сияқты жазушылар бар еді.

Қазақстанда "Бекмаханов ісі" ұйымдастырылды

Е. Бекмаханов талантты тарихшылардың бірі еді. 1947 жылы Е. Бекмаханов "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" атты іргелі ғылыми монографиясын дайындады. Асыра сілтеу, бұрмалау және күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси кінә тағады. Сол себепті 1952 жылы Е. Бекмаханов 25 жылға сотталып, тек И. Сталин өлгеннен кеиін ғана, 1954 жылы көктемде ақталады. Саяси айып тағылып, ғалымдар қатарында А. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Б. Сүлейменов, Қ. Мұхамедханов, жазушы Ю. Домбровский және т.б. қудаланды. Қ. Сәтбаев пен М. Әуезов саяси қысымның нәтижесінде еріксіз Қазақстаннан Мәскеуге кетуге мәжбүр болды.

"Еврейлер ісі"

1948 жылы еврей ісі деген атпен қуғын-сүргін толқыны басталды. Репрессия КСРО-дағы еврей антифашисттік комитеті мен Таяу Шығыстағы Израиль мемлекеті арасында тығыз байланыс орнатудан басталды.

Ұйымды 1942 жылы театр актері және режиссер Соломон Майклс құрған. Соғыс аяқталғаннан кейін ұйымның шетелдегі еврей ұйымдарымен байланыс орнату әрекеті Сталинге ұнамады. Оның 1948 жылы Израильмен байланысы ұйымның қызметін тергеуге және елдегі ең танымал еврейлердің түрмеге жабылуына әкелді.

Осы жағдайдан кейін 1949 жылы АҚШ Коммунистік партиясы Коммунистік партияны "антисемитизм" деп айыптады. "Еврей ісіне" байланысты сол кездегі елдегі көптеген танымал еврейлер түрмеге жабылып, ату жазасына кесілді.

Олардың арасында ел басшыларының бірі В.Молотовтың әйелі П.Жемчужина да болды. Ол 1953 жылы Сталин қайтыс болғанға дейін түрмеде отырды.

Сталин жерленгеннен кейін Молотов Берияға телефон соғып, Берияның бұйрығымен Жемчужинаны түрмеден босатады.

В.Молотов пен әйелі П.Жемчужина

"Еврей ісі" 1952 жылға дейін созылып, елдегі ең танымал 13 еврейдің атылуымен аяқталды.

"Дәрігерлер ісі"

1950 жылдары КСРО-дағы ең күшті дәрігерлердің көпшілігі еврейлер еді. "Еврей ісінің" жабылуымен Сталиннің еврейлерге деген көзқарасы өзгерген жоқ.

Орталық Комитет Президиумының мүшесі В.Малишев 1952 жылы 1 желтоқсанда Сталин Орталық Комитет мүшелеріне "кез келген еврей ұлтшылы АҚШ барлауының тыңшысы" деп айтқанын еске алды. Еврей ұлтшылы еврейлерді Америка Құрама Штаттары құтқарды деп есептеді. Әсіресе, "дәрігерлердің арасында еврей ұлтшылдары өте көп" дейді.

Сталиннің бұл сөздері ел бойынша атақты дәрігерлердің тұтқындалуына себеп болды. Алдымен еврей ұлтынан шыққан дәрігерлер тұтқынға алынады. Содан кейін олармен бірге жұмыс істеген дәрігерлерді қамайды. Осылайша елдегі ең мықты дәрігерлер темір торға жабылды. Олардың ішінде Сталиннің жеке дәрігері В.Виноградов бар еді.

Сталиндік репрессиялар тізіміндегі соңғы жұмыс "Дәрігерлер ісі" болды. Көп ұзамай 1953 жылы 5 наурызда ол өмірден өтті.

Сталиндік қуғын-сүргіннің зардаптары

"Мемориал Интернэшнл" ұйымының мәліметінше, сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан 10-12 миллионнан 38-39 миллионға дейін адам қаза тапқан.

• Саяси айыппен 4,5-4,8 миллион адам түрмеге жабылып, 1,1 миллион адам ату жазасына кесілді;

• 6,5 миллион адам жер аударылды;

• 4 миллионнан астам адам сайлау құқығынан айырылды.

• Әр жылдары 6-7 миллион адам аштықтан өлді;

• 17 961 адам мәжбүрлі еңбектің салдарынан қаза тапты;

• 1954 жылы КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Хрущев дайындаған баяндамасы бойынша 1921-1954 жылдар аралығында НКВД "үштігі" мен әскери трибунал 3 777 380 адамға үкім шығарды.

•  Олардың 642 980-і ату жазасына кесілген;

• 2 миллион 369 мың 220 адам 25 жылға бас бостандығынан айырылды;

• 765 180 адам жер аударылды;

• КСРО Ішкі істер министрлігінің 1-арнайы бөлімінің мәліметі бойынша 1921-1954 жылдар аралығында КСРО бойынша 4 миллион 60 мың 306 адам сотталған;

• Олардың 799 455-і ату жазасына кесілген. Түрмеде 2 миллион 631 мың 397 адам отырған. 413 мың 512-сі елден шығарылды. 215 мың 942 адамға жеңіл жаза тағайындалған.

Жалпы, бүгінде тарихшылар мен сарапшылар сталиндік қуғын-сүргін туралы берілген ресми статистикаға сенбейді. Олардың пікірінше, ресми деректер өте аз. Мәселен, тарихшы В.Попов 1923-1953 жылдары сталиндік репрессияға ұшырағандардың жалпы саны 40 миллионнан кем емес екенін айтады.

Сталиндік қуғын-сүргінді жүзеге асырғандар

Сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі орындаушылары  НКВД жетекшілері Г.Ягода, Н.Ежов және Л.Берия болды. Кейін олардың тағдыры да қайғылы аяқталды.

Ягода 1934-1936 жылдары НКВД-ны басқарды. Ол 1936 жылы 26 қазанда қызметінен босатылды. 1937 жылы 28 наурызда тұтқындалып, тергеліп, 1938 жылы 15 наурызда сот шешімімен атылды.

1936 жылы 26 қыркүйекте Н.Ежов Ягоданың орнына НКВД бастығы болып тағайындалды. 1938 жылы 24 қарашада қызметінен босатылып, су көлігі комиссары қызметіне ауыстырылды.

1939 жылы НКВД бастығы Берия Ежовтың қолына кісен салып, кабинетінен алып шықты.

Берия мен Сталин

1940 жылы 3 ақпанда КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасы Ежовты ату жазасына кесті. Үкім 4 ақпанда орындалады.

Сталиндік қуғын-сүргіннің ең ауыр қылмыскерлерінің бірі – Лаврентий Берия 1938 жылы 22 тамызда НКВД басшысы болып тағайындалды.

Сталин қайтыс болғаннан кейін оның адал қызметшісі ретінде Берияның да басын қара бұлт үймелей бастайды. 1953 жылы 26 маусымда Хрущев КСРО Министрлер Кеңесінің кезектен тыс отырысын шақырды.

Жиналыста Берияның мәселесі қаралып, оған "социализм жолындағы елдің дамуына кедергі келтірген тұлға" және басқа да бірқатар айыптар бойынша айып тағылып, сол жерде қамауға алынды.

Маршал Жуков Берияның қолына кісен салды. 1953 жылы 24 желтоқсанда КСРО Жоғарғы сотының үкімімен Берия ату жазасына кесіліп, үкім сол күні орындалды.

Осылайша, сталиндік қуғын-сүргіннің тағы бір басты орындаушысы өз жазасын алды. Сталин өлгеннен кейін оның адамзатқа қарсы жасаған қылмыстары ашыла бастады.

Бүгінде тарихшылардың көпшілігі Сталинді Адольф Гитлерге теңейді. Гитлер соғыс салдарынан миллиондаған адамдардың өліміне себепкер болса, Сталин бейбіт уақытта миллиондаған адамдардың ажалына себеп болды.

Бүгінде Сталиннің зұлымдығы туралы сөз болғанда, жақтастары оның фашизмді жеңгенін қолдайды. Сталин фашистік Германияны жеңгенімен, Кеңес Одағы басып кіргенше Германияның одақтасы болды. Сонымен қатар, сол соғыста "күлшесін қорғасынға айырбастап, майданға оқ жіберген" тылдағы адамдардың да үлесі зор. Соны ұмытпайық.

Т. Раушанұлы