Ленд-лиз: Соғыс кезінде АҚШ басқа елдерге қандай көмек көрсетті?

Ленд-лиз: Соғыс кезінде АҚШ басқа елдерге қандай көмек көрсетті?
Фото: babel.ua

2022 жылдың 9 мамырында АҚШ президенті Джо Байден Украинаға жеңілдетілген негізде қару-жарақ жеткізуге мүмкіндік беретін ленд-лиз туралы заңға қол қойды. Мұндай заңға алғаш рет – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде – Франклин Рузвельт АҚШ-тың одақтастарына көмек жіберу үшін қол қойған болатын.

Бұл термин ағылшынның lend және lease сөздерінен шыққан, несие беру және жалға беру дегенді білдіреді. Бұл заң әдетте қару сатуда кездесетін бюрократиялық кедергілерді жоюға мүмкіндік береді. Бірінші ленд-лиз туралы заң Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін қабылданды. Ол заң бойынша, АҚШ немістермен соғысып жатқан елдерге жан-жақты көмек көрсетті.

АҚШ президенті Франклин Рузвельт 1941 жылы 11 наурызда Ақ үйде ленд-лиз туралы заңға қол қойды. © Bettmann / Contributor / Getty Images

1941 жылы 11 наурызда АҚШ президенті Франклин Рузвельт Гитлерлік Германиямен соғысып жатқан елдерге әскери көмек көрсету бағдарламасына "Ленд-лиз" туралы заңға қол қойды. 1941 жылы 22 маусымда Германия КСРО-ға басып кірген кезде Кеңес Одағы АҚШ-тың көмегін алушылардың қатарына қосылды. 81 жылдан кейін АҚШ президенті Джо Байден заңға екінші рет қол қойды. Бұл жолы Украинаға ленд-лиз негізінде әскери көмек көрсетіледі.

© Doug Mills / Getty Images

Ленд-лиз  тарихы

1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға басып кірді. Бұған жауап ретінде Англия мен Франция Германияға соғыс жариялады. Осылайша адамзатқа қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс басталады.

1940 жылы неміс әскері Еуропаның көп бөлігін басып алып, Лондонды да бомбалай бастады. Сол кездегі Ұлыбританияның басты одақтасы Франция Гитлермен достық және шабуыл жасамау туралы шартқа қол қойған болатын. Осындай қиын кезеңде Ұлыбритания АҚШ-тан көмек сұрауға мәжбүр болады.

1941 жылы 12 тамызда Ұлыбритания премьер-министрі Уинстон Черчилль мен АҚШ президенті Франклин Рузвельт АҚШ-тың Ұлыбританияға ленд-лизін келісу үшін кездесті.

© stock.adobe.com

Бұған дейін 1941 жылы 11 наурызда АҚШ президенті Франклин Рузвельт Гитлерлік Германиямен соғысып жатқан елдерге әскери көмек көрсету бағдарламасы бойынша ленд-лиз туралы заңға қол қойды. Осыдан кейін Германиямен соғысып жатқан елдер АҚШ-тан жеңілдетілген шарттармен әскери көмек алу мүмкіндігіне ие болды.

1941 жылы 22 маусымда Германия КСРО-ға басып кіргеннен кейін, сол жылдың күзінде АҚШ президенті де Кеңес Одағына  ленд-лиз негізінде көмек көрсету туралы актке қол қойды. Осылайша Кеңес Одағы АҚШ-тан жеңілдетілген жағдайда әскери көмек алды.

Ленд-лиз  шарттары

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынас салқындаған соң, КСРО-да ленд-лизді "АҚШ өз пайдасы үшін жасады" деп түсіндіре бастады.

Франклин Рузвельт қол қойған заңға сәйкес:

• АҚШ-тың одақтас мемлекеттерге жеткізген және соғыс кезінде пайдаланылған, жоғалған және жау қолынан қираған материалдар, машиналар, әртүрлі әскери техника, қару-жарақ, шикізат және басқа да заттар төленбейді;

• Қарыз алушы мемлекет Ленд-лиз бағдарламасы бойынша берілген және соғыс аяқталғаннан кейін сақталған әртүрлі жабдықтарды өзінде қалдырғысы келсе, олар америкалық бюджет есебінен өтеледі. Содан кейін АҚШ өз ақшасын ұзақ мерзімді пайызсыз несие ретінде ресімдейді және жағдайға байланысты борышкер мемлекет қарызын толық немесе ішінара өтейді;

• Егер Америка Құрама Штаттары талап етсе, соғыс кезінде жақсы жағдайда сақталған әртүрлі техникалар мен жабдықтар соғыстан кейін АҚШ-қа қайтарылуы керек.

Жоғарыда аталған шарттарда Америка Құрама Штаттары ленд-лиз бағдарламасы бойынша жеткізетін әртүрлі машиналар мен жабдықтардың және басқа өнімдердің бір бөлігін ғана алады. Қалғаны ұзақ мерзімді пайызсыз несиеге негізделеді. Әлемдік нарықтағы әскери техниканың құны өте жоғары екенін ескерсек, бұл соғыс кезінде үлкен көлемде көмек алған КСРО үшін өте тиімді келісім болды.

Сол кезде АҚШ президенті Франклин Рузвельт ленд-лизді былай деп түсіндірді: "Көршімнің үйі өртеніп жатыр. Менде өртті сөндіруге көмектесетін құрылғы бар. Егер көршім өртті сөндіру үшін құрылғымды пайдаланғысы келсе, мен оған қуана келісемін".

КСРО-ға берілген көмек

1941 жылдың жазында неміс әскері КСРО-ға басып кіргеннен кейін Гитлер Мәскеуді күзге қарай алатынын, ал 1941 жылы 7 қарашада Қызыл алаңда жеңіс парады өткізетінін хабарлады. Басында бәрі неміс жоспары бойынша жүрді. Күрделі әскери техника болмаған және қару-жарақпен қамтамасыз етілмеген кеңес әскері шындап қарсылық көрсете алмады, немістер 1941 жылдың күзінде Мәскеуге таяу келді.

КСРО АҚШ-тан көмек ала бастағанда жағдай сәл өзгереді. Жауға қарсы халықтың бірлігі мен АҚШ-тан жіберілген әскери ұшақтар, танктер, азық-түлік, жанар-жағармай және басқа да көмектердің арқасында жау Мәскеу табалдырығында тоқтатылды.

Соғыстың аяғына дейін АҚШ ленд-лиз арқылы КСРО-ға жалпы сомасы 11 миллиард доллардың тауарын жеткізген болатын (содан кейін доллар бірнеше есе құнсызданды, қазір бұл сома 160 миллиард доллардан асады).

АҚШ-тан КСРО-ға 17 миллион тонна әртүрлі тауарлар, оның ішінде:

• 11 мыңнан астам ұшақ,

• 12 мың броньды техника,

• 2000 локомотив,

• 11 мыңнан астам вагон,

• 427 мың түрлі автомобильдер,

• 318 түрлі әскери кемелер, машиналар мен жабдықтар, азық-түлік, түсті және қара металдар, киім-кешек, материалдар, химиялық реагенттер және басқа да заттар жөнелтілді.

Көмек көлемінің үлкен болғаны сонша, төрт жылдан астам уақыт ішінде жөнелтілген өнімдердің, азық-түлік пен құрал-жабдықтардың көпшілігі тек КСРО-да 1941-1945 жылдары өндірілген өнімнің 50 пайыздан астамын құрады.

Мысалы, 1941-1945 жылдардағы КСРО-ның немістерге қарсы соғысында пайдаланған жарылғыш заттардың 30 пайыздан астамы, мыс, алюминий, кобальт, жүн, теміржол және басқа да көптеген өнімдердің 40 пайызы АҚШ-тан келген еді. Кеңес Одағы Америка Құрама Штаттарынан бірнеше миллион тонна бензин, керосин, дизель және басқа да жанармай импорттады.

Соғыс кезінде армия үшін өте қажет деп саналатын жарылғыш заттың едәуір бөлігіғ консервілер, қант және өсімдік майы АҚШ-тан жеткізілді.

Соғыс кезінде Кеңес әскері пайдаланған атақты "Катюшалар" АҚШ-тың Studebaker корпорациясы шығарған жүк көліктеріне де орнатылды. Ол кезде КСРО-да Катюшаны көтеріп, қиын жағдайда да қозғалатын мұндай жүк көліктері болмаған.

Бұған қоса, халық арасында "Виллис" деген атпен белгілі жеңіл көліктер де соғыс кезінде АҚШ-тан алынған.

Немістерге қарсы шайқастарда түбегейлі бетбұрыс жасаумен қатар, АҚШ жіберген әскери ұшақтар кейіннен кеңес әскери және азаматтық авиация саласының қалыптасуына әкелді.

Фэрбенкс аэродромында Кингкобра ұшағы жанында тұрған Кеңес және АҚШ ұшқыштары

Соғыс жылдарында Кеңес Одағы АҚШ-тың қолдауын жиі мойындады. Атап айтқанда, Иосиф Сталин 1943 жылы Тегеран конференциясында және 1945 жылы Ялта конференциясында АҚШ-қа көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, мұхит арқылы бұрын-соңды болмаған көмек жеткізілмейінше соғыста жеңіске жету мүмкін болмағанын баса айтты.

Бірақ соғыс аяқталғаннан кейін Шығыс Еуропаны басқарудағы келіспеушіліктер, сондай-ақ КСРО мен АҚШ-тың Корей түбегін басқаруға әскери араласуы екі ел арасындағы қарым-қатынасты айтарлықтай суытып жіберді. Осыдан кейін КСРО-да немістерге қарсы соғыста АҚШ-тың көрсеткен көмегі "ұмытыла" бастады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-тың КСРО-ға көрсеткен көмегінің маңыздылығы екі ел арасындағы қырғи-қабақ соғыс өршіп кеткен кезде қарсы үгіт-насихатқа әкелді. Кезінде Сталин және басқа да кеңес басшылары мен армия қолбасшылары АҚШ-қа көрсеткен көмегі үшін жеке алғыс айтса, қазір бұл көмек "капиталистік АҚШ-тың игілігі үшін жасалған" деп айтылады.

Бірақ бүгінде тарихшылардың көпшілігі нацистік Германияны жеңуде Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ленд-лиздің – АҚШ-тың КСРО-ға көрсеткен көмегі маңызды рөл атқарғанын айтады. Олардың пікірінше, АҚШ-тың көмегінсіз Кеңес Одағы немістерді жеңе алмас еді.

КСРО ленд-лизді қалай төледі?

Ленд-лиз бойынша КСРО тек сақталған әскери техниканы қайтаруға немесе оны сақтап, АҚШ-қа ақысын төлеуге міндеттелді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін екі ел КСРО төлеуге тиіс түпкілікті соманы талқылай бастады.

Есептеулер бойынша КСРО-ға берілген көмек көлемі шамамен 11 миллиард долларды құрады. АҚШ Кеңес Одағы 2,6 миллиард доллар төлеуі керек деп есептеді. Одан кейінгі келіссөздерде АҚШ бұл соманың жартысын алып тастап, КСРО 1,3 миллиард доллар төлеу керек деп есептеді.

Басында, КСРО тарапы бұл соманы төлеуге қарсы болмады. Бірақ соғыс аяқталғаннан кейін екі ел арасындағы шиеленіс күшейген кезде Кеңес үкіметі бар болғаны 170 миллион доллар төлейтінін жариялады. Көп ұзамай КСРО төленетін соманы 200 миллионға дейін арттырып, ақшаны 50 жылға бөліп төлейтінін мәлімдеді.

Әрине, бұл АҚШ-ты қанағаттандырмады. Америкалықтар КСРО-дан 30 жылда 1 миллиард доллар төлеуді талап етті, бірақ Кеңес Одағы одан бас тартты. Осылайша келіссөздер тоқтап қалды.

Кейін екі ел арасында өздерінің ықпал ету аймағын әлемнің әр түкпіріне көшіру мәселесінде келіспеушіліктер күшейіп, Кеңес Одағы АҚШ-қа мүлде төлем жасамады.

Мысалы, 1951 жылы АҚШ қарызын 800 миллион долларға азайтты. Бірақ КСРО оны төлеуден тағы бас тартады.

1969-1974 жылдардағы Америка Құрама Штаттарының президенті Ричард Никсон кезінде ғана КСРО-АҚШ қарым-қатынастары біршама жылыды. Сол кезде – 1972 жылы екі ел Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған қарыздарды өтеу тәртібі туралы келісімге қол қойды. Ол бойынша, КСРО АҚШ-қа 30 жыл бойына 722 миллион доллар төлеуге келісілді.

Осыдан кейін КСРО америкалықтарға үш рет жалпы сомасы 48 миллион доллар төледі. 1979 жылы Кеңес Одағының Ауғанстанға басып кіруіне байланысты АҚШ-пен қарым-қатынас қайтадан нашарлап, төлемдер тоқтатылды.

1990 жылы КСРО мен АҚШ президенттері қарыз туралы жаңа келісімге қол қойды. Келісім бойынша, доллардың құны айтарлықтай құнсызданғандықтан, КСРО АҚШ-қа 2030 жылға дейін 40 жыл ішінде 674 миллион доллар төлейтін болды.

КСРО ыдырағаннан кейін оның мұрагері Ресей АҚШ-тың қарызын барлық одақтас республикалар бірлесіп төлеу керек деп бастапқыда төлеуден бас тартты. Кейінірек 1993 жылы Борис Ельцин Ресейдің қарызды төлейтінін, ал 2006 жылға қарай оның толық төленетінін мәлімдеді.

Қысқасы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде есептелген миллиардтаған қарыз 50 жылдан кейін болмашы ақшамен өтелді.

Әскери көмек алған басқа елдер

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ КСРО-ға ғана емес, гитлерлік Германия мен Жапонияға қарсы соғысып жатқан бірнеше елдерге ленд-лиз негізінде көмек берді.

Атап айтқанда, Ұлыбритания, Иран, Франция, Қытай Республикасы (Тайвань) сияқты елдер АҚШ-тан көмек алды.

Ұлыбританияның ленд-лиз бойынша АҚШ-тан алған көмек қарызы 4,3 миллиард долларды құрады. Британ территориясында соғыс қимылдары болған жоқ. Мемлекет 1943 жылы немістер әлдеқайда әлсіреген кезде жердегі шайқастарға қосылғаннан бері, әскери техниканың көпшілігі қирамай қалды. Демек, Ұлыбританияның АҚШ-қа төлеуі тиіс сома КСРО-ға қарызынан да көп болды.

Соғыс кезінде Ұлыбритания Канададан да қару-жарақ алды. Лондон екі елге қарызын 2006 жылы толық өтеп бітірді.

1946 жылы 28 мамырда Франция мен АҚШ ленд-лиз бойынша қарыздарды төлеу мәселесін талқылады. Талқылаудың соңында америкалықтар Францияның АҚШ өнімдеріне баж салығын төмендетуі есебінен қарыздарынан бас тартты.

Ленд-лиз бағдарламасы бойынша Украинаға көмек көрсетіледі

АҚШ-та "2022 жылы Украинадағы демократияны қорғау үшін ленд-лиз" деп аталатын заң қаңтарда Конгресске енгізілген болатын. 3 мамырда Өкілдер палатасы заңды көпшілік дауыспен (417 қолдап, 10 қарсы) мақұлдады. Бұған дейін құжатты АҚШ сенаты да мақұлдаған болатын.

24 ақпаннан бері АҚШ Украинаға үш рет әскери көмек жіберді. Олардың әрқайсысының құны 800 миллион доллар. 28 сәуірде Джо Байден Конгресстен Украинаға көмектесу үшін қосымша 33 миллиард доллар сұрады.

Ал, АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы Украинаға 40 миллиард доллар көлемінде көмек көрсетуді мақұлдады.

Т. Раушанұлы