Бір жылға жуық ғарышта еріксіз өмір сүрген адам

Бір жылға жуық ғарышта еріксіз өмір сүрген адам
Фото: severnymayak.ru

Ғарышты бағындыру да құдіретті нәсілдің, халықтардың дамуы мен қуатының белгісі болды. Адамзаттың көкке алғаш ұшқанына бүгін жарты ғасыр, бір жыл толды. КСРО 1961 жылы 12 сәуірде ғарышқа тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринді ұшырды, бірақ көп жылдар ғарыш саласында бірінші болғанымен соңында көшбасшылығын сақтай алмады. Көп ұзамай АҚШ ғарыш бағдарламалары айтарлықтай жетістіктерге жетті. Әсіресе, бұл Айға қатысты тартысты кезеңде білінді.

КСРО ғарышкерлері Айға неге ұшпады?

Бәсекелестің соңындағы жағдай

КСРО мен АҚШ-тың ғарышты бағындыру саласындағы бәсекелестігінде америкалықтардың айқын басымдығы сонау 1980 жылдары, Кеңес Одағы көптеген көрсеткіштер бойынша артта қалған кезде  байқалды. Бәйге одақтың экономикалық жағдайына байланысты еді, яғни жердегі жұмыстар алға жылжыған сайын аспаннан нәтиже көрінетін.

1988 жылы 15 қарашада ұшқан "Буран" орбиталық зымыраны да жағдайды түзете алмады. Одақтастардың үгіт-насихатында үлкен дүрбелеңмен жарнамаланған бұл ұшу аппараты шын мәнінде мінсіз еді.  Алғаш рет тарихта ұшқышсыз ұшқан "Буран" өзінің алғашқы және соңғы рейсін ғарышқа жасады. Одан кейін бұл шығыны көп бағдарламаны жалғастыруға мүмкіндік те, ақша да қалмады.

Екі мемлекеттің ғарышкері

Сергей Крикалев көп жағынан рекорд орнатқан ғарышкер. Бірақ оның атын тарихта қалдырған жағдай –  ресми түрде бір елден ғарышқа ұшып, екінші елге қонған ғарышкер. Яғни, ол Кеңес Одағы кезінде көкке көтеріліп, қайтып оралғанда одақ ыдырап кеткен болатын.

1958 жылы Ленинградта дүниеге келген Сергей Крикалев Кеңес Одағының да, Ресей Федерациясының да батыры атанған төрт адамның бірі. Ол сондай-ақ 10 жыл бойы 6 рет старт жасап, 803 күн ғарышта болып, рекорд орнатқан.

1991 жылы мамырда "Мир" станциясының 9-шы экспедициясы құрамында ғарышқа ұшқан Крикалев командирі Анатолий Арцебарский және британдық астронавт Хелен Шарманмен бірге діттеген жеріне аман-есен жетеді. Шерман бұрынғы құраммен оралып, Крикалевпен бірге Арцебарский станцияда қалады. Жаз бойы олар 6 рет ашық кеңістікке шығып, көптеген тәжірибелер жасайды.

Жолы болмаған ғарышкер

Жоспар бойынша Крикалев 1991 жылдың шілдесінде Жерге оралуы керек еді. Бірақ бұл кезде КСРО космонавтикасының өзі шатқаяқтап тұрған шақта аспанмен ешкімнің шаруасы жоқ болатын.

Ондай жағдайда келесі рейс кейінге шегеріліп, Крикалевке станцияда бортинженер болып қалу ұсынылады. Келесі екі рейс біріктіріліп, 1991 жылы 2 қазанда қазақстандық ғарышкер Тоқтар Әубәкіров бортинженер болып ұшады. Бағдарламаға алғашқы аустриялық астронавт Франц Артур Фибёкте қатысты. Арада бір аптадан кейін, 1991 жылы 10 қазанда Әубәкіров, Фибёк, Арцебарскийлер оралады.

Сергей Крикалев қайтадан қалуға мәжбүр болады және 1992 жылы 25 наурызда ашық ғарышқа тағы бір шыққаннан кейін Жерге оралады. Осылайша, бұл жоба КСРО-дан басталып, Ресейде аяқталған алғашқы және соңғы бағдарлама ретінде тарихта қалады.

Әрине, ғарышкер Жермен үнемі байланыста болды.

Сергей Крикалев өз мансабында 8 рет ашық ғарышқа шығып, жалпы,  41 сағат 26 минутты өткізген. Ең ұзағы 27.07.1991 жылы сағат 08:44-те тіркелді. Ол ғарышта 6 сағат 49 минут болған.

Одақтан кейінгі тағдыр

КСРО ыдырап, жұрттың бәрі әбігерге түскенімен, дәстүр бойынша Крикалевке алдын ала бөлінген "Волга" автокөлігі сыйға тартылып, ол сыйлықты соңғы рет алған ғарышкер  атанды. Сондай-ақ, 311 күн, 20 сағат 00 минут 34 секунд ғарышта болғаны үшін Ресей Федерациясының Батыры атағы беріледі.

1992 жылы NASA АҚШ ғарыш кемесіне ұшатын тәжірибелі астронавтты іздеуді бастады, оған Ресейден екі адам – ​​Владимир Титов пен Сергей Крикалев қабылданды. Бірқатар сынақтардан кейін Крикалев іріктеліп, NASA-да біраз уақыт жұмыс істейтін болады.

Бірқатар дайындықтардан кейін АҚШ-Ресей бірлескен жобалары жүзеге асып, Крикалев америкалық Discovery шаттл ұшағында ұшқан тұңғыш ресейлік ретінде тарихта қалды.

Крикалев содан бері екі ел арасында жұмыс істеп, бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырды. Ол әлі күнге дейін Роскосмостың кеңесшісі, психология ғылымдарының кандидаты және ұшақтардағы күрделі ұшулар бойынша жетекші сарапшы болып жұмыс істейді.

Крикалев 40 жасында Лениндік сыйлыққа ие болды. 2018 жылғы сайлауда ол Владимир Путиннің сенімді өкілі атанды.

Т. Раушанұлы