Қытайда торғайды қырған адамдардан табиғат қалай кек алды?

Қытайда торғайды қырған адамдардан табиғат қалай кек алды?

Осыдан 64 жыл бұрын, яғни 1958 жылы Қытайда егістіктегі бидай егінін сақтау үшін торғайлармен күрес басталды. Елдегі торғайлардың барлығы дерлік жойылған. Осыдан кейін табиғаттағы тепе-теңдік бұзылып, Қытайдың ауыл шаруашылығына үлкен зиян келеді. Нәтижесінде ондаған миллион адам аштықтан қырылды.

Бүгінде дүние жүзіндегі екінші үлкен экономикасы бар Қытай Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ең артта қалған ел еді. Соғыстан кейінгі 4 жылға созылған азамат соғысында КСРО-ға арқа сүйеген коммунистер жеңіске жетті. Ел Халық Республикасы болып жарияланып, ал, басшысықа Мао Цзэдун келді.

Ол кезде азық-түлік тапшылығы мен миллиондаған адамдар кедейшілікте өмір сүрген Қытайдың жағдайы ауыр еді. Елдің социалистік жолды таңдағаны белгілі болған кезде КСРО Қытайға айтарлықтай көмек көрсетті. Бірақ бұл жеткіліксіз еді.

Мао Цзэдун мен Иосиф Сталин ©news.china.com

Қытай үкіметіне ауыл шаруашылығы мен экономиканы реформалап, елді кедейліктен шығару міндеті тұрды. Іс жүзінде мұндай реформалар жүргізіліп жатқан болатын. Бірақ пайдасынан гөрі зияны көп болды. Үш жылдың ішінде дұрыс емес реформадан ондаған миллион адам аштықтан қайтыс болды.

Табиғатқа қарсы жоба

1957 жылы 18 ақпанда Қытай коммунистік партиясының кезекті съезінде Қытайды дамытудың "Үлкен секірісі" атты бағдарламасы талқыланады. Бұл бағдарламаның авторларының бірі сол кездегі Қытай білім министрінің орынбасары болған биолог Чжоу Цзянь еді.

Ол өз бағдарламасында ауыл шаруашылығын дамытып, халықты тамақпен қамьамасыз ету үшін торғай мен егеуқұйрықтарды жаппай жоюды ұсынды. Чжоу Цзянның есебі бойынша елде өсірілетін бидайдың басым бөлігін торғайлар мен егеуқұйрықтар жейді. Егер олар жойылса, миллиондаған адамдарды тамақтандыруға және ел халқын кедейліктен шығаруға болатын бидайды үнемдеуге болады.

Коммунистік партия съезінде жалынды сөз сөйлеген Чжоу Цзя Пруссия королі Фредерик де осылай істеп, оң нәтижелерге қол жеткізгенін айтады.

© alamy.com

Сол кезде мемлекет басшысы болған Мао Цзэдунды бұған көндіру қиын емес еді. Орта мектепті толық аяқтамаған Мао Цзэдун елдегі егеуқұйрықтар мен торғайлардың барлығы жойылса, оның салдары қандай болатынын білмеген. Бұл жұмыстың келеңсіз салдары болуы мүмкін екенін білгендер мемлекет басшысы келіскен жұмысқа қарсылық көрсете алмады. Осылайша, Чжоу Цзянның ұсынысы қабылданады.

Маңызды шешім: жәндіктер мен құстарға шабуыл

Елдегі барлық егеуқұйрықтар мен торғайлар "Үлкен секіру" бағдарламасына бекітілгеннен кейін оны жүзеге асыру жұмыстары басталады. Торғайлар мен егеуқұйрықтарды қалай жою керек, жұмысқа кімдерді қатыстыру керек, өлтірілген жануарларды қалай жою керек сияқты іс-шаралар жоспары жасалады.

1958 жылы 18 наурызда Қытай коммунистік партиясының кезекті VIII съезінде Мао Цзэдун сөз сөйлеп, елдегі торғай мен егеуқұйрықтарды жою жоспарының маңызды тұстарына тоқталды. Ол өз сөзінде Қытайдағы ғылыми-зерттеу институты дайындаған баяндамадан түрлі цифрлар мен мысалдар келтіреді. Оның айтуынша, торғайлар жыл сайын 36 миллион адамның қарын тойдыратын бидайды жейді. Егер олар жойылса, егіннің салмағы күрт артады. Осылайша Мао Цзэдун торғайларға соғыс жариялады.

Осыдан кейін ел көлемінде "соғыс" жарияланып, алдымен шаруалар жұмысқа кіріседі. Қытайдың барлық жерінде торғайлар қырыла бастады. Үкімет бұл іске барлығын қатыстырып, торғайларды өлтіру жоспарын белгілейді. Бұл жұмысқа бюджеттік мекеме қызметкерлері де, шаруалар да, әскерилер де, мектеп оқушылары мен студенттер де жұмылдырылған.

© alamy.com

Торғайлар табиғи түрде ауада 15 минуттан артық ұша алмайды. Бұл онымен күресіп жүргендерге пайдалы болады. Адамдар торғайларды қажыту үшін барабандармен және басқа да күшті дыбыс шығаратын құрылғылармен қаруланады. Қатты дыбыстар мен дауыстардан шошынған құстар жерге қона алмай, құлай бастайды. Адамдар оларды сөмкелерге салып, арнайы пункттерге апарады.

"Мектептегі барлық мұғалімдер мен оқушылар торғайларды өлтірмек болды. Түнде олардың ұясын бұзу үшін баспалдақ жасадық. Бұл жұмыс торғайлардың табиғатқа пайдалы құс екенін білгенге дейін жалғасты. Сол кезде торғайлар халықтың астығын жейді деп сендірдік", - дейді торғай аулауға қатысқан студент.

© cont.ws

1958 жылы наурыз-сәуір айларында бір ғана Бейжің мен Шанхайда 1 миллионға жуық торғай қырылды. Қытайда жалпы, шамамен 1,96 млрд торғай жойылды.

Ерте қуаныш пен аштық

1959 жылдың көктемінде ауа райы жақсы болды. Дәнді дақыл күткеннен де жақсы өсті. Орталыққа елдегі барлық аймақтарынан мол өнім туралы есеп тапсырылады. Бірақ ақырында жоспарланған өнім жиналмай, ашаршылық басталады.

Елдегі торғайлардың барлығы дерлік жойылғанда табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады. 1959 жылдың көктемінде бұл аумақты маса мен шегіртке басып алды. Олар жолындағы барлық нәрсені, соның ішінде піспеген бидайды кеміреді.

Сол жылы астық 1958 жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болды. 1960-61 жылдары жағдай одан да қиындай түсті.

Былтырғы бидай қорының болуына байланысты 1959 жылғы ашаршылықтың ауқымы аз болады. Алайда, 1960-61 жылдың өзінде бидай егінінің басым бөлігін шегіртке жеп қойғандықтан ашаршылық бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетеді.

Ашаршылық жылдарына зерттеу жүргізген қытай журналисі Ян Цзишэннің айтуынша, 1958-1962 жылдар аралығында Қытайда барлығы 36 миллион адам аштықтан өлген. Ресми деректерде қаза тапқандар саны 15 миллионға жеткен.

© alamy.com

Ол кезде Қытайда КСРО-дағы колхоз үлгісінде "халық коммунасы" деген колхоздар құрылып, барлық жер соларға берілген.

Коммуналарға тиесілі жерлерде егілген егіннен халық ештеңе ала алмайды, ал, өздері егін егетін жері қалмаған болатын. Мұндай жағдайда қала ғана емес, ауыл тұрғындары да дәрменсіз қалып, аштық талай адамның өліміне әкеледі. Осылайша ашаршылықтың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетеді.

Ян Цзишен өз зерттеулерінде былай деп жазады:

"Хэнань өлкесінің Шыңжаң уезінде аштықтан өлген егіншілер астық қоймаларына келіп: "Коммунистік партия, Мао төрағасы, бізді құтқар" деп айқайлап өлді. Қоймаларды күзетіп тұрған сарбаздар оларға көмектеспеді".

Ел басшылары да ашаршылықты жеңуге мүлде дәрменсіз болып, әскерилердің көмегімен бидай егілген алқаптарды, астық жинау науқаны қарсаңында оны қабылдау қоймаларын күзетіп отырды.

© ecoindustry.ru

Қойма қақпасының алдында отырған көп адам аштықтан өлді. Олардың мәйіттерін түнде жинап, туыстары алып кетпесе, жаппай бейіттерге жерлеген. Осылайша ашаршылық үш жылға созылды.

Ақыры Қытай басшылары торғайларды жаппай қырып, үлкен қателік жасағанын түсінді. Олар бірден Канада мен КСРО-дан торғайларды көптеп сатып алып, егістікке жіберді. Бірақ жағдайды түзету үшін тағы бірнеше жыл қажет еді. Осылайша табиғат қытайларды өзімен күрескені үшін аяусыз жазалаған.

Т. Раушанұлы