Ежелгі мысырлықтар неліктен мысыққа табынған?

Ежелгі мысырлықтар неліктен мысыққа табынған?
Фото: bethowen

Мысықтарды африкалықтар осыдан 5 мың жыл бұрын қолға үйретті. Өйткені, Ежелгі Египет егіншілікпен айналысатын ел болған. Кез келген аграрлы елдегі сияқты мұнда да кеміргіштер егінге орасан зиян келтіретін. Алдымен мысықтар кеміргіштер мен жыландардың көзін жойды. Кейінірек егеуқұйрықтарды да аулай бастады. Бұл адамдарды оба жұқтырудан құтқарды.

Бір қызығы, мысық қымбат жануар болған және оны тек ауқатты адамдар сатып алған. Кейінірек мысықтардың тез көбеюінің нәтижесінде кедейлердің үйінде де пайда болды.

Мысықтар әрбір үйде қасиетті жануарлар саналды. Оларды діни сенімге енгізе бастады. Ал әрбір құдайдың бейнесі табиғи ортамен байланысты болады. Олар көбінесе жануарлардың бейнесімен суреттеледі. Ал мысық болса бала сүю, жемісті күнге жетелейтін Ай құдайы Бастаның ресми бейнесі болған. Басында Күн құдайы (египеттіктердің басты құдайы) Раның сіңлісі болады. Оның басы мысықтың, денесі адамның бейнесі болып суреттелген екен. Ондайларды көне заманда "химерлер" деп атаған.

Осылайша мысықтарды дін қорғады. Егер мысық өлсе, оның денесі мумияланып, көмілген. Қожайын 70 күн аза тұтатын. Қайғылы оқиғаның белгісі ретінде қасын қырып тастайтын. Мысықтар үшін бөлек зират салынған. Археологтар Бен-Хасан қаласынан мысықтардың зиратын табады. Ол жерде 180 мыңнан астам мысықтың жерленгені мәлім болады. Матаға оранған (мумияландырылған) мысықтар бағалы тастармен көмкерілген, алтын және күміс сағаналарға жатқызылған екен.

Т. Раушанұлы