Бір ғасырдан кейін табылған кеме

Бір ғасырдан кейін табылған кеме
Фото: Эстер Хорватт, National Geographic архиві

Тәжірибелі полярлық фотограф Эстер Хорват таяуда ғана Антарктида жағалауынан табылған, мұз құрсауынан 2 миль төменде жатқан осы кемені суретке түсірген болатын. 

National Geographic Qazaqstan журналы Эстер Хорваттың тұңғиықтан түсірген сол тарихи суреттерін және nationalgeographic.com авторы Симон Уорралдың (Simon Worral) кеме туралы материалынан қысқаша мағлұмат ұсынды.

Ағылшын-ирландық зерттеуші Эрнест Шеклтон бастаған экспедиция мінген «Endurance» атты кеме сапарға 1914 жылы желтоқсанда Оңтүстік Георгиядан шыққан. Мақсаты – Оңтүстік полюске жетуді көздеген Шеклтон бастаған зерттеушілерді Антарктида жағалауына жеткізу. Алайда кеме 1915 жылы қарашада Уэддел теңізінде мұз құрсауына түсіп, күйреген. Кеме батып бара жатқанда мұзға шығып үлгерген экспедицияның 28 мүшесінің әупірімдеп жүріп аман қалғаны өз алдына бір хикая.


Бір қызығы, кеме батқан тұс шамамен белгілі болғанымен, оны іздеу жұмыстары нәтиже бермеген еді. Енді міне, 1 ғасырдан астам уақыт өткенде Endurance22 экспедициясы ғасыр жұмбағына айналған кемені Антарктиданың тұсынан, Уэдделл теңізінің түбінен тауып отыр. Кеменің алғашқы кескіндері 5 наурызда автономды сүңгуір аппараты арқылы 2 миль шамасындағы тереңдіктен анықталған.

Кеменің Endurance екендігіне ешқандай күмән жоқ, өйткені өте төмен температура, оттегінің аздығы және күн сәулесінің жоқтығы оның жақсы сақталуына септігін тигізген. Фотода оның атауы да анық көрініп тұр. Ғалымдар кеменің батқан орны белгілі бола тұра, ұзақ уақыт бойы табылмауының себебі оның құрсауға түскеннен кейін де мұздың ағысымен бастапқы орнынан жылжып кеткендігінен дейді.

А. Оралқызы