«Қарағайлы ормандағы таң» картинасына қатысты қызықты 5 дерек

«Қарағайлы ормандағы таң» картинасына қатысты қызықты 5 дерек

1.«Қарағайлы ормандағы таң» картинасының авторы Иван Иванович Шишкин ботаника, география мен геология салаларындағы терең білімі мен туындыларында табиғатты асқан шеберлікпен бейнелеуіне байланысты әріптестері арасында «Орман патшасы» атанған.

2. Жұмысқа бірден екі суретшінің қолы тиген. Шишкиннің өзі және оның жақсы досы Константин Аполлонович Савицкий. Бір күні суретші досын студиясына шақырып, оған мынадай сөздер жазылған хатты жібереді: «Приходи, посмотри, какую я отмахал штуковину». Оның «Штуковина» дегені «Утро в сосновом лесу» аталатын картинасы еді. Ал Константин Аполлонович шығармаға өз таңданысын білдіргенде, Шишкин пейзажға жабайы жануарлардың суретін салуын өтініп қылқаламын ұсынады. Шебердің неліктен бұлай жасағаны әлі күнге белгісіз.

3. Картина көрмеде көрсетілгенде оны Третьяков  сатып алады. Өнер туындысы коллекционер үйіне жеткізілгенде ол кенепте екі қолтаңба барын аңғарып, қатты ашуланады. Меценат дереу Франциядан скипидар әкелуге бұйрық беріп, Савицкийдің қолтаңбасын өшіріп тастайды. Дәл осы оқиғадан кейін көпшілік картина авторларын шатастырады.

4. Шишкиннің бұл картинасын Третьяковкаға бармағандар да біледі. Себебі қаптамасы осы картина репродукциясымен безендірілген кәмпит шыққан болатын. Бір қызығы, суретте 4 орман жыртқышы бейнеленсе де, халық арасында ол «Үш аю» деген атпен таралып кетті.

5. Кеңес үкіметіне қарасты «Красный Октябрь» кәсіпорны да осындай тәттілер шығарумен шұғылданды. Бірақ олардың бағасы өте қымбат болды. Килограммына төрт рубль. Сондықтан, ақын-пропагандист В.Маяковский өнімге «Если хочешь кушать «Мишку», заведи себе сберкнижку» деген лозунг ойлап тапқан екен.

А. Оралқызы