Гренландияға алғаш барған африкалықтың оқиғасы

Гренландияға алғаш барған африкалықтың оқиғасы
Фото: penguin.co.uk

Суық және қарлы жерлер туралы оқыған африкалық бала осы жерлерді іздеуге шығып, жылдар бойы саяхаттап, шытырман оқиғаларды бастан кешіріп, Гренландияға 12 жылда жетеді. Ол жергілікті тұрғындар көрген алғашқы қара нәсілді адам еді.

© Getty Images

Тете Мишель Кпомасси эскимостар тұратын Гренландия сияқты суық елге саяхаттаған алғашқы африкалық еді.

Гренландия – әлемдегі ең суық елдердің бірі және әдетте мұнда температура минустан төмен.

Гренландия. © Getty Images

Тетенің туған қаласы Тогода ауа райы керісінше ыстық.

 

Африкадан қашу

Кпомасси 1941 жылы Тогода дүниеге келген және 6 кластық білім алған. Әкесі өздері өмір сүретін дәстүрлі қауымға жататын ауылдың көрнекті тұлғасы және оның 26 ​​баласы болған.

Кпомасси жас кезінде жаңғақ ағашына шығып, улы жыланнан қорқып, құлап кетеді. Баланы қорқыныштан кейін туындаған жағдайдан құтқару үшін әкесі оны жыланмен байланысты нанымға табынатын жергілікті діни қызметкерге апарады. Баланы емдеген ол Кпомасси 7 жыл бойы джунглидегі жыландардың арасында тұруы керек деп шарт қояды.

Сауығып, жыландардың арасын мекендеген нулы орманға барудан қорқып жүрген бала "Гренландиядан Аляскаға дейін аумақтағы эскимостар" атты Робером Жессенның кітабын оқиды. Кітаптан ол Гренландияда жыландар және олар жасырынатын ағаштар жоқ екенін біледі. Осыдан соң  баланың "жылансыз елге" аңсары ауып тұрады. Көп ұзамай ол үйінен қашып кетіп, қалай да  Гренландияға жету керек екенін ойлай бастайды.

12 жылдық саяхаты кезінде Кпомасси Батыс Африкадан Еуропаға баратын жолдарды жүріп өтіп, ақыры 1960 жылдардың ортасында Гренландияға баратын кемені табады. Осылайша, Кпомасси солтүстіктің суық еліне келген алғашқы африкалық атанады. Ол кезде  Кпомасси 24 жаста еді.

© Getty Images

Қара нәсілді адамды көрмеген жергілікті тұрғындар

Тете Мишель Кпомасси қазір 80 жаста. Ол Гренландияға алғашқы сапары туралы:

"Бізді Гренландияға жеткізген кемені бұғазда жергілікті тұрғындар күтіп тұрған. Себебі, кеме қыс бойы өздеріне қажет өнімдерге толы еді. Алайда, халық бұдан да үлкен тосын сый күтіп тұрғанын білмеді.

© Getty Images

Кемеден түскенше біраз күттім. Себебі, оларда мені көргенде болатын реакция белгісіз еді. Жергілікті тұрғындар бұрын ешқашан қара нәсілді адамдарды көрмеген деп болжадым. Кемеден түскенімде бәрі маған аңтарылып қарап тұрды. Олар менің шынайы адам екенімді немесе бетперде киіп алғанымды ажырата алмады. Балалар аналарының артына тығылды. Кейбіреулер мені таудан келген елес деп ойлап жылады. Ақыры бір әйел менің адам екенімді түсініп, "әдемі екен" деп айқайлады", - дейді.

Ыстық және суық елдердегі айырмашылықтар

Әрине, Кпомасси шыққан Африкада температура арктикалық климаттан мүлдем өзгеше еді. Ол екі аймақ арасындағы елеулі мәдени айырмашылықтарды да түсінді. Кпомасси өскен Тогоның ащы, қайнатылған тағамы мен мұнда мұхиттан ауланған, шикі күйінде жейтін балықтың айырмашылығы бар еді.

© Getty Images

Ол сондай-ақ Тогода балалар ересектерге бағынышты болып тәрбиеленетінін, ал Гренландияда ересектердің жастарды тыңдайтынын көреді. Кейінірек африкалық саяхатшы осының барлығы туралы "Гренландиядағы африкалық" кітабын жазды. Кітап 1981 жылы Парижде жарық көрді. Бұл шытырман оқиғалы шығарма 10 тілге аударылған.

Нағыз Гренландия

Кпомасси өз кезегінде Гренландия мен Того арасындағы ұқсастықтарға тап болады. Ол Тогодағы өмір француз колониясының ықпалында болғанын айтады. Бірақ Гренландия да осы жағдайды бастан кешіп жатқан болатын. Бұл жер де Еуропаның ықпалында еді. Сондықтан ол аймақтың толық бірегейлігін, иглу үйлерін (қарды таптап жасалған үйлер) және аңшыларды іздеу үшін ең солтүстік аймақтарға барады.

"Гренландияда алғаш жауған қарды көргенде нағыз Гренландияны сезінесіз. Ауа температурасы күрт төмендеп, су қатып, Гренландиялықтар елдің нағыз патшаларына айналады. Бейтаныс адамдар бұл аймақты тастап, ескі даналық үстемдік құрады. Бұл мен ең жақсы көретін еркіндік болды", - деп еске алады Кпомасси.

Африкаға қайта келу

Саяхат кезінде тілдерді үйреніп, өзін-өзі тәрбиелеп, жаңа жерлерді көрген Кпомасси Гренландиядан 18 ай өткесін Тогоға оралады. Бұл кезде ол шет тілдерін білетін саяхатшы еді. Кейінірек Кпомасси Африка мен Еуропада алған әсері туралы дәрістер оқыды.

Қазір саяхатшы Парижде тұрады және үйленген, бірақ анда-санда Гренландияға барып тұрады. Оның Гренландияға кейінгі сапары 2021 жылдың қыркүйегінде жүзеге асты. Ол Африкадағы балалық шағы туралы екінші кітабын жазуды жоспарлап отыр.

Т. Раушанұлы