Жұмбақ Санта бір көшенің тұрғындарына ақша таратты

Жұмбақ Санта бір көшенің тұрғындарына ақша таратты

Жапонияның Осака қаласының аудандарының бірінде пошта жәшіктерінен белгісіз жөнелтушіден ақша салынған конверттерді таба бастаған тұрғындар абдырап қалған. Бұл туралы Sora News 24 хабарлады.

Белгісіз қоңыр конверттегі "жұмбақ ақшаны" қала тұрғындарының бірі алғаш рет биыл қазан айының соңында пошта жәшігінен тауып алған. Көп ұзамай ауданның басқа тұрғындары да осындай қоңыр конверттерді ала бастаған. Желтоқсан айының басына дейін екі ай бойы адамдарға осылайша ақша түсіп тұрған.

Ақша салынған конверттерде әртүрлі сома – бірнеше мың иеннен (1000 иен – 3800 теңге) он мыңнан астам иенге (38 мың теңге) дейін болған. Порталдың мәліметінше, көше тұрғындарының біріне 13 мың иен (50 мың теңге) салынған конверт түскен.

200 мыңнан астам иен (13,8 миллион теңге) осындай ерекше жолмен таратылған. Айта кету керек, бұл сома полицияға арызданған тұрғындар алған ақша бойынша есептеліп отыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, адамдар алған ақшаны полицияға хабарламай-ақ заңды түрде пайдалана алады. Алайда кейбір көше тұрғындары мұндай сыйлыққа риза болғанымен, өздерін ыңғайсыз сезініп, құзырлы органдарға хабарлауды жөн көрген.

Қаланың аталмыш көшесінде екі ай бойы пошта жәшігіне аұшаны кім салып тұрғанын тұрғындар да, құқық қорғау органдары да білмейді.

Дегенмен, әлеуметтік желі қолданушылары бұл жұмбақ оқиғаға байланысты өз болжамдары мен нұсқаларын алға тартты.

Олардың бірі мұны жомарт Санта десе, екіншісі: "Якудзалар таратқан ақшаны алмаңдар, олар осылай адамдарды өз құрығына түсіреді" деп жазды. Ал, үшінші тарап бұл әрекетте блогерлер өз рейтингі үшін жасап жатқанын айтты.

Сондай-ақ, желі қолданушылардың бірі бұл үйлердің ешқайсысында бейнебақылау камералары жоқ екенін байқаған. Және, мүмкін, жұмбақ жомарт адам дәл сол себепті осы көшені таңдаған болуы мүмкін.

Барлық теорияларға қарамастан, жұмбақ әрекеттің шынайы себебін анықтау мүмкін емес. Бірақ басылымның өзі бұл Рождествоға аз уақыт қалғанда ақша таратуды шешкен жапондық псевдо-Санта-Клаус болуы мүмкін деп болжайды.

Т. Раушанұлы