Тоқаев: "11 қыркүйектегі террористік шабуылда құрбан болғандар бүкіл адамзаттың жадында"

Тоқаев: "11 қыркүйектегі террористік  шабуылда құрбан болғандар бүкіл адамзаттың жадында"

Нью-Йоркте 2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдардың құрбандарын еске алу күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның терроризмге қарсы жаһандық күшпен бірге екенін айтты.

"Бүгін біз АҚШ тарихындағы ең қаралы күндердің бірі, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактінің құрбандарын еске аламыз. Жалпы адамзатқа қарсы бұл қорқынышты оқиға бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдардың жадында сақталды", - деп жазды Тоқаев twitter-де.

Президент сондай-ақ, Қазақстан терроризмге қарсы күресте халықаралық қауымдастықты қолдайтынын мәлімдеді.

"Қазақстан әлем қоғамдастығының лаңкестікке қарсы әрекеттерін толық қолдайды. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – Қазақстанның стратегиясы және АҚШ-пен стратегиялық серіктестігіміздің басты ұстанымы",-деп қосты Тоқаев.

Айта кетейік, 2001 жылдың 11 қыркүйегінде таңертең Нью-Йорктегі Манхэттеннің оңтүстік бөлігінде орналасқан Дүниежүзілік сауда орталығының егіз мұнарасына Аль-Каида тобының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) басқыншылары мінген екі ұшақ соқтығысты. Үшінші лайнер Вашингтон маңындағы Пентагон ғимаратына жіберілді. Төртінші ұшақтың экипажы мен жолаушылары лаңкестерді бақылауға алуға тырысты, ұшақ Пенсильваниядағы Шэнксвилл ауданының маңындағы далаға құлады. Терактілер нәтижесінде үш мыңға жуық адам қаза тапты.

Т. Раушанұлы