Қытай өзінің аппаратын алғаш рет Марсқа қондырды

Қытай өзінің аппаратын алғаш рет Марсқа қондырды

Қытайдың Tianwen-1 роверы Марс бетіне сәтті қонды.

"15 мамырда "Тяньвен-1" ғарыш кемесі Қытайдың Марсты зерттеу жөніндегі алғашқы миссиясының шеңберінде утопиялық Марс жазығынан оңтүстікке алдын-ала жоспарланған жерге сәтті қонды", - делінген Қытайдың Ұлттық ғарыш басқармасы мәлімдемесінде.

Ғарыш кемесі Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань аралынан өткен жылдың шілде айында ұшырылған. Ол Марс орбитасына ақпан айының соңында кірді. Содан кейін ол қонуға қолайлы жер іздеп екі ай өткізді. Сонымен қатар планетаның бетін суретке түсірді.

Миссияның басты мақсаты – Марста өмір сүру мүмкіндігін зерттеу. Ровер арқылы жиналған мәліметтер ғалымдарға осы планетадағы жағдайлардың келешекте адамдардың өмір сүруіне қолайлы бола алатынын зерттеуге көмектеседі.

Ровер Марстың орбитасынан 15 мамырда Бейжің уақытымен сағат 01:00-де шыққандығы хабарланды. Үш сағаттан кейін аппарат орбиталық модульден бөлініп, Марс атмосферасына енген. Осыдан кейін ол жылдамдығын бәсеңдетіп, 9 минутта "Қызыл планетаға" сәтті қонған.

240 келілік ровер Күн энергиясымен жұмыс істейді. Ол фотосурет түсіруге, навигацияға, топырақ үлгілерін талдауға, су мен мұз іздеуге арналған құрылғымен жабдықталған. Миссия кем дегенде 90 күнге созылады.

НАСА мен Роскосмос Қытайды осы жетістігімен құттықтады. Қытай Кеңес Одағы мен АҚШ-тан кейін Қызыл планетаға зымыран қондырған үшінші мемлекет атанды.

Марсқа алғаш рет 1971 жылы Кеңес Одағы өз құрылғысын қондырған. Кеңес ровері "Марс-3" іске қосылып, Жерге бейне сигналдарын жібере бастаған, бірақ байланыс 20 секундтан кейін жоғалған.

1976 жылы АҚШ-тың "Викинг-1" және "Викинг-2" ғарыш аппараттары Марсқа қонды және алғашқы миссиясын сәтті аяқтады. Еуропалық ғарыш агенттігінің екі ғарыш кемесі Қызыл планетаға қону кезінде жарылып кетті.

Бұған дейін 19 ақпан күні Америкалық Perseverance зерттеу құрылғысы Марстағы Езоро кратеріне қонды. Оны Америка Құрама Штаттарының аэронавтика және ғарыш ұлттық басқармасы (NASA) тікелей эфирде көрсетті.

Құрылғыны қондыру Езеро кратерінде жоспарланған, ол жерден ғалымдар ертеректе өзен орнын анықтаған. Ғалымдардың пайымдауынша, тіршілік іздері кратерде сақталып қалуы мүмкін. Perseverance оларды іздейді.

Еске салайық, өткен жылы желтоқсанда Қытайдың "Чанъэ-5" зонды Айдың күнгей бетіндегі "Дауылдар мұхиты" аймағынан топырақ сынамасын бұрғылап алып, оны Жерге жеткізді.

Осы оқиғадан соң Қытай 44 жылдан кейін Ай бетінен Жерге геологиялық үлгілерді жеткізген үшінші мемлекет атанды. Бұған дейін КСРО мен АҚШ топырақ сынамаларын әкелген еді. Кеңес Одағының "Луна" миссиясы 1970-1976 жылдар аралығында Жерге 326 грамм Ай топырағын алып келген, ал "Аполлон" миссиясында АҚШ-қа 391 грамм Ай топырағы жеткізілген.

Т. Раушанұлы