Ever Given кемесі қайраңнан шығарылды

Ever Given кемесі қайраңнан шығарылды

Суэц каналында дауыл салдарынан кемелер өтетін жолды жауып тастаған Ever Given кемесі қайраңнан шығарылды.

Бірақ басқа кемелердің қашан өтетіні әлі белгісіз. Құтқарушылар 27 мың текше метр құм алынғаннан кейін кемені босатқанын айтқан.

Оны 2018 жылы Жапонияның Imabari Shipbuilding кеме жасау компаниясы құрастырған.  Ұзындығы 400 метр, ені 58,8 метр. Қазіргі уақытта кеме Тайванның Evergreen Marine Corporation компаниясына тиесілі.

Кеме 20100 стандартты теңіз контейнерлерін (ұзындығы 6,1 метр, ені 2,44 метр және биіктігі 2,59 метр) тасымалдауға арналған. Ол 199,5 мың тонна жүк тасымалдай алады. Кеменің крейсерлік жылдамдығы 9,6 узелге тең (сағатына 17,7 шақырым).

24 наурызда ол Қытайдан Роттердамға бара жатқанда Суэц каналының 151-ші шақырымында дауыл салдарынан жағаға жылжып қайраңға тұрып қалған.

Сарапшылардың пікірінше, Суэц каналындағы кептеліс әлем экономикасына күніне 9,5 миллиард доллар шығын келтірген.

Айта кетейік, Суэц каналы – Египеттің солтүстік-шығысында орналасқан шлюзсіз теңіз каналы. Бұл Атлант және Үнді мұхиттары арасындағы ең қысқа су жолы. Ал каналмен өтпей Африканы айналып өтетін болсаңыз 8 мың-15 мың шақырым ұтыласыз.  Ол Азия мен Африка арасындағы шартты географиялық шекара саналады. Канал 1869 жылы 17 қарашада ашылды. Оның ұзындығы 161 шақырым (каналдың шығысымен 173 км), ені 120-150 метр, ал тереңдігі 45-60 метр. Кемелер каналды орта есеппен 11-12 сағатта жүзіп өтеді.

2020 жылы Суэц каналы арқылы 19 мың кеме өткен.  Бұл каналдан бір күнде шамамен 52 кеме өтеді дегенді білдіреді.

Т. Раушанұлы