Суэц каналындағы кептеліс. Бір кеме әлем экономикасына қалай әсер етті?

Суэц каналындағы кептеліс. Бір кеме әлем экономикасына қалай әсер етті?

23 наурыз күні Суэц каналында төтенше жағдай болды. 20 мың жүк контейнерін тиеген Ever Given кемесі қатты соққан жел салдарынан (алдын ала болжам бойынша) жағаға жылжып, қайраңға тірелген. Нәтижесінде каналға көлденең тұрып қалып, қозғалысты шектеді.

Қазіргі таңда төтенше жағдайға байланысты Суэц каналында қозғалыс тоқтаған. 150-ге жуық танкер мен жүк артатын кемелер кептелісте тұр. Олар өз тауарларын діттеген жеріне уақытылы жеткізе алмайтыны анық. Соның әсерінен нарықта Суэц каналы арқылы өтетін тауарлардың бағасы қымбаттаған. Олардың қатарында мұнай, газ және дәнді дақылдар бар.

Ever Given кемесінің ұзындығы – 399,98 метр. Ені – 58,80 метр. Дүние жүзіндегі ең үлкен кемелердің бірі саналады, контейнермен түрлі тауар тасымалдайды.


vesselfinder.com

Қайраңдағы кемені шығару бірден басталған. Алайда 8 бірдей сүйреткіш кеменің күші жетпеген. Керісінше ауыр жүк тиеген кеме қайраңға бата түскен. Сарапшылар сол кезде жүгін жеңілдетіп сүйрегенде нәтиже болар еді деген пікірде.

Қазір кемені сүйреп шығару мүмкін емес. Сондықтан каналдың жағалауын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жүгін өзге кемеге артып жеңілдетпек. Бұл жұмыс бірер аптаға созылуы мүмкін. Ал оның әлемдік экономикаға тигізер зияны көп болмақ.


Global Look Press

Daily Mail мәліметінше, Суэц каналы жабылған әр күн 9,5 миллиард доллар шығын әкеліп отыр. Бұл кептелісте тұрып қалған кемелердің шығындары. 

Сарапшылардың пікірінше, алдағы 24-48 сағат ішінде канал босамаса, онда кептелісте қалып қойған кеме қожайындарына Африканы айналып өтуге тура келеді. Бұл да оңай емес, қосымша мыңдаған шақырым жол болады. Ал бұл тауарды жеткізу уақытын бір аптаға кешіктіреді. Бұл кептеліс – адамзат тарихындағы ең қымбаты болуы мүмкін.


Reuters

Суэц каналы 1869 жылы халықаралық порт статусын алған. Қазіргі таңда әлемдегі ең ірі сауда жолдарының бірі. 12%-ы осы Суэц арқылы өтеді. Канал арқылы танкерлер көбіне мұнай мен газ тасымалдайды. Күніне 50-ге жуық кеме қатынайды. 

Канал Еуропа мен Азияны байланыстыратын алтын көпір. Кемелер үшін Африка құрлығын айналып өтпеудің бірден-бір шешімі. Жылдам әрі көп шығынсыз жүк тасымалдауға мүмкіндік беріп отырған жол.

6 жыл бұрын Суэц каналында жөндеу жұмыстары жүрген. Солтүстік бөлігінде параллельді жол ашылған. Бірақ екіжақты қозғалыс барлық жерінде жолға қойылмаған. Егер Ever Given кемесі Жерорта теңізіне жақын маңда қайраңға тірелсе, онда қозғалыс бәсеңсігенмен тоқтамаған болар еді. Кеме каналдың оңтүстік бөлігінде қайраңға тірелген.


BBC

Ever Given аздап қозғалғанмен, қозғалысты жолға қою мүмкін емес. Кеме бәрібір қайраңға тіреліп тұр. Ал әр тұрған күні әлемдік экономикаға өз зиянын тигізуде. Канал арқылы өтетін тауарлардың бағасы 15 пайызға қымбаттайды деп күтілуде. Бұл биржадағы алып-сатарлар үшін ғана қол болып тұр.

Қайраңға тірелген кеме Жапонияның Shoei Kisen компаниясына тиесілі. Суэц каналындағы төтенше жағдайға байланысты олар кешірім сұрады.

Біз осы аймақтан өтуі керек болған кеме иелерінен, сондай-ақ Суэц каналының навигациясына қатысы бар барлық адамға үлкен алаңдаушылық туғызғаны үшін кешірім сұраймыз, - деп жазды сайтында.

Н. Үсенова