Адамдар қай елдің астанасын сұрағанда көп қателеседі?

Адамдар қай елдің астанасын сұрағанда көп қателеседі?
Фото: incomartour.com.ua

Әлем елдерінің астанасы жайлы айтқанда алдына жан салмайтын жан көп. Көбіміз үшін мектептегі география сабағында да қызығып қарайтын тақырыптың бірі осы болса керек. Бірақ кей елдің ірі қалалары астанасынан да атақты болып келеді. Мұндайда мықтының өзі мүдіруі мүмкін.

Аустралия


Жасыл құрлықты жалғыз алып жатқан елдің астанасы Сидней деп ойлап қалатындар көп. Біреулер Мельбурн деп те ойлауы мүмкін. Бірақ елдің ресми астанасы – Канберра. Сидней мен Мельбурн Аустралиядағы ірі қалалар ғана.

Ел астанасында 400 мыңнан астам адам тұрса, Сидней мен Мельбурнның Канберрадан тұрғындар саны 10 есе артық.

Швейцария

Тамаша табиғатымен талайды таңдандыратын Швейцарияның астанасы жайлы айтудың өзі бір қызық. Көпшілік Женева немесе Цюрих деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл елдің ресми астанасы – Берн қаласы. Бір қызығы, құжат жүзінде Швейцарияда астана жоқ.

АҚШ

Америка Құрама Штаттары жайлы да айта кеткен артық болмас. Кейде адамдар бұл елдің астанасы Нью-Йорк деп те шатасады екен. Бұл қала елдегі бейресми астана атына ие. Бірақ ресми астанасы – Вашингтон.  

Нью-Йорктегі тұрғындар саны Вашингтоннан 4 есе артық.

Монако

Еуропаның оңтүстігіндегі шағын ел жайлы ақпарат аз емес. Астанасы да Монако деп аталады. Онда 1000-ға жуық адам тұрады. Ал кей адам Монаконың астанасы Монте-Карло деп ойлайды екен.

Түркия

Түрік елінің астанасын қазақстандықтар жақсы білсе керек. Бірақ әлемдегі кей ел тұрғындары қателесіп жатады. Түркияның астанасы – Анкара, ал Стамбул ірі қаласы саналады.

Канада

Үйеңкі жапырақты елдің де ірі қалалары көп. Сондықтан астанасы жайлы сұрағанда мүдіріп кететіндер бар. Біреу Ванкувер, біреу Торонто деуі мүмкін. Торонто бір кездері астана болған, ал Ванкувер астана болмаған. Канаданың ресми астанасы – Оттава.

Үндістан

Үндістан – әлемдегі алпауыт елдердің бірі. Халық саны бойынша Қытайдан кейінгі орында. Елдің ірі қалалары көп. Мумбай, Дели, Калькутта, Бангалор және т.б. Ал арасынан астанасын атап көріңіз.

Үндістанның астанасы – Нью-Дели. Мумбай елдегі ең ірі қалалардың бірі ғана.

Бразилия

Әлем халқы бұл елді футболдағы жетістігімен таниды. Ал астанасын бір естісе есінен шығармас. Дегенмен сұрай қалсаң Сан-Паулу деп жауап беретіндер аз емес екен. Негізінен Бразилияның астанасы да ел атауы секілді Бразилиа деп аталады.

Вьетнам

Азиядағы елдердің астанасын жаттау оңай емес. Вьетнамның астанасын сұрағанда біреулер Ханой, біреулер Хошимин дейді екен. Анығында бұл елдің астанасы – Ханой, Хошимин халық көп шоғырланған ірі қаласы.

БАӘ

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасын сұрағанда да мүдіретіндер бар. Дубай әлде Абу-Даби. Екеуі де көпке танымал қалалар. Ал астанасы – Абу-Даби.

ОАР

Оңтүстік Африка Республикасының астанасы – Претория. Ал Йоханнесбург ірі қалаларының бірі. Екеуі де Гаутенг провинциясында орналасқан жақын қалалар.

Жаңа Зеландия

Бұл елдің астанасы Окленд деп ойлайтындар бар. Окленд 1841-1865 жылдары астана болған. Қазір тұрғыны көп ірі қалаларының бірі. Ресми астанасы – Веллингтон.

Н. Үсенова