Айға ұшқыңыз келсе, Маэдзаваның байқауына қатысыңыз

Жапон миллиардері ZOZOTOWN киім-кешек компаниясының негізін қалаушы Юсаку Маэдзава өзімен бірге Айды айналып ұшуға 8 адамнан тұратын топ жасақтайтынын мәлімдеді. Ұшуға байланысты барлық шығынды ол өзі өтейді.

Айға ұшатын алғашқы турист жайлы не білеміз?

Өтініштерді қабылдау 14 наурызда 23:59-да аяқталады (Нұр-Сұлтан уақытымен 20:59). Зымыранда Маэдзаваның өзін қосқанда барлығы 10-12 адам болады.

Ғарыш кемесіндегі орынға үміткерлер ғарышқа ұшудың олардың қызметіне қалай әсер ететінін, ұшудың жалпы адамзатқа қандай пайда әкелетінін және қатысушының басқа экипаж мүшелеріне пайдалы екенін түсіндіруі керек.

"Айға дейін үш күн ұшамыз, оны айналып ұшуға тағы үш күн қажет. Билеттер сатып алынды. Кеме толығымен біздің қолымызда. Бұл керемет сапар болуы керек!", - дейді Маэдзава.

Ғарышқа саяхат Маэдзаваның пікірінше, көңіл көтеру емес, керісінше арт-жоба. Бұл өнер адамдарын шабыттандырады деп отыр. Миллиардер Big Falcon зымыранында өзімен бірге ұшатын суретші, фотограф, режиссер, модельер және архитекторлар үшін сегіз орын алып қойған. 

Ғарышқа ұшуды ұйғарған миллиардер бизнесінен бас тартты

Маэдзава жерге оралған соң өнер адамдары саяхат әсерінен түрлі туынды тудыратынына сенеді. Ол саяхат үшін қанша төлегені туралы ашып айтқан жоқ. Бұдан бұрын билет құны 35 миллион доллар болатыны болжанған еді.

Юсаку Жапониядағы өнерге қамқорлық танытатын миллиардер ретінде танымал. Forbes мәліметтеріне қарағанда, Маэдзаваның жалпы байлығы 3 миллиард доллар болып, Жапониядағы бай адамдар тізімінде 18-орынды иеленген. 

Юсаку әр жылы 20 жастан 35 жасқа дейінгі талантты жастарды ынталандыру үшін 15 мың доллар бөліп отырады. Миллиардер жас суретші мен музыканттарға арнап гранттар тағайындайды. Туған жерінде мұражай ашуды да жоспарлап отыр.  

КСРО ғарышкерлері Айға неге ұшпады?

Ол 2016 жылы Жан-Мишел Баския мен Пабло Пикассо картиналарын сатып алу үшін 80 миллион долларын сарп еткен. 2017 жылы Жан-Мишел Баскияның "Атауы жоқ" картинасын 110,5 миллион долларға сатып алып, айды аспанға бір-ақ шығарды.  

Ол Илон Масктың SpaceX компаниясы тарапынан жүзеге асырылып жатқан BFR зымыранында 2023 жылы Айға саяхаттайтын алғашқы турист болады.