20 долларда афроамерикалық әйелдің суреті бейнеленеді

20 долларда афроамерикалық әйелдің суреті бейнеленеді
Фото: TASS/EPA/Erik S. Lesser

АҚШ Қаржы министрлігі ХІХ ғасырдағы афроамерикалық белсенді Гарриет Табмен бейнеленген 20 долларлық купюраны тезірек шығаруға шешім қабылдады. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки хабарлады.

Ол АҚШ банкноттары елдің тарихы мен алуан түрлілігін көрсетуі маңызды екенін айтты. Сондықтан Қаржы министрлігі жоғарыда аталған мәселе бойынша жұмысты жеделдету мүмкіндігін зерттеп жатыр.

Бастапқыда Табманның суретін 20 долларлық купюраға басу туралы шешімді АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың әкімшілігі қабылдаған. Алайда бұл шешімді жүзеге асыру президент Дональд Трамптың тұсында 2028 жылға қалдырылды. Ол қазіргі 20 долларда бейнеленген 7-ші президент Эндрю Джексонға құрметпен қарайтынын мәлімдеген болатын.

Трамп АҚШ-тың тәуелсіздік күніне орай 2020 жылы 4 шілдеде сөйлеген сөзінде ұлы американдықтардың тізімін жариялады. Бұрынғы президент осы тізімге АҚШ-тың негізін қалаушы президенттер соғыс қаһармандарын, афроамерикалықтардың құқықтары үшін күресушілерді қосқан. Трамптың тізімінде Гарриет Табмен афроамерикалық құқық қорғаушы ретінде бар болған.

Гарриет Табмен (бұрынғы аты-жөні Араминта Росс) АҚШ-тағы құлдықты жою және реформа жүргізу үшін күрескен, жүздеген афроамерикалықтарды құлдықтан босатқан. Ол туралы көптеген кітаптар жазылып, фильмдер таспаланған.

Т. Раушанұлы