Аустралия жергілікті халықтың құрметіне гимніндегі сөзді өзгертті

Аустралия билігі бағзыдан сол жерде өмір сүріп келе жатқан жергілікті халықтың құрметіне ұлттық гимніндегі бір сөзді өзгертті, деп хабарлайды ABC.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ұлттық гимндегі "Біз жаспыз, еркінбіз" деген сөздің орнына "Біз бірміз, еркінбіз" деп айтылады.

Премьер-министр Скотт Моррисонның айтуынша, бұл өзгері барлық аустралиялықтардың мүддесі үшін жасалған.

"Аустралия өте жас ұлт болғанымен, жергілікті халықтардікі сияқты біздің елдің тарихы ертеден басталады. Елдің бірлігін ұлықтау үшін ұлттық гимн осы ақиқатты айқындағанын дұрыс санаймыз. "Жаспыз" сөзін "бірміз" деп ауыстыру бізді ештеңеден айырмайды, керісінше біраз нәрсе береді", дейді премьер-министр.

"Дами бер, керім Аустралия" (Advance Australia Fair) туындысын Питер Доддс Маккормикс шығарған. Алғаш рет 1878 жылы орындалып, 1984 жылы мемлекеттің ұлттық гимні болып бекітілді.