Эвересттің биіктігі қайта өлшенді

Әлемдегі ең биік шың Джомолунгма қайта өлшенді. Непал мен Қытай ғалымдары пандемия кезінде Эверестке шығып, зерттеу жасады. 

Бүгінге дейін Эвересттің биіктігі 8848 метр деп саналып келген еді. Бұл сонау 1955 жылы жүргізілген зерттеудің нәтижесі. Бүгінге дейін Үндістан, АҚШ, Қытай және Еуропа ғалымдары шыңның биіктігін өлшеп, 8844-8850 метр аралығында екенін анықтаған. Ал Непал билігі шыңның биіктігін өлшеуге тек 2017 жылы бел буды.

2015 жылы тіркелген жер сілкінісі тау жыныстарының өзгеруіне себеп болды. Жер сілкінісінен соң Эвересттің биіктігі шөккен болуы мүмкін. Сондай-ақ, кейінгі уақытта шыңдағы мұз жылдам еріп, биіктіктің өзгеруіне себеп болуы мүмкін. 

Ғалымдар Эверест биіктігін өлшеуде дәстүрлі және заманауи технологияны қатар қолданған. 1955 жылы дәстүрлі тригонометриялық әдіспен шыңның биіктігі өлшенген. Бұл жолы зерттеушілер дәстүрлі әдіспен қатар шыңға арнайы спутниктік құрал орнатып, тек бірнеше сантиметрге қателесуі мүмкін заманауи құрылғыны қолданды.

Дәстүрлі әдіс шыңның биіктігін дәл көрсетпеуі мүмкін. Оған табиғи да, адами да фактор әсер етуі мүмкін. Ал заманауи спутниктік құрылғы тек бірнеше сантимерге қателесуі ықтимал. Дегенмен екі әдісті қатар қолдану Эвересттің тура биіктігін анықтауға көмектеседі.

Непал мен Қытай ғалымдары бірлескен топ мамыр айында шыңға шығып, оның биіктігін өлшеді. Есептеуге Күн әсері болмауы үшін ғалымдар шыңға 03:00-де шыққан. Зерттеу нәтижесі бойынша Эверест шыңының биіктігі ресми түрде 8848,86 метр деп хабарланды. Бұл бұған дейінгі көрсеткішкен 86 сантимертге жоғары. 

Непалдағы зұлмат жер сілкінісі 2015 жылдың сәуір айында болды. 8 мыңнан астам адам көз жұмып, 20 мың тұрғын түрлі жарақат алды. Көптеген ғимарат құлап, көлік жолдары мен жарық көздері істен шықты. Осы бір алапат апаттан кейін геологтар Гималай тауы бірер сантиметрге шөккені жайлы да айта бастады.