АҚШ-та тағы бір жұмбақ монолит табылды

АҚШ-та тағы бір жұмбақ монолит табылды
Фото: ria.ru

Калифорния штатындағы Атаскадеро қаласындағы Пайн тауынан тағы бір жұмбақ монолит табылды.

Биіктігі 3 метр ені 46 сантиметрлік монолит тот баспайтын болаттан жасалған. Салмағы – 90 келі. Нысан тауға қалай орнатылғаны белгісіз, бірақ жергілікті турист сейсенбіде бұл жерде монолит болмағанын хабарлаған.

Айта кетейік, осындай жұмбақ монолиттер бұған дейін 24 қарашада АҚШ-тың Юта штатындағы Ред-Рок шөлінен және 26 қарашада Румыниядан табылған еді.

Өнертанушылар  жұмбақ монолиттің суретші-мүсінші Джон МакКракеннің туындысына ұқсас екенін болжаған. Олардың айтуынша,  Нью-Мексико штатында тұрғыны, 2011 жылы қайтыс болған суретші-мүсінші Джон МакКракен осындай өнер туындыларын салған. Сондықтан аталмыш монолитті оның құрметіне шәкірттерінің  бірі тұрғызуы мүмкін.

Қазір екі елде табылып, жоғалып кеткен жұмбақ монолиттер туралы желіде пікірталас көп. Бір топ оларды бөгдепланеталықтармен байланыстырады.

Болжам айтушылардың бірі: "Монолит Стэнли Кубриктің "2001: Ғарыш Одиссеясы" фильмін еске түсіреді, бұл фильмде де бөгдепланеталықтар осыған ұқсас белгілерді пайдаланады", - дейді.

Ал, ұшқыштар оның NASA-ға тиесілі болуы мүмкін екенін айтады. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, Ютадағы металл монолит ол жерде 40-50 жылдан бері тұрған болуы мүмкін. Себебі монолит ешқашан тот баспайтын, эрозияға ұшырамайтын сапалы металдан жасалған.

Т. Раушанұлы