Эпиорнис құсы қалай жойылды немесе фольклордағы "рух" құсын білесіз бе?

Эпиорнис құсы қалай жойылды немесе фольклордағы "рух" құсын білесіз бе?
Фото: hi-news.ru

Халықаралық табиғатты қорғау одағының 2008 жылғы мәліметі бойынша кейінгі 500 жылда 844 жануар мен өсімдік жойылып кеткен. Сондай құстардың бірі – эпиорнис.

Алдағы онжылдықта жәндіктердің жартысы жоғалады. "Көбелектер, аралар мен қоңыздар ең алдымен жойылып кететін жәндіктер қатарында", - деп дабыл қағуда Сидней университеті және Қытай ауылшаруашылық академиясы зерттеушілері. Басты себеп – тіршілік ететін ортаның болмауы. "Мұның соңы түзеуге келмейтін қателіктерге себеп болуы мүмкін. Себебі олар экожүйенің негізі саналады", – дейді ғалымдар.

Ғалымдар Жер шарындағы жәндіктердің азаюына байланысты 73 зерттеу жүргізген. Нәтижесінде ғаламшарымыздағы жәндіктер жылына 2,5 пайызға қысқарып бара жатқаны анықталған. Егер осылай жалғаса берсе, тағы бір ғасырдан кейін жер бетінде мүлдем жәндік қалмайды екен.

Аңыздардағы рух құсы

Ерекше рух құсы есіңізде ме? Оның нағыз прототипі эпиорнис болған. Бұл араб аңыздарына енген үлкен құс. Оны әдетте денесінің үлкендігіне немесе пілдерді азық ететініне байланысты "Піл құсы" деп атаған. Бірақ осы күнге дейін піл құсы тек фольклорда кездесетін, жабайы табиғатта өмір сүрген алып құс деп есептелді.

Рух (араб. رخخ, ruhh) немесе піл құсы – ортағасырлық араб фольклорында аралдың көлемінен де үлкен (әдетте ақ) құс, ол ұзын тырнақтарымен  піл, мүйізтұмсық сынды ірі жануарларды оңай олжасына айналдырған. Негізгі мекені – Мадагаскар аралы.

Пілдерді қорек ететін құс туралы алғаш рет Х ғасырда  парсы жазушысы Бузург ибн Шахриар "Үнді кереметтерінде" айтқан. Ұлы саяхатшы ибн Баттута Қытайға барар жолда алып құстың теңіз бетінен қалай ұшқанын өз көзімен көргенін – бұл "рух" құсы екенін жазады. Алып құстың ең танымал сипаттамасы "Мың бір түнде" кездеседі: Синбад теңізшілерінің бесінші саяхаты кезінде рух құсы жұмыртқаларын жойған теңізшілерден кек алу үшін кемені қиратып тастайды.

Полоның айтуынша, Құбылай хан ғажайып құстың тіршілігін білу үшін Үнді мұхитының батысына өз адамдарын жіберген. Олар рух құсының қауырсынын алып келген. Қазіргі ғалымдар бұл қауырсынды Мадагаскарда молынан өсетін шарап ағашының жапырағы деп санайды.

Эпиорнис құсы

Эпиорнис бітімі кесек құс болған. Оның аңыздағы рух құсынан ерекшелігі – қанаты болмаған. Есесіне өткір тырнақтары бар ұзын мықты аяғы болған. Алып құстың бойы – 3-5 метр, салмағы – 500-700 келі. Жұмыртқасының көлемі – 32 сантиметр. Фольклортанушылар оны ХVІІ ғасырға дейін өмір сүрген деп есептейді. Бірақ бұл уәжге тіпті эпиорнис (рух) құсының болғанына көпшілік күмәнмен қарайды.

Эпиорнис құсының көру қабілеті нашар болғанымен, иіс сезу қабілеті қатты дамыған. Сондықтан негізен олжаларын түнде іздеген. Қазіргі киви құсы ДНҚ жағынан эпиорнистерге қатты ұқсайды. Тек бітімі ғана шағын: денесінің ұзындығы – 50-80 см, салмағы – 2-4 келі.

Жою операциясы

Эпиорнистер шамамен осыдан 2,5 миллион жыл бұрын Мадагаскар аралында пайда болған. Оларға қарсы тікелей қауіп болмағандықтан аралдың микроклиматына бейімделіп көбейген. Алып құстарды Африка құрлығынан қоныс аударған алғашқы адамдар шамамен б.з.б 1300 жылдай бұрын қырып-жоя бастаған.

Адамдар егістік жерлерін кеңейту үшін бүкіл аралдағы ормандарды өртеген. Соның салдарынан Мадагаскардағы 90 пайыз орман өртеніп кеткен. Салдарынан алып Эпиорнистер ғана емес су сиырлары мен лемурлар да аралдан мүлдем жойылып кеткен.

Қоныс аударушылардың жұмыртқаға деген сүйіспеншілігі бұл нәубетті тіпті тездетті. Бір эпиорнис жұмыртқасы бүкіл отбасын асырай алатын-ды. Сондықтан адамдар олардың жұмыртқасын ұрлады. Ал өздеріне тиіспеген.  Шындығында аулауға күші жетпеген. Себебі эпиорнистер  найзалармен қаруланған адамдар үшін де өте қауіпті құс болған.

Алып құстардың кейбір түрі ХVІІ ғасырға дейін өмір сүрген деген дерек бар. Бірақ от қарумен қаруланған адамдардың жаңа толқыны оларды аулаудан қорықпаған. Тіпті Жер бетінен жойып жіберген.

Т. Раушанұлы