АҚШ-тың жұмбақ аралы Гуам

АҚШ-тың жұмбақ аралы Гуам
Фото: nat-geo.ru

Гуам – Тынық мұхитының батысындағы арал. Аймақтық жағынан Азияда орналасқанымен, ол АҚШ-қа тиесілі. Бір қызығы, ол жерге жету үшін сізге виза да қажет емес. Назарыңызға аралдың тарихы, табиғаты ол жердегі қызық дәстүрлер туралы мәлімет ұсынамыз.

"Америка күні" Гуамда басталады

Гуам – Мариана аралдары архипелагының бөлігі. Арал АҚШ территориясының бөлігі саналады, бірақ Гуам Америка континентінен 11 500 шақырым қашықта жатыр. Салыстыру үшін айтар болсақ аралдан Жапонияға жету үшін 2500 шақырым жүзу керек. Гуамда жаңа күнтізбелік күн Солтүстік Америкаға қарағанда 15 сағат бұрын басталады, сондықтан "америка күні" алдымен осы аралда басталады. Қашықтыққа қарамастан, жергілікті тұрғындар (көбіне Чаморро және филиппиндіктер) Америка азаматтығына ие, ағылшын тілін жетік біледі, сауда АҚШ долларымен жүреді және Тәуелсіздік күнін 4 шілдеде атап өтеді. 2000 жылдардың басынан бастап Гуамдағы туризм белсенді дамып келеді. Арал әсіресе жапондар, корейлер және Америка континентінің тұрғындары арасында танымал.

Гуамның тарихы

Біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың ортасында Гуамды Чаморро басып алды, ал еуропалық көшпенділер XVI ғасырдың басында  Фернан Магеллан экспедициясымен келді. Келесі ғасырларда Гуам испаниялықтардың Мексика мен Филиппин арасындағы сауда жолындағы транзит пункті болды. Сонымен қатар, арал тұрғындары христиан дінін қабылдады. Чаморро халқы испан сауда орындарында қызмет еткен испандарға, мексикалықтарға, филиппиндіктерге үйленді. ХІХ ғасырдың аяғында, испан-америка соғысынан кейін Гуам АҚШ бақылауына өтті. Билеушілердің жиі ауысуы жергілікті халықтың өз тілі мен дәстүрін осы күнге дейін сақтауға кедергі болмады. Мәдениеттің алуан түрлі болуы керісінше, қалалық сәулет өнері мен жергілікті тағамдарға әсер етті.

Гуамдағы ауа температурасы +25 градустан салқын болмайды

Мамыр мен қараша айлары аралығында Гуамда жаңбыр жауады. Жиі болмаса да, тропикалық тасқындар болады. Осы маусымда да ауа-райы жылы әрі жағымды. Желтоқсаннан мамырға дейін ауа температурасы +26, +27 градус болады.

Гуам жағажайлар мен қорықтардың аралы

Гуам – салыстырмалы түрде шағын аудан. Онда ақ құмды жағажайлар, таулар, тыныш шығанақтар және кең жағалар бар. Джунгли, жартасты және сарқырамалы қорықтар арқылы саяхаттар туристер арасында ерекше танымал. Гуамда жаяу серуендеуге арналған жолдар желісі бар: жергілікті гидтер туристерді осы аймақпен таныстырады және оларға өзінің мәдени мұрасы, чаморро халқының дәстүрлі ауылдары, латте тастары және Екінші дүниежүзілік соғыс көріністері туралы айтып береді.

Гуамда Екінші дүниежүзілік соғыстың көптеген ескерткіші бар

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Гуамды жапондар басып алды, бірақ 1944 жылы бұл аралды АҚШ әскери-теңіз күштері өз бақылауына алады. Содан бері ескерткіштер, Ұлттық тарихи парк, қару-жарақ кешендері және соғыстың бізге белгісіз эпизодтары туралы "сөйлейтін" басқа да көрнекті орындар Гуамда менмұндалап тұр. Аралда Американың әскери базасы да бар.

Гуамдағы су асты таңғажайыптары

Гуамдағы су асты таңғажайыптарын сөзбен жеткізе алмайсыз. Су астынан балықтарды ғана емес суға батқан кемелерді де көруге болады. Апра портына жақын жерде 30 метр тереңде Бірінші дүниежүзілік соғыстағы неміс крейсері және Екінші дүниежүзілік соғыстағы жапон кемесі бар.

Гуам әртүрлі мәдениет аралы

Гуам астанасы Хагатнаға жақын жерде туристер чаморро халқының мәдениетімен, тағамдарымен және өмір салтымен таныса алатын дәстүрлі ауыл бар. Теңіз тағамдарын жергілікті халық аспаздарының қолынан қолжетімді бағада сатып алып, дәмін татуға болады. Гуамның орталық бөлігінде Екінші дүниежүзілік соғыстың іздері сақталған.

Гуамда джунгли, үңгірлер мен сарқырамалар бар

Ол үшін аралдың оңтүстік бөлігіне барыңыз. Мұнда сіз нағыз тропикалық джунглиді аралап, сарқырамалар мен үңгірлерді тамашалай аласыз, сондай-ақ бір кездері Магеллан экспедициясы қоныстанған Уматак ауылын аралай аласыз. Сонымен қатар, Гуамның оңтүстік бөлігінде Талофофо шығанақ жағалауы бар, оған жыл сайын жел маусымы кезінде жүздеген серфер келеді.

Гуам бажсыз сауда аймағы

Мұнда өнімдер үшін баж салығы жоқ, олардың бағасы да әлдеқайда арзан. Аралдағы сауда орталығы – Тумон қаласы: мұнда ірі сауда көшелері, сауда нүктелері мен сауда орталықтары бар. Демалыс күндері туристер Дедедо ауылына барып, жергілікті нарықты зерттейді, ал сәрсенбіде Чаморро кентінде түнгі базар бар, онда кәдесыйлар сатып алуға және жергілікті асханадан дәм татуға болады.

Т. Раушанұлы