Лондонның символына айналған қызыл телефон кабинасы туралы не білесіз?

Лондонның символына айналған қызыл телефон кабинасы туралы не білесіз?
Фото: freeimages.com

Лондонға сапар шеккен адам қаладан әйгілі қызыл телефон кабинасын көріп, оның Лондонда көп екенін байқайды. Бұл кабина туралы не білу керек? Тарихы қандай?

Ұлыбританиядағы алғашқы телефон дүңгіршектері 1921 жылы пайда болды және оларды шартты түрде K1 (Kiosk 1) деп атады. Бірақ бұл модель кейін шығарылған қызыл телефон кабиналарынан ерекшеленді. K1 бетоннан жасалды және ол өте ауыр болғандықтан кең таралмады. Қазіргі уақытта Ұлыбританиядағы K1 модельді телефон кабиналарының алтауы ғана сақталған.

Бетоннан жасалған К1 телефон дүңгіршегі ©wikipedia.org

K1 шығарылғаннан кейін үш жыл өтіп жаңа телефон киоскілерін шығару қажеттігі туды. 1924 жылы байқау жарияланып, оған үш әйгілі сәулетші – Роберт Лоример, Джон Бернетт және Гилберт Скотт өз жобаларымен қатысты. Соңында Гилберт Скоттың жобасы жеңімпаз деп жарияланып, K2 пайда болды.

Бұл суретте Лондонның символдары екі қабатты қызыл автобус Биг Бен және K2 телефон кабинасы бейнеленген ©wikipedia.org

К2 алдыңғы модельге қарағанда жақсырақ болғанымен, оның көлеміне және ауқымды өндіріс құнына байланысты ол да кең таралмады. 1927-1934 жылдар аралығында К3, К4 және К5 үлгілері ұсынылған, бірақ олардың ешқайсысы танымал болмады. 1935 жылы Король Георгий V тағына отырғанына 25 жыл толуына орай жаңа К6 моделі жасалды. Бір жылдан кейін К6 жаппай Лондон көшелеріне қойылып, танымал бола бастады. Биіктігі 2,4 метр, салмағы 762 килограмм болатын модель көп ұзамай бүкіл елге тарап, Ұлыбританияда теңдессіз "туристік брендке" айналады.

Бүкіл елге тарап, Ұлыбританияда теңдессіз "туристік брендке" айналған К6 ©wikipedia.org

1959 жылы макеті құрастырылып, 1962 жылы шығарылған K7 өзін ақтамады, сондықтан 12 данасы ғана өндірілді. 1968 жылы K8 де, K6 сияқты, айтарлықтай танымал болды. Бұл жобаның авторы – Брюс Мартин.

Кейін мобильді құрылғылар шығып, түрлі гаджеттер жаппай қолданыла бастағандықтан кабиналардың қажеті шамалы болып қалды. Бірақ әйгілі "қызыл кабиналар" туристерді тарту үшін әлі де қоғамға қызмет етеді.

Қазір қала әкімшілігі қызыл кабиналарды жаңартып жүр. Жаңа дизайн қазіргі заманға бейімделген. Бір ерекшілігі олардың түсі – қара.

Заманға сай жасалған қара телефон кабиналары ©wikipedia.org

Бұл телефон дүңгіршіктерінде қазір Wi-Fi бар. Сондай-ақ, бұл кабиналар туристерге қажет болатын қала картасы бар сенсор экранмен, қала бағыттары көрсетілген ақпаратпен жабдықталған. Қазір осындай 100-ге жуық "қара жәшік" Лондон көшелерінде менмұндалап тұр.

Т. Раушанұлы