Әлемдегі ең бай адам қоршаған ортаны қорғауға 791 миллион доллар бөлді

Әлемдегі ең бай адам қоршаған ортаны қорғауға 791 миллион доллар бөлді
Фото: forbes.ru

Кәсіпкер, әлемдегі ең бай адам саналатын Джефф Безос қоршаған ортаны қорғауға 791 миллион доллар бөлді. Бұл туралы ол Instagram-да хабарлады.

Безос бұл қаражат осы жылы құрылған "Безос жер қорынан" 16 ұйымға бөлінгенін айтты.

"Бүгін мен "Безос жер қорының" алғашқы гранттары – инновациялық және өршіл шешімдермен жұмыс істейтін 16 ұйымға бөлінгенін жариялап отырғаныма қуаныштымын", - деп жазды миллиардер.

Кәсіпкер бұл қаражатты бөлу жердің болашағын қорғайтын ғалымдарды, белсенділерді, қоғамдық ұйымдарды қаржыландырудың бастауы болғанын атап өтті.

Грант алатын ұйымдардың қатарына "Әлем ресурстары институты", "Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры" (WWF), "Климат және таза энергетика әділеттілік қоры", ClimateWorks қоры, Eden орманды қалпына келтіру қоры, "Қоршаған ортаны қорғау" қоры, "Табиғи ресурстарды қорғау кеңесі", "Рокки" институты, "Солк биологиялық зерттеулер" институты және басқа ұйымдар кіреді.

Безос 2020 жылдың ақпан айында "Безос жер қорын" құру туралы хабарландыру кезінде қорға 10 миллиард доллар бөлетінін мәлімдеген еді. Ол климаттың өзгеруі біздің планетамыз үшін ең үлкен қауіп екенін айтқан.

Тамыз айында Amazon акциялары көтерілгеннен кейін Безостың байлығы алғаш рет 200 миллиард доллардан асты. Forbes журналының мәліметі бойынша, қазір миллиардердің дәулеті 183 миллиард доллар.

Т. Раушанұлы