Тарихтағы ең ірі жер сілкіністері

Тарихтағы ең ірі жер сілкіністері
Фото: ria.ru

Түркиядағы Измирде болған жер сілкінісінің желіде тараған видеоларынан кейін табиғи апаттың "дауысы" адамзат жүрегін тағы бір дүр сілкіндірді. Тарихта Измирдегі жер сілкінісінен жүз есе ауыр табиғи апаттар болған. Назарыңызға жақын және алыс тарихтағы ең үлкен шығынға душар еткен жер сілкінісі туралы ақпарат ұсынамыз.

 Жапония, 2011 жыл

Кейінгі 30 жылдағы 4 ірі жер сілкінісі

Кейінгі  онжылдықтағы ең жойқын жер сілкінісі  – 2011 жылы Жапония жағалауында болған табиғи апат. Жағадан 72 км қашықта, 30 км тереңдегі тербеліс күші 9 балл болған. 6 минутқа созылған жер сілкінісі биіктігі 40 метрден асатын цунамиді тудырып, жергілікті жұртқа қауіп төндірді.

Тікелей зардап шеккендер саны –15 892, 6 мыңнан астам адам жарақат алды, 2 676 адам хабар-ошарсыз кетті.

Цунами Фукусима атом электр станциясында апат тудырды, бұл жалпы атом электр станцияларының тағдырына үлкен көлеңке түсірді. Болжам бойынша, апат Жапония экономикасына 185-235 миллиард доллар шығын келтірген.

♦ 2008 жылғы 12 мамырға қараған түні Қытайдағы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жер сілкінісінің магнитудасы 8 балл болды. Қаза тапқандар саны –  69195 адам. 18000-нан астам адам хабар-ошарсыз кетті, ал 5-11 млн адам баспанасыз қалды.

♦ 1995 жылы 17 қаңтарда Жапонияның Кобе қаласында 6,9 балдық жер сілкінісі болды. Салдарынан 150 000-нан астам ғимарат қирап, 6 434 адам қаза тауып, 300 000-нан астам адам үйсіз қалды. Экономикалық зиян 100 миллиард доллардан асты. Бір қызығы, якудзалар осы табиғи апаттың зардаптарын жоюға белсенді қатысты.

Гаити, 2010 жыл

♦ 2010 жылы Гаитиде болған жер сілкінісі 220 мыңнан астам адамның өмірін қиды, 300 мың адам жарақат алды және 800 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кетті. Табиғи апат салдарынан мемлекет 5,6 миллиард еуро шығынға ұшырады. Бір сағат ішінде 5 және 7 баллдық жер асты дүмпулері байқалған.

Жер сілкінісі 2010 жылы болғанына қарамастан, Гаити тұрғындары әлі де гуманитарлық көмекке мұқтаж.

Ашхабад жер сілкінісі

Кеңес Одағы тарихындағы ең жойқын жер сілкінісі ретінде тіркелген Ашхабадтағы жер сілкінісін ешкім ұмытпаған болса керек. 1948 жылы 5 және 6 қазанда болған табиғи апаттың күші 9 балл болған.

Одақтас режимнің жабық болуына байланысты құрбандар саны туралы нақты ақпарат жоқ.

Тағы Жапония

Бұл елде жер сілкінісі әдеттегі жағдайға айналғандай. Бірақ 1923 жылғы 1 қыркүйектегі табиғи апат тербеліске үйренген күншығыс елінің тұрғындарының жүрегінде өшпес із қалдырғаны анық.

8,3 балдық жер сілкінісінен 105 мың мен 142 мың арасында тұрғын қаза тапты, мыңдаған адам хабарсыз кетті, 2 миллионға жуық адам үйсіз қалды.

Калькуттадағы жер сілкінісі

Жер сілкінісінің өзі – апат, бірақ оның халық көп шоғырланған аймақта пайда болуы зақымдану масштабын бірнеше есе арттырады.

Үндістан тарихындағы ең жойқын жер сілкінісі ретінде тіркелген Калькуттадағы жер сілкінісі  салдарынан 1737 жылы 300 мың адам қаза тапты.

Қытайдағы апатта 830 мың адам қаза тапқан

1556 жылы Қытайдың  Шэньси провинциясында болған жер сілкінісінің салдары өте ауыр болған. 830 мың адамның өмірін қиған апат аймақта 20 метрден астам тереңдікте жарықтар тудырды. Эпицентрінен 500 км қашықтағы ғимараттар да зардап шекті.

Бұған 1908 жылы Мессинада (Италия, қаза тапқандар саны 120 мың адам), 1923 жылы Токиода  (қаза тапқандар саны 143 мың адам), 1976 жылы Таншанда (Қытай, қаза тапқандар саны шамамен 240 мың адам), 1999 жылы Түркияда (қаза тапқандар саны шамамен 40 мың адам), 2001 жылы Үндістанда  (қаза тапқандар саны шамамен 30 мың адам) болған ірі жер сілкіністерін қосуға болады.

Т. Раушанұлы