Азиядағы ең бай адам

Азиядағы ең бай адам
Фото: bloomberg.com

Alibaba корпорациясының негізін қалаушы Джек Ма (Ма Юнь) Азиядағы ең бай адам атанды. Bloomberg агенттігі хабарлағандай, қытайлық миллиардер үндістандық Reliance Industries холдингінің иесі Мукеш Амбаниді басып озды.

Қазіргі таңда Джек Маның байлығы 44,5 миллиард долларға жеткен. Әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 18-орынға көтерілді. Ал бірнеше тәулік ішінде 5,8 миллиард доллар шығынға батқан Мукеш Амбани бір орын төмен жылжыды. Оның қазіргі байлығы - 41,8 миллиард доллар.

Үндістандық миллиардердің шығынға батуына мұнай бағасының құлдырауы әсер еткен. Ал Джек Маның көп шығынға батпауына мобилді қосымшалар және компанияның бұлтты сақтау жүйесін қолдана отырып деректерді өңдеу қызметтеріне сұраныстың артуы сеп болған.

Alibaba корпорациясы 1999 жылы құрылған. Әлемдегі электронды сауда нарығындағы ең үлкен компаниялардың бірі.

Джек Ма 2019 жылдың 10 қыркүйегінде корпорацияның 20 жылдығы қарсаңында зейнетке шығып, өз қызметінен кетті.

Н. Үсенова