Грекияның алғашқы әйел президенті Екатерина Сакелларопулу жайлы не білеміз?

22 қаңтар күні Грекия Парламенті Екатерина Сакелларопулуды жаңа президент етіп сайлады. Оған 90% депутат дауыс берген. Осылайша Сакелларопулу Грекия тарихындағы алғашқы әйел президент атанды. 

Грекия президентінің өкілеттігі көбіне өкілдік функциялармен шектеледі, ал негізгі билік премьер-министрге тиесілі. Конституция бойынша  президентті премьер-министр немесе фракциялар ұсынады және кандидатура талқыланбайды. Оған Парламент депутаттары "қолдаймын", "қолдамаймын" деп дауыс беріп, қалыс қалуына немесе процеске мүлде қатыспауына болады. Жаңа президент 13 наурызда ант беріп, ресми түрде жаңа қызметіне кіріседі. Назарларыңызға аты тарихта қалатын бұл әйел жайлы бірнеше дерек ұсынамыз.

Әкесінің жолын қуып, сот жүйесінде мансапқа жетті

Сакелларопулу 1956 жылы Салоники қаласында дүниеге келген. Оның әкесі азаматтық және қылмыстық істер бойынша Жоғарғы сот төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген. Екатерина Афина және Париж университеттерінде конституциялық және әкімшілік құқық мамандығы бойынша білімі алған. Екатеринаның мансабы университет кезінде басталып кетті. Ол 1982 жылы Мемлекеттік кеңес сотының көмекшісі болып тағайындалса, 2018 жылы Жоғарғы әкімшілік сотының төрағасы болады.

Президент қызметіне оның кандидатурасын Грекияның премьер-министрі ұсынды

Бір апта бұрын Грекияның премьер-министрі Кириакос Мицотакис халыққа видеожолдау жасады. Сол кезде ол Екатеринаның кәсіби еңбегі жайлы айтып, оның қабілетіне жоғары баға берді. "Сакелларопулу ханым – халықаралық құқыққа машықталған керемет адвокат, Жоғарғы соттағы ең үздік төреші. Ол үкіметтің біріңғай шешімімен ұсынылды. Еліміздегі ең жоғары мемлкеттік қызметке лайықты грек әйелі отыратын уақыт келді деп санаймын", - деді ол.

Ол белсенді түрде қоғамдық, ғылыми және оқытушылық қызмет жүргізеді

Екатерина Сакелларопулу негізгі жұмысынан бөлек қоғамдық маңызды жұмыстарға аса мән береді. Ол – түрлі тақырыптағы 30 жарияланымның авторы. Бұл тақырыптар экологиядан бастап қаланы жоспарлауға дейінгі ауқымды қамтиды. Сондай-ақ ол бір кездері Халық соттары мектебінде экологиялық құқықтан сабақ берген.

Оның президент қызметіне тағайындалуын елдің көптеген саясаткерлері мен ғалымдары қолдады

Мысалы, оны Грецияның бұрынғы премьер-министрі былай деп құттықтады: "Сакелларопулу – "ерекше төреші" және адамдар құқығын қорғаушы. Екатерина жаңа міндеттерін атқара алады." Сондай-ақ Афин ұлттық университетінің профессоры Аристидес Хацис жаңа президент жайлы былай деді: "Ол керемет сот. Екатерина шешімді әділ қабылдайды. Бұл грек саясаты үшін өте маңызды. Ал ең бастысы, ол жомарт, қайырымды және алғыр тұлға".