Кеше түнде мыңдаған адамдар баспанасыздарды қолдап көшеде түнеді

Кеше түнде мыңдаған адамдар баспанасыздарды қолдап көшеде түнеді
Фото: gq-magazine.co.uk

Кеше әлем бойынша мыңдаған адамдар The World's Big Sleep Out іс-шарасы аясында түнде көшеге түнеген.

Олар осы арқылы әлемдегі баспанасыз адамдарға қоғам назарын аударып, олардың баспаналы болуы үшін қаражат жинауды мақсат тұтқан. 

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға шамамен 50 мың адам жиналуы керек болған. Ұлыбританияда, Лондонда, Эдинбургта және Кардиффте адамдар түнді далада өткізді. Мұндай іс-шараларды Нью-Йоркте (АҚШ), Брисбенде (Австралия), Дублинде (Ирландия) және басқа да қалаларда өткізу жоспарланған.

Белсенділер осылайша 38 миллион фунт-стерлинг (50 миллион доллар) қаражат жинауды көздеп отыр. 

Big Sleep Out акциясының негізін қалаушы Джош Литтлтон. Науқанның мақсаты – қаражат жинау ғана емес, сонымен бірге саяси көшбасшылардың баспанасыздық пен босқындар проблемаларына назарын аударту. 

Т. Раушанұлы