Құны 1 миллиард еуро тұратын асыл тастар ұрланды (видео)

Құны 1 миллиард еуро тұратын асыл тастар ұрланды (видео)
Фото: .bild.de

Германияның Дрезден қаласында Еуропадағы ең ірі ұрлық оқиғасы болды. Дрездендегі “Жасыл күмбез” музейінен құны 1 миллиард еуро тұратын асыл тастар ұрланған. Аталған музейде Кәрі құрлықтағы ең ірі қазына коллекциясы сақталады. 

Қылмыскерлер музейге кіру үшін жақын маңдағы көпір астындағы трансформаторды өртеп жіберген. Салдарынан қаладағы бірнеше ауданда жарық өшіп қалған. Полиция ұрылар осы әрекеті арқылы құқық қорғау органдарының назарын аударып, объектідегі дабылды өшіруге тырысқанын айтады.


Сағат бестер шамасында қылмыскерлер музейдің бірінші қабатындағы терезе торын бұзып ішке кірген. Саксон патшасының “Жасыл күмбез” қазынасынан ұрланған бұйымдардың жалпы саны жүзге жуық. Ұрылар полиция келем дегенше, музей маңына қойған жеңіл көліктеріне мініп іздерін суытқан. Тергеушілер екі қылмыскердің бақылау камерасына түсіп қалғанын айтады. 

Қазынаның жалпы құнын оның өте көне жәдігерлер болуына байланысты нақты айту қиын. Bild басылымының жазуынша, олар шамамен миллиард доллар тұрады. Қылмыскерлер құты, сурет және басқа да қымбат үлкен өнер туындыларына тиіспей, әдейі кішкентай зергерлік бұйымдарын қолды қылған. 


Ал, жалпы бұл музейде әлемнің төрт түкпірінен жиналған піл сүйектері, гауһар тастар тағы басқа да 3 мыңға жуық қымбат қазына сақталады. 

Т. Раушанұлы