1 жыл ішінде байлардың ақшасы 388 миллиард долларға азайған

1 жыл ішінде байлардың ақшасы 388 миллиард долларға азайған
Фото: ult.kz

2018 жылы әлемдегі миллиардерлердің саны 2101 немесе 2017 жылмен салыстырғанда 57-ге азайған. Олардың жалпы байлығы 8,5 триллион доллар. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 388 миллиард долларға аз.

Мұндай деректер PwC халықаралық консалтингтік фирмасы мен UBS швейцариялық банкінің сарапшыларының дәстүрлі есебінде келтірілген.

Сарапшылар теріс нәтижеге "доллардың күші мен нарықтағы құбылмалылық себеп болған" дейді. Миллиардерлердің 233-і - әйелдер, олардың саны соңғы бес жылда 46 пайызға артқан.

Азиядағы миллиардерлер саны 5 жылдық өсуден кейін алғаш рет азайды, ал АҚШ-та, керісінше көбейген. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы миллиардерлердің саны 2017 жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға төмендеді, бірақ осы аймақтағы қалталылардың жалпы саны 754. Екінші орында Солтүстік Америка мен Оңтүстік Америка 749 миллиардер (4,8% өсім). Еуропалық дәулеттілер саны 4,9 пайызға азайып, 598-ге түсіп қалған.

АҚШ-тағы миллиардерлердің саны 22-ге артты, ал олардың жалпы байлығы 14,3 миллиард долларға өсіп, 3,111 триллион долларға жетті.

Қытайда, керісінше, 2018 жылы 48 адам миллиардерлердің қатарынан кетіп, олардың жалпы байлығы 982,4 миллиард долларға түсіп қалған.

Т. Раушанұлы