Ауаның ластануы қылмыскерлер санын арттырады

Ауаның ластануы қылмыскерлер санын арттырады
Фото: russian.people.com.cn

Лас ауамен тыныстау түрлі ауруларға себеп болады. Жақында жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша лас ауа адамның бойындағы ызақорлықты көбейтіп, оларды қылмыс жасауға итермелейді. Колорадо университетінің ғалымдары  осындай шешімге келген. 

Әлемдегі ең қауіпті табиғат өзгерістерінің арасында көш бастап тұрған мәселе  – ауаның ластануы. Жыл сайын ауадағы шаң-тозаң 5,5 миллион адамның өліміне себеп болады. Одан бөлек, ауаның ластануы мен балаларда психикалық дерттердің туындауы арасында да байланыс бары анықталған. Ірі қалалардағы ауа көп мөлшерде зиянды заттардың қоспасынан тұрады: метан, озон және көмірқышқыл газы.

Ғалымдардың айтуынша, ауаның лас болуы тек өкпенің эмфиземасын ғана қоздырмай, адамды ызақор етеді. Нәтижелер Федералды тергеу бюросының (ФБР) қылмыстарды зерттеу бойынша күнделікті статистикасын сараптау негізінде алынған. Зерттеушілер қылмыстың тек физикалық формасын ғана негізге алып отырған жоқ, олар лас ауа адамдарды озбыр ете түсетіндіктен, ұрыс-керіс, жанжал көп болатынын айтты.

Зерттеу жүргізу үшін үш түрлі сала бойынша ақпарат жиналған: күнделікті қылмыс туралы дерек, 2006-2013 жылдар аралығындағы ауаның көрсеткіші, күнделікті жер серігі арқылы байқалатын өрт түтінінің жиналуы аймағы. Зерттеу нәтижесі бойынша зорлық-зомбылық санатына жататын қылмыстың 56%-ы, шабуыл жасаудың 60%-ы ғимараттың ішінде өткен. Ауадағы зиянды заттардың артуымен қатар, зорлық-зомбылық 1,4%-а артқан. Барлық қылмыс шабуыл жасау ретінде тіркелген. Ауадағы озонның артуы зорлықтың 0,97%-ға, шабуылдың 1,15%-ға өсуіне себеп болған. Дегенмен, мамандар ауаның ластануы қылмыстың басқа түрлеріне айтарлықтай әсер етпегенін айтты.

Т. Есқали