Бейтаныс адамдар науқасты суицидтен құтқарды

Бейтаныс адамдар науқасты суицидтен құтқарды
Фото: tbn-tv.com

Англияның Болтон қаласында ауыр науқастан зардап шегетін балаға бейтаныс адамдардан 3 мыңнан аса хат келген. 

Хат алған баланың есімі – Рис Уильямс (Rhys Williams). Жасы он үште. Дәрігерлер оған буллезды эпидермолиз диагнозын қойған. Буллезды эпидермолиз – сирек кездесетін генетикалық тері ауруы. Аты жаман дертті халық арасында “Көбелек ауруы” деп атайды. Ауру атына сәйкес, науқастың терісі көбелек қанаты іспетті үлбіреп әрі күлдіреп тұрады. Аталған ауру жұқпайды, тұқым қуалайды.

Сондықтан Рис тез жарақат алмауы үшін денесін үнемі бинтпен мұқият орап жүреді. Оның терісіне түскен кез келген жарақат жазылмас жараға айналуы мүмкін. 

Жасөспірім үнемі “оранып” жүруден шаршап, өзіне қол салуды ойлай бастаған. Анасына бәрінен “тойып” кеткенін айтқан. Ұлының бұл сөздерінен үрейленген анасы оны құтқарудың жолдарын қарастыра бастаған. Ол Facebook әлеуметтік желісіндегі адамдарға мән-жайды баяндап, жақында ұлы 14 жасқа келетінін және оны құттықтап поштамен хат жолдауларын өтінген. 

Ананың бұл тілегі лезде әлеуметтік желі қолданушылар арасында таралып, Риске дүниенің төрт түкпірінен, әсіресе Катар, АҚШ және Чилиден 3 мыңнан аса хат пен сыйлықтар келген. Хаттардың көптігі соншалықты Уильямстер үйіне хаттар мен сыйлыққа лық толы үлкен пошталық жүк көлігі келген. 

 Ристің анасы Таня ұлының өте қуанышты екенін, досы екеуі әрбір хатты ашып, мұқият оқып жатқанын айтқан. 

“Бұл ғажайып. Маған Facebook-тен мыңдаған адамдар жазды. Рис үшін есігіміздің алдына адамдар хаттар тастап кетіп жатыр. Ұлым үшін хаттар толы пошта жүк көлігі келді” деп жазған ол әлеуметтік парақшасына. Ана ұлын қолдаған барлық адамдарға алғысын білдірген.

Сондай-ақ, ананың постына жергілікті футбол командасы “Болтон Уондерерс-те” жауап жазған. Клуб балаға олардың символы болуға ұсыныс білдірген. Рис бұл ұсынысты қуана қабылдаған.

Т. Раушанұлы