Президент сайлауында ұтылған кандидаттар қарсыластарын қалай құттықтады?

Президент сайлауында ұтылған кандидаттар қарсыластарын қалай құттықтады?
Фото: massaget.kz

9 маусым күні кезектен тыс президент сайлауы өтіп, нәтижесінде 70,96 пайыз көрсеткішпен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. 1,5 миллионға жуық дауыс жинап, екінші орынға жайғасқан кандидат Әміржан Қосанов Тоқаевты сайлаудың алғашқы нәтижесі шыққан мезгілде құттықтады. Ал өзге елдерде сайлауда жеңіске жете алмаған үміткерлер жаңа президентті қалай құттықтады?

2019 жылы Қазақстандағы президент сайлауы. Әміржан Қосановтың Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтауы

– Сайлау нәтижесінде жеңіске жеткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтаймын. Оның сайлау науқанында айтқан электоралды процеске қатысты, оның ішінде билік пен қоғам арасындағы диалогты қалыптастыру, сыни пікірге төзімді болу туралы ойларын қолдаймын.

2016 жылғы АҚШ президент сайлауы. Хиллaри Клинтонның Дональд Трампты құттықтауы

– Осы сайлауда жеңіске жете алмағынымыз үшін кешірім сұраймын. Сайлау қарсаңында маған қолдау білдірген жандарға алғысым шексіз. Осындай жан-жақты, креативті, алапат командамның барымен мақтанамын. Сіздердің кандидаттарыңыз болу – мен үшін үлкен абырой.

Сіздердің қандай әсерде болғандарыңызды жақсы білемін. Себебі, мен де  дәл сіздердей күй кештім. Алайда, еске сала кетейін, біздің команда тек бір адам үшін немесе бір ғана сайлау үшін емес, біздің сүйікті мемлекетіміз үшін жұмыс істеу керек.

Дональд Трамп президент болады және біз оның елді басқаруына мүмкіндік беруіміз керек.

2017 жылғы Қырғызстандағы президент сайлауы. Омурбек Бабановтың Сооранбай Жээнбековты құттықтауы

– Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін уақыт көрсетеді. Біз қырғызстандықтарға заңды жолмен өз ұсыныстарымызды, бағдарламамызды ұсынуға болатынын көрсеттік. Мен өз командамды елде бүлік шығарудан бас тартуға шақырамын. Мен билікті тартып алуды көздеген емеспін, олай істемеймін де. Біз жақтастарымызды тек заңды жолмен қорғаймыз. Біздің жеңісіміз алда. Сәтсіздіктер бізді тек шыңдай түседі.

2018 жылғы Ресейдегі президент сайлауы. Павел Грудининнің Владимир Путинді құттықтауы

– 2 айдан астам уақыт бойы қолдау білдірген адамдарға үлкен алғыс білдіргім келеді. Түрлі қауіп-қатерге барған жандар аз болған жоқ. Өкінішке орай, қазіргі президентіміз жеңіске жетті. Жеңістің болғанын мойындаймын, бірақ бұл сайлау сондай лас өтті және халықаралық стандарттар сақталмады.

2019 жылғы Украинадағы президент сайлауы. Петр Порошенконың Владимир Зеленскийді құттықтауы

– Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлау қорытындысынан кейін, мен осы уақытқа дейін елді басқарған президент ретінде сайлауда жеңіске жеткен Владимир Зеленскийге қоңырау шалып құттықтадым. Барлық халықаралық бақылаушылар сайлауды әділ және демократия көрініс берді деп бағалады. Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесу кезінде жақын уақытта кездесеміз деп келістік.

А. Қажиев