Жапондар ақшаларының дизайнын өзгертеді

Жапондар ақшаларының дизайнын өзгертеді
Фото: CriptoMonedaseICOs

Жапония елінің басшылығы банкноттарының дизайнын өзгерту жайында шешім қабылдады. Өзгеріс 2024 жылға жоспарланған.

Күншығыс елінде 10 000, 5000 және 1000 иен банкноттарының дизайны өзгереді. Банкноттарда елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың суреттері бейнеленетін болады. Жапондар ақшаларының дизайнын 20 жылдан кейін өзгертпек. 

10 000 иенге Эйити Сибусаваның суреті қойылады. Ол жапон елінде капитализмнің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. 5000 иен банкнотқа АҚШ-қа алғаш оқуға барған әйел Умэко Цуданың портреті бейнеленеді. Кейіннен ол өз университетінің негізін қалаған.

Жапон дәрігері, сіреспе мен дифтерияға қарсы әдісті ойлап тапқан Сибасабуро Китасатоның суреті 1000 иен банкнотқа салынады. Ал 2000 иен банкноттың дизайны өзгеріссіз қалады. Себебі бұл бағалы қағаз қолданыста аса көп кездеспейді.  

Н. Үсенова