Гитлер қазынасының картасы табылды

Гитлер қазынасының картасы табылды
Фото: wearemoviegeeks.com

Германияда Үшінші Рейхтің "СС" офицері болған Эгон Олленхауэрдің жеке күнделігі жарияланды. "Күнделікте Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде жасырылған қазыналардың мекен-жайы бар"- деп хабарлайды Daily Mail порталы.

Гитлердің қашан қайтыс болғаны анықталды

Күнделіктегі мәліметке қарағанда, Адольф Гитлер Польшадан шегіну кезінде алтын, көркем туындылар мен басқа да бағалы заттарды жасыруды бұйырған. Бұл қазыналар 260 жүк көлігіне тиеліп, Кеңес әскері таба алмауы үшін ел аумағындағы 11 құпия орынға жасырылған.

©dailymail.co.uk

Эгон Олленхауэрдің жазуынша, құпия орындарда 28 тонна алтын, зергерлік бұйымдар, медальдар, діни заттар, сонымен бірге, Франциядан ұрланған Боттичелли, Рубенс, Караваджо, Моне, Рафаэль мен Рембрандт сынды суретшілердің 47 картинасы бар.

Осы уақытқа дейін, Олленхауэр күнделігі Германияның Кведлинбург қаласындағы масондар ложасында сақталып келген. Кейін қолжазба Schlesische Brücke қорына өткен. Қолжазба масондар ложасы қойған талаптарға сәйкес бұрын еш жерде жарияланбаған. Олар осы оқиғаның бел ортасында болған адамдар мен соғысқа қатысқандар және "Ваффен СС" мүшелерінің көзі тірісінде күнделікті жариялаудан бас тартқан.

©dailymail.co.uk

Schlesische Brücke қорының өкілі Роман Фурманьяктың айтуынша, германиялық 5 білім ордасы күнделіктің шынайы екенін растаған. Қазір Үшінші Рейх қазыналары болуы мүмкін нысандар зерттеліп жатыр. Негізінен, қымбат бұйымдар Польшадағы көл түбіндегі сарайлардың бірінде құпия бөлмеде және бақтағы құдық ішіне жасырылған болуы мүмкін деген жорамалдар бар.

Т. Раушанұлы