Әлемнің 1 пайызын құрайтын байлардың қалтасының қалыңдығы қанша?

Әлемнің 1 пайызын құрайтын байлардың қалтасының қалыңдығы қанша?
Фото: bhi.org.il

Теңдік, ізгілік сынды қасиеттер туралы қаншалықты дәріптеліп айтылмасын бәрібір қаржылық теңсіздік, бай мен кедей арасындағы айырмашылық жылдан жылға артып жатыр. 2016 жылы әлемдегі барлық байлықтың 99 пайызы Жер шарындағы 1 пайыз ауқаттылардың қолында екені анықталған еді.

Ұлыбританияның Oxfam қайырымдылық ұйымының Давостағы Халықаралық экономика форумында баяндаған мәліметтеріне көз жүгіртсек, 2016 жылы әлемдегі белгілі 62 адамның қалтасындағы қаржыға дүние жүзі адамдарының жартысының қолындағы байлық жетпейтіндігі айтылған. 

Credit Suisse мәліметінше, Жер шары халқының 1 пайызын құрайтын 72 миллион миллионер мен миллардерлер қолында 125 триллион қаржы бар. Ал, қалған 99 пайыз адамның жалпы ақшасы бұл суммаға жетпейді. 

2015 жылдан 2016 жылға дейін 62 адам өз байлығын 44 пайызға арттырған, яғни 1,76 триллион долларға ақшасын көбейте алған болса, 3,6 миллиард азаматтың жалпы қаржысы 41 пайызға азайған, яғни 1 триллионға жуық ақшасын жоғалтқан. 

"Экономиканы ғаламшарымыздың және адамдардың мүдделерін көздеп дамытамыз деп ойлағанымызбен, біз тек әлемдегі 1 пайыз адамдардың экономикасын күшейтіп жатырмыз",-делінген Oxfam ұйымының "Бір пайызға бағытталған экономика" мақаласында. 

Сонымен бірге, мақалада дүние жүзіндегі 10 пайыз халықтың күндік табысы 25 жылдық талпыныстан соң да 3 долларға жетпегендігі, әлемдегі миллиардерлер жасырған ақшалардың 7,6 триллионға артқандығы айтылған. 

Бұл екі жыл бұрынғы жағдай еді. Соңғы жылдары қандай өзгерістер болды? 

Соңғы екі жылда байлар байыды, кедейлер кедейлене түсті. Мысалы, 2016 жылы Билл Гейтс байлар арасында 75 миллиард доллармен көш бастап тұрған болса, 2017 жылы байлығын 86 миллиард долларға жеткізді. Бұл уақыт аралығында 2-орындағы Уоррен Баффет байлығын 15 миллиард долларға арттырып, ақшасын 75,6 миллиард долларға жеткізді. Осы жылы үштікке бір жылда байлығын 27,6 миллиард долларға арттырып, жалпы ақшасын 72,8 миллиардқа жеткізген Джефф Безос енді. Жалпы алғанда 2016-17 жылдар аралығында байлығы 1 миллиард доллардан асқан адам саны 13 пайызға артқан. 

2018 жылы болса 20 дәулетті адам 1,2 триллион долларға қалтасын қалыңдатты. Егер бұл 20 адамның жанынан табылғыңыз келсе сізде кем дегенде 39 миллиард доллар болу керек. Рейтинг те өзгерді, біріншілікке бастапқыда 112 миллиард, сосын 130 миллиард доллар жинаған Джефф Безос шықты. Бұл уақыт аралығында көш бастап тұрған Билл Гейтс бар-жоғы 4 миллиард қана пайда таба алған.

Т. Раушанұлы