Қытай экономикасының сыры неде?

Қытай экономикасының сыры неде?
2000 жыл. Жаңа ғасырға алғашқы қадам басып жатқан уақыт. Әлемдегі экономикасы ең құдіретті елдердің ондығына тағы бір мемлекет – Қытай Халық Республикасы келіп қосылды. Тіпті осы кезде де бақуатты мемлекеттер Цин жұртына менсінбей қарады. Кейінгі 10-15 жылда бәрі өзгеріп кетті. ҚХР ондықтағы мемлекеттерді біртіндеп артта қалдырып, екінші орынға мығым орналасып алды. Енді алда тек АҚШ қалды. Мамандардың айтуынша, Қытайға біріншілік те көп күттірмейді.
 
Қытай ежелден ұлы тарихқа ие мемлекет. Пирамидаларымен танымал Мысырдың гүлдеген кезінде де, Рим империясы, Түркі қағанаты, Алтын Орда кезінде де Қытай болған. Бірақ бай тарихпен миллиардтан артық азаматы бар аш елді тойдыра алмайсың. Өткен ғасырдағы II Дүниежүзілік соғыс салдарынан қытайлар жапондардың езгісін бір адамдай көрді. Содан соң өзіне дос санаған КСРО-мен жағаласты. Коммунизмнің құлашын кеңге жаюы, саясаттағы өзгерістер халықтың әл-ауқатын көтере алмады. Аспандағы жұлдыздарды көздеп саясаттағы "үлкен секіруді" жүзеге асырған 1959-61 жылдары өнім алу, керісінше,30 пайызға төмендеді. Аштықтан 25-30 миллион адам қайтыс болды. Соған қарамай мемлекетті басқарып отырған Мао Цзедун үкіметі құламады. Кейін қытайлар оны ақтап алуға тырысты. Бүгінде оның саясаты 70 пайыз дұрыс болған, 30 пайызы сол дәуірдегі оқиғаларға байланысты жіберілген қателіктер деп, Маоны "гений", қазіргі Қытай Республикасының негізін қалаушы ретінде жер-көкке сиғызбай мақтайды. Жалпы алғанда, қытайлар көп жылдарын аштықты жеңуге сарп етті. Халқы кедей бұл мемлекетті экономика нарығында ешкім үлкен қарсылас деп есептемеді. 
 

Бірақ соңғы 40 жылда бәрі өзгеріп кетті. Экономикалық көрсеткіштер бойынша ҚХР Ұлыбритания, Франция, Германия, тіпті, екінші орыннан ешқашан мызғымаған Жапонияны да артта қалдырды. Мемлекет байып қана қоймай, 700 миллион адам аштықтан құтылды. 1990 жылдардағы Азиядағы дағдарыс, 2007 жылдағы әлем экономикасындағы дағдарыс Қытайға онша әсер еткен жоқ. Олар жыл сайын 7-12 пайыз экономикалық өсуді 20 жылдан бері сақтап келеді. Ешқандай мемлекет өте қысқа уақытта осындай жетістіктерге жете алмаған.
 
 
1. Қытайлар
Қытайлар ұзақ жылдар бойы арзан қол күші қызметін атқарып келді. Әлемде әлі де қытайларды азғантай ғана ақшаға қанағат етіп, бастығы бұйырған істі тап-тұйнақтай етіп орындап қоятын жұмысшы деп біледі. Бұрын солай болды. Қазір емес. Қазір қытай жұмысшысының бағасы көптеген мемлекеттегі жұмысшылардың бағасынан жоғары. Олар заманауи техника тілін тез табады, кез келген істі тез үйренеді, ынжық емес және бастысы өте еңбекқор. Қытайлар үшін таңғы 5:00-де тұрып, "түннің біруағына" дейін жұмыс істеу әдеттегі жайт болып есептеледі.
 
 
2. Партия мен халық 
Қытайда коммунистік партия әмірін жүргізіп тұр. Әлем коммунизм идеясы қазіргі заманғы әлемде өмір сүре алмайды, бұл нарықтық экономика принциптеріне қайшы келетін идеология деп есептеді. КСРО шаңырағының бір сәтте ортаға түсіп, күйреуі коммунизм идеясынан болды деп ойлады. Бірақ қытайлар мұны да теріске шығарып, коммунизм идеясының қаншалықты бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

Компартия барлық салаларды бақылауда ұстағанымен, сауда нарығына жол ашып берген. Бұл жайт "Қытайдың өзіне тән социализмі" деп аталады. Және бұл ешқандай социалистік республикада жоқ саясат. 
 

3. Жемқорлыққа қарсы күрес 
Дамыған сайын ҚХР қиын кедергілерге де тап бола бастады. Соның бірі – жемқорлық. Әлбетте, жемқорлық тек Қытайда ғана емес, басқа мемлекеттерде де бар. Бұдан кейін де бола береді. Бірақ, Қытай елі дамып, халықтың жағдайы жақсарған сайын оның да көлемі күрт ұлғайды. Кешегі халықтың қызметіне бас иген үлкенді-кішілі шенеуніктер қып-қызыл парақорға айналды. Қытай мемлекеті бұған қарсы қарапайым бірақ өте қатаң жазаны – ату жазасын қолданды. 10 мыңдаған адамның миына "қорғасын құйып", 100 мыңдаған адамды абақтыға жапса да, бұл тәсілден бас тартпады. Қазір де ҚХР жыл сайын ең көп өлім жазасын қолданатын мемлекет болып есептеледі.
 

4. Базар. Төлемақысына технология алу
Кез келген өндіруші компания Қытайдың 1,5 миллиард халқын жұмыс күші ретінде пайдалануды қалайды. ҚХР бұған қарсы емес. Бірақ өзінің заңдары мен талаптарына көнсең ғана өніміңді Қытай еліне кіргізе аласың. Кез келген ірі корпорациялар өндірістің бір бөлігін осы елге көшіруі және Қытай нарығына шығу үшін өзінің технологиялық құпияларымен бөлісуі шарт. Болмаса есік тарс жабылады. Басында мәжбүрліктен осы заңға көнгендер енді өз ықтиярларымен өндірісті жаппай көшіріп жатыр.
 
Мысалы, Apple компаниясы өндірісті толық Қытайға көшірген. Негізгі бөлшектер осы елде жасап шығарылады. Қазіргі уақытта Қытайда 70-тен астам ірі экономикалық және технологиялық аймақтар бар. 
 

Apple компаниясымен танысқан АҚШ президенті Барак Обама мен Стив Джобстың арасында мынадай диалог болған:

Барак Обама: "Неге өндірісті АҚШ-қа көшірмейсің? Біз де Қытай үкіметі бере алған мүмкіндіктерді беріп отырмыз". 

Стив Джобс: "Президент мырза, әңгіме тек арзан жұмыс күшінде емес. Өндіріс бөлшектерінің көбі Қытайда жасалады. Оны АҚШ-қа тасу өте қымбатқа түседі. Қытайда бүкіл бір қала техникаларды өндіруге бейімделген. Мысалы, Шэньчжэнь қаласындағы Foxconn зауытында миллионнан астам қытайлықтар жұмыс істейді. Олардың жартысына жуығы iPhone құрастырады. Қытайлық жұмысшылар күніне 12-14 сағат жұмыс істей береді. Өндіріс көлемі күрт артқанда, біз 2-3 аптада 2-3 мың инженер, 10-15 мың қызметкер алуымыз керек болады. Әйтпесе тапсырысқа үлгере алмаймыз. Қытайда бұл мәселе тудырмайды. Ал АҚШ-тың ешқандай қаласы мұндай мүмкіндіктерге ие емес", – деген екен.
 

5. Made in China 
Қазір Қытайда өндірілмейтін зат жоқ. Олар өздері жасап шығарған зымыранды ғарышқа ұшырып, өздері жасаған әскери кемені іске қосып үлгерді. Шетелдер де (соның ішінде Қазақстанда да) ҚХР-да жасалған затты сапасыз деп есептейді. Бірақ бұл қате түсінік. Тек саудагерлер Қытайдағы ең арзан өнімдерді экспорттап сатады. Қытайда сапалы заттар өте көп және қымбат тұрады.

Кеше ғана қол еңбегімен аштықтан құтылып, өзге елдердің технологиясы көмегімен дамыған қытайлықтар енді өз технологияларын шетелдерге сатып жатыр. 

2017 жылдың қорытындысы бойынша, Қытайда байлығы 1,5 миллион доллардан асатын 1,5 миллион миллионер, мыңға жуық миллиардер бар екен. Олардың жалпы байлығы 25 триллионнан асады.
Т. Раушанұлы