Ауаның ластануынан жыл сайын 600 мың сәби қайтыс болады

Ауаның ластануынан жыл сайын 600 мың сәби қайтыс болады
Фото: unicef.or.jp

Жер шарындағы ауаның ластануынан жыл сайын 7 миллион адам, соның ішінде 600 мың сәби қайтыс болады. Бұл мәлімет дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының “Prescribing clean air” деп аталатын жаңа баяндамасында айтылған.

Есепте улы газдардың халықаралық стандарттардан 6 есе жоғары болған жерлерде 300 миллион адам өмір сүретіні айтылған. Азия және Африка ең көп адам өлімін құрайтын құрлықтар.  ДДСҰ айтуынша, лас ауа темекіге қарағанда адам өліміне көбірек себепші болады. Ауаның ластануы құлақ инфекциясы, семіздік ауруы, көздің көру қабілетінің төмендеуі сынды ауруларды тудырады.

Баяндама авторларының айтуынша, ғаламшарымыздағы лас ауадан 93 пайыз сәби зардап шегуде. Азия, Африка және Латын Америкадағы ауа өте лас болып, осы құрлықтардың балаларына қауіп төнеді екен. 

"Лас ауа миллиондаған бөбектерді улап, олардың өміріне балта шабуда. Мұны кешіруге болмайды. Әрбір бала дені сау болып өсіп, өмірден өз орнын табуы үшін таза ауамен тыныстауы керек", – дейді ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус. 

Мәліметтерге қарағанда, лас ауа аналардың мерзімінен бұрын босануының да бір себебі. Зерттеушілердің пікірінше, бұл жағдай бүкіл әлемде табиғатқа қатысты саясатты өзгерту мақсатында бар амалды жасау қажеттілігін туындатып отыр. 

ДДСҰ сарапшылары ата-аналарға үйде тағам дайындау үшін экологиялық таза отын пайдалануы және айналаның ластанбауы үшін тазалық қағидаларын сақтауы керек екенін ескертеді. 

Т. Раушанұлы