"Кобальт балалары"

"Кобальт балалары"
Фото: actual.today

Осы жылдың басында әлем нарығында кобальттың бағасы күрт өсіп кетті – бұрын тоннасы 33,2 мың доллар болса, енді 75 мың доллар. Бұл металл электрон және мобильдік құрылғылар, «Тesla» сияқты электромобильдердің аккумуляторын жасауға өте қажет.

Екі есе қымбаттау ірі компанияларды алаңдатып қойды. Себебі «Apple», «Samsung», «Sony» сынды компаниялар ісінің жүруі осы металлдың өз уақытында жеткізіп беруіне байланысты.  Ең қызығы, осындай бай компанияларды кобальтпен қамтамасыз ететін мемлекет – әлемдегі ең кедей елдердің бірі Конго Демократиялық Республикасы. КДР кобальт кендерінде негізінен балалар жұмыс істейді. Әлем базарларына жеткізіліп беретін кобальттың 50 пайызын осы балалар қазып жатыр.

«Amnesty International» адам құқығын қорғайтын ұйымның 2018 жылы 19 қаңтарындағы жариялаған статистикасында кобальт кендеріне балалар 7 жастан бастап жұмыс істей бастайды екен. Өмір мен денсаулыққа қауіпті жағдайда балалар еңбегі арқылы қазып алынған кобальт қытайдың «Zhejiang Huayou Cobalt Ltd» корпорациясына қарасты «Congo Dongfang Mining» компаниясына сатылады. Бұл жерде өңделген металл Қытай мен Оңтүстік Кореяның батарея жасайтын компанияларына жеткізіледі. Дайын болған өнімдерді ақпараттық технология («Apple», «Microsoft») және автокөлік («Volkswagen», «BMW», «Daimler») саласындағы компаниялар сатып алады.

«Amnesty International» сатып алушыларды өздері қолданып жатқан металлдың қай жақтан, қандай жолмен келіп жатқанына қызығушылық білдірмейтіндігін айтып сынға алды. Ең үлкен қарсылық «Renault», «Microsoft» және «Lenovo» компанияларына білдірілді.

«Amnesty International» мамандары заңсыз кобальт кендерінде жұмыс істейтін 87 адамдармен сөйлесіп көрген. Әдетте, заңсыз кендер ресми түрде жабылып кеткен кендер орнында ашылады. Сұрауға алынғандардың 17-сі 9-17 жас аралығындағы балалар. Заңсыз кендерде жұмыс істейтіндер шаңнан қорғайтын бетперде тақпайды, кобальт шаңы өкпеге өте зиян болып салдары өлімге алып келеді екен.

Күніне 12 сағат еңбек ететін балаларға бар-жоғы 1-2 доллар көлемінде ақша төленеді.

Кобальттың нарқы бірінші рет көтеріліп жатқан жоқ. Күміс түсті металл бағасы 2016 жылдан бері үш есе қымбаттады.

Статистиктер бұл металлдың тапшылығы мобильдік құрылғылар мен электромобиль үшін аккумулятор жасап шығару саласына аса ауыр соққы болатынын айтып келеді. Тағы қымбаттап кетуден қорыққан кейбір инвесторлар тонналап кобальт сатып алып жатыр.

Электр қозғалқышты көліктер шығарыла бастағаннан кейін кобальтқа деген қажеттілік күрт өсіп кетті. Себебі, Илон Масктың «Тesla» сынды көлігінде қолданылатын аккумулятор смартфон немесе планшет батареясы емес.

Электромобильдің бір аккумуляторын жасауға 20 келі таза кобальт керек. Статистикаға қарағанда 2021 жылы 4,5 миллион дана электрокөлік шығарылады. Әлемдегі кобальт қоры болса 2016 жылда 6 миллион тонна деп есептелген. Соның 3,4 миллион тоннасы КДР-де, миллион тоннасы Австралияда, шамамен 500 мың тоннасы Кубада орналасқан. 

Т. Раушанұлы